Әлия Молдағұлова: өмірі және майдандағы ерлігі
Әлия Молдағұлова кеңес мергені, ефрейтор, Кеңес Одағының батыры. Ол Ұлы Отан соғысы жылдарында 2-ші Балтықжағалауы фронтында, 22-ші әскердің 54-ші арнайы атқыштар бригадасында қызмет еткен. Бүгінде Stan.kz интернет-порталы даңқты батыр қыздың өмірі мен майдандағы өшпес ерлігі туралы сыр шертпек.
Әлия Молдағұлова 1925 жылы 25 қазанда Ақтөбе облысының Қобды ауданына қарайтын Бұлақ ауылында дүниеге келген. Азан шақырып қойған есімі Ілия. Әкесінің есімі Нұрмұхаммед Сарқұлов, анасы Маржан Молдағұлова. Әлияның Бағдат есімді артынан ерген інісі болды. Бірақ, Әлия 8 жасқа келгенде анасы қайтыс болып, әкесі екі баламен жазғыз қалады. Бұл кезең өте қиын болатын және әйелінен айырылған Нұрмұхаммед қызын әжесінің тәрбиесіне беруге мәжбүр болады. Осылайша, Әлия нағашы ағасы Әбібәкір Молдағұловтың отбасында өмір сүріп, балалық шағы өзімен қатарлас туысы Сапурамен бірге өтеді.
1935 жылы Молдағұловтар отбасы Мәскеуге, ал кейінірек соғыс алдында Санкт-Петербургке көшеді. Отбасылық жағдайға байланысты ағайы Әлияны №46 қалалық балалар үйіне береді. Осылайша, күздің сұрлы бір күнінде Ленинградтағы балалар үйіне көзі сәл қысыңқы 12 жасар қазақтың қараторы қызы түседі. Балалар үйіндегі орыс достары оны Лия деп атай бастады. Оларға Ілия дегеннен осылай атаған ыңғайлы болды. Ол балалар қатарына бірден қосыла алмады. Бала Әлия жолдастарына мұқият қарап, бірте-бірте олардың көңілін баурай бастады. Әлияның сабақ үлгерімі жақсы болды және ол пионерлер құрамында да белсенді жұмыс істеді. Сол еңбекқорлығының арқасында Артекке жолдама алды.
1941 жылдың жазғы күндерінде балалар үйінің пионерлері үлкен сапарға дайындалып жатты. Соңғы дайындық бітіп, қапшықтарға дейін салынып қойған еді. Бірақ, бұл демалыс болмады. Себебі, сол күні радиодан фашистік Германияның Совет Одағына шабуыл жасағаны туралы хабарланды. Сонда Әлия бірінші болып жұмысқа баруға өтініш білдіреді, бірақ оны балалар үйінен жібермеді.
Соғыс туралы хабар тарағанда ересек топтағы балалар Ленинград айналасындағы бекініс құрылысына көмектесті. Олардың арасында жанын салып жұмыс істеп жүрген Әлия да бар еді. Қара жұмыстан қолы жарылып, қатайса да, Әлия күрегін тастамады. Керісінше, табандылығымен жігіттерді жігерлендіріп отырды.
1941 жылдың қараша айында Әлия Молдағұлова комсомолға жіберілді. Комсомол билетін алғаннан кейін, ол өзін жауынгер қатарында жүргендей сезінді.
Жау қолы қаланы бомбалауын тоқтатпады. Өзгелермен бірге Лия да үйдің төбесінде кезекшілік етіп, жарылғыш заттарды сөндіруге ат салысып, жараланғандарға көметкесті. Сонда алғаш рет қан көрген Әлия «Жаудың жүрегіне оқты өзім атқым келеді!» деп, соғысқа аттануға ниет етеді.
1942 жылдың наурызында балалар үйімен бірге Әлия да Ярославль облысының Данилов ауданындағы Вятской кентіне көшірілді. Мұнда қазақ қызы 7 сыныпты бітіреді. Күзде ол Рыбинске барып, авиациялық техникумға түседі, бірақ онда небәрі 3 ай оқиды. Ол 25 қазанды асыға күтті. Себебі, бұл күні ол 17 жасқа толады.
Сөйтіп, 25 қазанда кешкі уақытта аудандық военкоматтың есігіне кіп-кішкентай, арық қыз кіреді. Ол Әлия еді.
«Мен, комсомол мүшесі Лия Молдағұловамын. Ярославльге Ленинградтан көшіп келген балалар үйімен бірге келдім. Қазір техникумда оқимын. Бірақ, майданға барғым келеді»,- дейді Әлия.
