Әлия Юсупова көркем гимнастикадан Қазақстан ұлттық құрамасы бас бапкерлік қызметінен кетті
Белгілі спортшы Әлия Юсупова көркем гимнастикадан ұлттық құрама бас бапкері қызметінен босатылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: olympic.kz
Бұл жаңалықты ол Instagram әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасында жариялады. Өз кезегінде қазақстандық спортшы бас бапкерлік қызметін сеніп тапсырғаны үшін Қазақ еліне және басшылыққа өз алғысын білдірді.
"Мен өзім дайындаған спортшыны Олимпиадаға шығарып, сол ойындарға бапкер ретінде қатысуды мақсат еттім. 2012 жылы маған осындай мүмкіндік беріліп, Қазақстан құрамасының бас бапкері қызметіне кірістім. Үш Олимпиадада біз жақсы нәтижелер көрсете алдық. Үш рет гимнасттарды төртжылдықтың басты додасына дайындағаныма өте қуаныштымын", – дейді Юсупова.
Әлия алдағы уақытта федерациядағы жұмысына көп уақыт арнағысы келетінін айтты. Спортшы 2021 жылдан бері Қазақстан гимнастика федерациясының президенті қызметін атқарады.
"2025 жылдың қаңтарынан бастап мен бас бапкер қызметінен кетемін. Өйткені өзімді толықтай федерациядағы жұмысқа арнағым келеді. Мұнда мен 2021 жылдан бері президентпін. Сондықтан мен осы шешімді қабылдадым. Осылайша басқа бапкерлерге өздерін көрсетуге мүмкіндік беріп отырмын. Баршаңызға сәттілік тілеймін", – деді Әлия Юсупова.
Әлия Мақсұтқызы – көркем гимнастикадан ҚР 10 дүркін чемпионы. Әлем кубогінің, Азия ойындарының күміс жүлдегері. Азия чемпионатының абсолютті жеңімпазы. Сиднейдегі (2000), Афиныдағы (2004), Бейжіңдегі (2008) Олимпиада ойындарының қатысушысы. ҚР еңбек сіңірген спорт шебері. Сондай-ақ "Құрмет" орденімен және "Ерен еңбегі үшін" медалімен марапатталған.