"Алып кетіңдер, мені өлтіріп жатыр": Теміртау тұрғыны ағасының өліміне аппендицитін анықтай алмаған дәрігерлерді кәналауда
Теміртау қаласының тұрғыны Еркемай Мұхамедьярова 27 жастағы ағасы Мақсат Рысмағанбетовтың өліміне қалалық орталық аурухана дәрігерлерін кінәлауда. Марқұмның қарындасының сөзінше, мамандар аппендицидпен келген науқасқа диагноз қате қойып, жағдайын асқындырған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Еkaraganda порталына сілтеме жасап.
Марқұмның отбасының сөзінше, дәрігерлер жас жігіттің неліктен іші ауырғанын алғашында анықтай алмай, үйіне жіберген. Мақсат үйіне келген соң аппендициті жарылған. Кейін ауыр халде қайта ауруханаға түскен. Кейін дәрігерлер ұзақ уақыт бойы Мақсаттан сепсисті анықтай алмаған. Азапталған жігіт жансақтау бөлімінде көз жұмған.
"Қарашаның 27-нен 28-іне қараған түні Теміртау қаласының орталық ауруханасында ағамды кезекші дәрігер қабылдады. Ол ішінің ауырып тұрғанын және жүрек айнып тұрғанын айтып, шағымданды. Анализдерін алып, "Спастикалық колит", "жедел панкреатит" диагнозын қойды да , тексеріс нәтижесіне де қарамай, үйге жіберді. Аппендицитті анықтамады. Сонда қалай? Соңғы технологиялармен жабдықталған медицинада олар кәдімгі аппендицитті анықтай алмады. Келесі күні 29 қарашада оны жедел жәрдем ауруханаға алып кетті. Кейін перитонитпен іріңді аппендицитпен ауырғаны анықталды. Ол жарылып кеткен. Операция 10:45-те басталып, 11:20-да аяқталды. Ол бар болғаны 35 минутқа созылған екен! Жарылған іріңді аппендициттен кейін 35 минутта бәрін қалай тазартуға болады? Мұқият жуу керек емес пе? Олар тіпті тікпеген де, тампондар беріп, ағамды хирургиялық бөлімге ауыстырды", - деді бойжеткен әлеуметтік желіде.
Хирургиялық бөлімде жігіт 13 желтоқсанға дейін жатып, үйге шығарылған. Мақсат төрт күн үйінде болып, кейін қайтадан жедел жәрдеммен ауруханаға жеткізілген.
“Ағамда ішінің ауырсынуы мен жасыл түсті сұйықтық құсу басталды. Жедел жәрдем шақырып, оны қайтадан Теміртау қаласының орталық ауруханасына жеткізді. Сосын күн сайын рентгенге түсіп, анализ тапсырды. Бізді мүлде палатаға кіргізбеді. Бір апта бойы дәрігерлер оны консервативті түрде емдеді. 23 желтоқсанда ағам хабарласып, ота жасауға дайындалып жатқанын айтты. Құсуы ол кезде де тоқтамапты. 23 желтоқсанда оған ота жасалды. Осыдан кейін дәрігер маған телефон соғып, кедергілер болғанын, бірақ операция жақсы өткенін айтып, ағамның әзірге жансақтау бөлімінде болатынын хабарлады", - деп еске алады Еркемай.
Ал келесі күні қарындасынан аураханадан қайта қоңырау шалып, ағасының ауыр халде жатқанын айтқан. Еркемай осы жағдайдан соң Облыстық денсаулық сақтау басқармасына, Денсаулық сақтау министрлігіне арыз жазған. Содан кейін ғана дәрігерлер жағдайдың күрделілігіне назар аудара бастаған.
“Жағдайы ауыр деді. Жүрек жеткіліксіздігі пайда болған. Жүрек жұмысы екі вазопрессормен қамтамасыз етілген. Барлығы бірінші операциядағы қателіктерден туындап отыр. 35 минутта барлық ішектерді жуып, тазалап үлгермейді. Сөйтіп қабыну мен сепсис басталды. 30 желтоқсанда бауырымды Қарағандыға облыстық ауруханаға ауыстыруды сұрадым. Бірақ олар мұның жүрекке қауіпті болатынын айтып, мені тоқтатты. Препарат бір түнде табылды.
Содан қысымы қалыпқа түсе бастады. Жүрек жұмысы да жақсарды деген қуанышты хабар естідім. Бірақ сонда да лейкоцитопения, тромбоцитопения талдауы бойынша барлық нәтижелері нашар болды. Кейін сепсис сынамасын тапсырып, нәтижесі шыққаннан соң олар қанның таза екенін айтты. Біз бүкіл отбасымызбен қуандық", - деп қосты қарындасы.
Осылайша, Мақсат ауруханада тағы екі апта жатқан. Жігіттің туыстары оның жазылып кететініне үміттенген. Дегенмен дәрігерлер науқастың құрсақ қуысын лапароскопиялық зерттеуге шешім қабылдады. Нәтижесінде сепсис қайта анықталды.
"Бір апта бұрын олардың өздері қанның таза екенін айтқан болатын. Ал сепсис барын менен жасырған. Оны осындай күйге дейін жеткізген соң, біз Қарағандыға ауыстыруды сұрай бастадық. Бас дәрігер бұл мәселені шешуге уәде беріп, кеңес болатынын айтты. 10 қаңтар күні таңертең олар телефон соғып, Қарағандыдан дәрігерлердің өздері келіп қарайтындарын жеткізді. Олар сепсис түрін анықтай алмағанын, қолдан келгеннің бәрін жасап жатқанын айтты. Бастысы ағзаларының жұмыс істеп тұрғанын жүрегі, бүйрегі, бауыры, сау екенін айтты. Олар сепсис түрін анықтау үшін Қарағанды зертханасына талдаулар жіберуге уәде берді”, - дейді бойжеткен.
Алайда сынақ нәтижесі шықпай 10 қаңтар күні кешке қарай Еркемайға телефон соғып, ағасының жансақтау бөлімінде қайтыс болғаны хабарланған.
"Біз оны бір жарым ай көрмедік, сөйлеспедік. Анам үшін бұл қатты соққы болды. Біз оның денесін ғана үйге әкелдік. Жансақтау бөлімінде оның телефонын алып қойды. 28 желтоқсанда соңғы рет сөйлескенімізде ол: "Мені алып кетіңдер, мен мұнда жаман сезінемін, мені өлтіріп жатыр" деп айтқан болатын”, - деді Еркемай.
Марқұмның отбасы аппендицитті бірінші күні-ақ анықтай алмаған дәрігердің салғырттығына наразы.
“Жарылған аппендицитті 35 минут қана тазалау дәрігерлердің салғырттығы. Ағам бар болғаны 27 жаста еді. Отбасын құруға дайындалып жүрген. Марқұмның денесін алғанымызда неден өліп, қалай болғанын, қалай емделгеніне анықтама бермеді. Сізден шара қолданып, кінәлілерді жауапқа тартуыңызды сұраймыз", - деді бойжеткен Денсаулық сақтау министріне.
27 жастағы Теміртау тұрғынының қайтыс болуына байланысты Қарағанды облысының денсаулық сақтау басқармасы қайтыс болған науқастың туыстары мен жақындарына көңіл айтып, тексеру жұмыстары болатынын мәлімдеді.