Бірақ, военком кішкентай қазақ қызының жасы 18-де екеніне сенбей, он сегізге толғанда бір-ақ кел деп, қатарып жібереді.
Әлия бірнеше рет армияға баруға өтініш береді, бірақ оның өтінішін қабыл алмайды.
Майданға аттануға ұмтылған Надежда Матвеева да Лияның өзін соғысқа алу туралы өтінішін қабылдау үшін барын салғанын айтып, есіне алады.
Ақыры, 1942 жылдың желтоқсанында, майданға аттануға деген үздіксіз өтініші бойынша Әлия снайпер нұсқаушылар мектебіне оқуға түседі. Сол күндері екі қыз Лия мен Надежда Матвеева дос болып кетеді. Кейіннен Надя Лияның серіктесі болды, олар бірігіп снайпермен шабуыл жасайтын.
Қиындықтарға қарамастан, Әлия қызығушылықпен оқыды. Майданға барып, жек көрінішті фашистерді атқысы келді. Сонымен қатар, ол бір ғана тілектің жеткіліксіз екенін түсінді. Ол бәрін шебер жасау керек екенін білді. Ал командирлер: «Нағыз снайпер – бұл жоғары білікті маман. Қай жерде нағыз снайперлер болса, жауда бір минут тыныштық болмайды» дегенді құлаққа құйды.
Бағдарламада арнайы және дене шынықтыру бойынша әр түрлі іс-шаралар болды. Сондықтан, ептілік пен айлакерлік, төзімділік пен шыдамдылықты дамыту қажет болды.
Бірақ, негізгі міндет – дәл тигізуді үйрену болатын. Әлия ұзақ уақыт бойы бірінші атысын жасаудан қорықты. Өйткені, жауынгерлік мылтықтың құлақ тұндыратын дауысының өзі үрейді ұшыратын. Взвод командирі оған «сен әлі асықпа, алдымен шүртпені бас» деп үйретті.
Оқу барысында Әлия бүкіл казарманы тік тұрғызды. Бірде тәуліктік кезекші Әлияның казармада жоқ екенін байқап, рота командиріне баяндайды. Барлығы қызды іздей бастайды. Сонда командир ағаштың басында отырған Әлияны көргенде қатты таңғалады.
Сол кезде Әлия: «Командир жолдас, мен ағашқа қалай шығу керектігін білмеймін, өйткені біздің ауыл далалы. Ал сіз мұнсыз снайпер бола алмайсың деген едіңіз. Сондықтан, түнде ағашқа шығып жаттығуды жөн көрдім», деп ақталады.
Ол оқу кезінде өте мұқият болды, тәлімгерлер үйреткеннің бәрін үйренді. Ал мылтықты өте қымбат зат ретінде көріп, әрқашан оны таза ұстады. Көпшілігінен жылдам атуды үйреніп, нысананы дәл көздеді. Сөйтіп, ату техникасын сәтті меңгеріп шықты.
Әлиямен бірге оқыған әр адам оның төзімділігі мен мінезінің беріктігіне таңғалатын.
«Бұл 1943 жылдың аязды қаңтары болды. Роталар кешкі уақытта тактикалық жаттығудан келе жатты. Ең соңында төртінші рота келе жатқан болатын. Ал оның артынан жалғыз өзі келе жатқан кішкентай адамның бейнесі көрінді. Қарасам Лия екен. Сонда ол батылдықпен маған жақындап:«Курсант Молдағұлова рота командирінің рұқсатымен тактикалық оқытудан қатардан тыс келе жатыр!» деді. Оның сөзінен аяғын қатты қажап алғанын байқадым. Оған жарақаттанған аяғымен жаттығу қиын болса да, бірақ ол қатардан қалмады. Лияның мінезі осындай еді»,- дейді снайперлік мектептің саяси бөлімінің басшысы Никифорова.
Әлияда бос уақыт бола бермейтін. Егер бос уақыты болса өзімен жасты туысы Сапураға хат жазатын еді. Осы хаттардың көшірмелері қазір Молдағұлова көшесінде орналасқан №891 Мәскеу орта мектебінің музейінде сақтаулы. Ол хаттарда жақын адамдардың бір-біріне деген сағынышы мен жеңіске деген сенімдері көрсетілген.
Әлия туысына жазған хаттарының бірінде: «Қымбатты Сапура, мен өзімді сендердің жанында, туған Қазақстанымда өмір сүріп жатқандай елестетін боламын. Сендермен көрісіп, туған ауылыма барғым келеді. Бірақ ештеңе етпейді, біздің кездесуімізді, отанға оралуды және жеңісті бірге атап өтетін уақыт келеді әлі»,- деген.
Бұл жолдарды Әлия оқуды бітіретін жылы жазған. Үздік курсант ретінде, оған снайпер мектебінде нұсқаушы болып қалуды ұсынады. Бірақ, Әлия бұған келіспейді. Ол өзін әскер қатарына жіберуді талап етеді.
Әлия табанды және алған бетінен қайтпайтын қыз болды. Ол снайперлік мектепті үздік аяқтаған кезде, оған эфрейтор атағы берілді.
1943 жылдың тамыз айының басында снайпер қыздар солтүстік-батыс майданға келіп, әскери бөлімшелердің бірінде қызметтерін жалғастырды. Осылайша, олар нағыз жауынгерлік жұмыстарына кірісуі керек болды. Сонда батальон командирі ап-арық кішкентай қызға қарап, әкелік ілтипатпен: «қызым, жасың нешеде» деп сұрайды. Әлия жақында ғана 18-ге келгенін айтқанда, командир «бойына қарасаң әлі бала, қалай шайқасады бұл бала» деп уайымдайды.
Келесі күні таңертең штаб басшысы снайперлерді жаудың алдыңғы қорғаныс майданына алып келгенде Әлия батпақты, бұталы аймақты көреді. Әлия жаудың қорғаныс майданына қобалжумен және ынталы зейінмен қарай отырып, өз позициясын таңдай бастайды.
Жасырынып бүркемеленген Әлия таң атқанда таңдалған атыс орнына жер бауырлап жетеді. Осылай, жауды бақылай бастайды. Бірақ, лайықты нысана таппай, көңілі түсіп өзін кінәлі сезінеді.
Дегенмен, екінші күн сәтті болды. Ол түнделете бейтарап аймаққа еніп, қираған неміс танкіне кіріп алады. Бір кезде, таң атарда судың шалпылдағанын құлағы шалып қалады. Қараса өзеннің жағасында қарқылдап күлік отырған екі неміс әскері тұр екен. Сонда Әлия шүріппені ақырын басып тұрып бір немісті жерге құлатып түсіреді. Суға сұлқ құлаған серкітесін көрген екіншісі дереу қаша жөнеледі. Бірақ, Әлия оны да атып түсіреді. Ал стереотүтік шағып, үшінші рет оқ атқанда немістер оның қай жерде тұрғанын біліп қояды да танкке қарай оқ жаудырады. Дегенмен, Әлия төменгі люк арқылы шығып үлгеріп, қорғанысқа қарай жер бауырлап барады.
Жалпы батальонда Әлиядан басқа да қазақтар болды. Әлия майданға келе салысымен оларды да басқара бастады. Ол бүкіл елге белгілі ақын Жамбыл Жабаевтың өлеңдерін оқып, орыс тілін білмейтіндерге әскери анттың ережелерін, жарғыларды түсіндіріп, отанына хат жазды.
Мейірімділік пен елгезектік Әлияға туа берілген болса керек. Ал ерлік пен батылдықты, сондай-ақ кеңес халқына қайғы-қасірет әкелген фашистерге деген жеккөрінішті өзі тудырды. Ол әрқашан «Жеңіске жету үшін жауды аяусыз құрту керек» деген өзіне берген антты ұстанып келді.
Күзде, содан кейін қысқы суық басталғанда старшиналар Молдағұловаға шақ келетін киіп таппай әлек болатын. Майданға жіберілген киімдер кішкентай қазақ қызына үлкен болғандықтан, оларды қысқартуға тура келді.
Молдағұлованың жауынгерлік өмірі туралы Алия шайқасқан батальоның бұрынғы қолбасшысы Фёдор Иванович Моисеев те айтып берді.
1943 жылдың 7 қарашасына қарай Моисеев саяси мәселелер жөніндегі орынбасарымен бірге 3-ші ротаға келді. Сол кезде немістер қорғаныстың алдыңғы қатарына ауыр артиллериялық және пулеметтік оқ жаудырып жатқан болатын.
«Не болды ? Немістер шабуылға шықпады ма? - деп сұрады Моисеев рота командирінен.
Сонда, рота командирі: «Жоқ, олар шабуылға шықпады. Бірақ, олар эфрейтор Молдағұлованың біздің қорғаныс аумағында 7 фашистің көзін жойғанына қатты ашуланды»,- деп күліп, жауап береді.
Ал, атыс басылғанда батальон командирі және саяси командир Әлияны келе жатқан мерекемен және оның жаңа жауынгерлік табысымен құттықтауға барады.
Бірде Молдағұлова мен оның майдандас құрбылары жау позицияларына жақындау үшін бейтарап аймаққа өтуді шешеді. Олар сенімді түрде оқ ата алатын жерлерде жасырынғылары келді. Бірақ, немістер қыздарды байқап қалып, оларды тірідей қолға түсіру үшін тосқауыл қояды. Бірақ, олардың бұл қулығы жүзеге аспады. Өйткені, біраз уақыттан кейін Әлия фашистерді байқап, «атыңдар оңбағанды» деп, жақын тұрған немісті атып түсіреді. Оның дауысын естіген құрбылары да еш саспастан оқ жаудырып, тағы екеуін өлтіреді. Бұнымен қоймай, қыздар жаудың екі снайпершісін тұтқынға алады.
Кеңес әскерлері қорғаныста болғанда, Әлия көптеген фашистің көзін құртады. Оның мылтығында: «Комсомолдың Орталық комитетінен өте жақсы атыс үшін» деген метал пластинка болатын.
Сондай-ақ, дивизияның саяси бөлімінің құжаттарының бірінде: «1943 жылдың қазан айынан бастап желтоқсанға дейін, біздің бөлімше қорғаныста болғанда Лия Магдагулова (Әлия Молдағұлова) фашистерді үздіксіз аңдып, өзінің мергендігімен 32 фашисті жойды» делінген.
1943 жылдың желтоқсан айының ортасында, қорғаныс желісін жаңа бөлімдерге өткізгеннен кейін, бригада алдағы шабуылға дайындалу үшін Новосокольников ауданына аттанады. Ал кіп-кішкентай нәзік қыз осы уақыттың ішінде нағыз жауынгерге айналады. Майданда снайперлерді қорғап, олармен арнайы қажеттіліксіз тәуекел етпеуге тырысса да, әртүрлі қиын ұрыстарда да снайперлер жүрді. Және олар барлауға да, шабуылға және қорғанысқа да баруға мәжбүр болды.
Бірде Әлия қарапайым шаруаның киімін киіп, барлаушылармен бірге жаудың орналасқан жеріне аттанады. Тиісті жерге жеткенде Әлия ең соңғы тұрған үйге кіреді. Ал, онда екі неміс офицері тойлатып жатады. Сонда Әлия еш саспастан мылтығын алып үргерген немісті бір оқпен атып түсіреді де, екіншісін тұтқындап, жолдастарына әкеледі. Осылайша, Әлия тұтқынға алған неміс офицері кеңес командиріне құнды ақпарат берді.
Тағы бір кезде топтық барлауға қатысқанда, ол жаудың тылынан бірінші болып неміс мина атқышын тауып алады. Сол кезде Әлия мина атқышқа жер жорғалап барып, оған граната тастайды. Осы батыл әрі шебер ерлігі үшін Әлияға марапат беріледі.
1944 жылы қаңтардың бірінші жартысында кеңес әскері шабуылға шықты. Моисеев батальоны Новосокольники-Дноның маңызды теміржол желісін Насва станцияның маңында қысқартуға және қатты күшейтілген Казачиха кентін басып алуға тиіс болды. Осы кезде снайперші қыздар да қосымша оқ-дәрілерді алып, соғысқа қатысты. Жау қолы қолайлы тактикалық позицияны ұстай отырып, жойқын қарсылық көрсетті. Бұл ұрыста кеңес әскері үлкен шығынға ұшырады. Дегенмен, кеңес әскері адам шығынының көп болғанына қарамастан, жаудың қорғанысының бірінші желісін бұза алды.
Насва теміржол вокзалына шабуыл жасау кезінде де Әлия батальон барлаушыларымен бірге әрекет етті. Жауынгерлер жау шабуылынан сәтті өткенімен, бірақ жолда атыс қайтадан басталып кетеді. Сол кезде Әлия жаудың мина атқышының кішкентай бір тасадан шығып тұрғанын байқап қалады. Сонда ол қолына граната алып, жер жорғалап жаудың мина атқышына жақындайды да, гранатаны лақтырып жібереді. Осы сәтте айналада тыныштық орнады. Осылайша, теміржол станциясына апаратын жол Әлияның арқысында ашылады.
Бұл шайқаста Әлия гранатаның көмегімен станция маңында қарда жасырынып тұрған жаудың пулеметшілер тобын бұзады. Содан кейін ол қарсы шабуылдарды жоюға қатысты. Оның ротасы 9 рет қарсыластың қарсы шабуылына төтеп берді. Әлия мүлт етпестен жауға соққы берді. Ол снарядтың сынықтары қолына түскен кезде де мылтығын тастамады. Тіпті, жарақаттанған жерін өзі таңып алатын. Ал оптикалық нысана бұзылған кезде, ол қолына автомат алып жауға қарсы шабуылын жалғастыра берді. Әлия мылтықпен де, гранатамен де епті әрекет ете отырып, 10 немістің көзін жойды.
Басқа елді мекендер үшін де кескілескен ұрыс болды. Әлия тағы да жауынгерлерді өзімен ертіп кетіп, жаудың бекініс қорғанына бірінші болып кіріп, 12 неміс әскерін жойды. Жау әскері үш рет қарсы шабуылға шықты. Олардың бірінде Әлия автоматпен тағы 28 немістің көзін жойып жіберді.
Воево кентіндегі шайқас кезінде де Әлия Молдағұлова жауынгерлерді артынан ерте отырып, шайқастардың алдында жүрді.
Әлия туысы Сапураға жазған хаттардың бірінде: «Менен ұзақ уақыт хат келмесе таңғалма. Осы мекен-жайға жаз, сонда себебін білесің. Туыстарға, ағайым мен апайыма менен сәлем айт. Егер балаларды көріп қалсаң, мен үшін беттерінен сүй. Өзіңнің денсаулығың, өмірің туралы жиі жазып тұр. Мен жүрегімдегінің бәрін жеткізіп бітпейтіндіктен, қайта жаза алмаймын. Бірақ, сен жиі жазып тұр қымбаттым. Бетіңнен сүйдім, Әлия!» деген еді.
Өкінішке орай, бұл хат соңғысы болды. Келесі күні таңертең ол, Казачиха ауылы үшін жүргізілген шайқастың алдыңғы қатарында жүрді. Қарсылас барлық жағынан бұл нысананы сақтап қалғысы келді. Жау қолы қарудың барлық түрімен оқ жаудырды. Бірақ, кеңес әскерінің қорғанысын ештеңе бұза алмады.
Шабуыл кезінде неміс траншеяларына кірген алғашқы батылдардың қатарында Әлия Молдағұлова да болды. Жау әскері өздерінде солдат санының көп болғанына қарамастан, сескене қаша жөнелді. Бірақ, қатты ызаланған Әлия олардың ізіне түседі.
Сонда тар ордан неміс офицері шыға келіп, Әлияны бас салады. Алайда, Әлия шімірікпестен күші бірдей болмаса да, неміс солдатымен жекпе-жекке түсті. Сонда Әлия айласын тауып, жерде жатқан мылтықты шапшаң көтеріп тұра қалды. Мылтық даусы бір мезгілде шықты. Өкінішке орай, жаудың атқан оғы батыл патриот қыздың кеудесіне тиіп, бірнеше сағаттан кейін Әлия Молдағұлова қайтыс болады. Бірақ оның өлімі де ерлік болды. Әлия ақырғы демі таусылғанша Отан үшін жанкешті ерлік көрсетті. Осылайша, өз қалауымен 18 жасында майданға аттанған батыл қазақ қызы 85-ден 91-ге дейін немістің көзін жойды.
Соғыстан кейін Псков облысы Новосокольники ауданының әртүрлі жерлеріндегі жауынгекрлердің сүйектері Казачиха деревнясынан 4 шақырым жердегі Монаково селосына кіре берістегі жотадағы бір ағайындық зиратқа әскери салтанатпен жерленді.
1944 жылы 4 маусымда СССР Жоғарғы Советі Президиумының Жарлығымен Әлия Молдағұловаға Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Ал 1965 жылы Ұлы Жеңістің қарсаңында Псков жеріндегі Монаковода Әлия атымен бауырластар зираты ашылды. Бұл жерге Казачихада қаза тапқан 2 мыңнан астам Қызыл Әскер сарбаздары жерленген. Қазір Ақтөбе, Мәскеу, Санкт-Петербург, Тараз қалаларында Алияның есімімен аталатын көшелер аталады. Сондай-ақ, Әлияға арналған әндер, кітаптар да бар.