"Алып қашу, адам ұрлау – өрескел, жабайы қылмыс": Тоқаев кісі қолынан өлген Нұрай Серікбайдың ісіне қатысты пікір білдірді
Фото: 1. Марқұмның жеке архивінен / 2.Ақорда
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Шымкентте 21 жастағы Нұрай Серікбайдың қаза табуына қатысты пікір білдіріп, бұл оқиғаның қоғамда кең резонанс тудырғанын айтты. Оның сөзінше, аталған іске байланысты Ұлттық құрылтайға 130-дан астам өтініш түскен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Мемлекет басшысы алдын ала тергеу барысында күдіктінің қызды ұзақ уақыт бойы аңдып, оған қоқан-лоқы көрсеткені анықталғанын жеткізді. Соның салдарынан қайғылы жағдай адам өліміне әкелген.
"Осыған байланысты мен Ішкі істер министрлігіне Шымкент қалалық полиция департаментінің әрекетіне құқықтық баға беруді тапсырдым. Бас прокуратура да бұл істі жан-жақты әрі мұқият тергейді. Қызды алып қашу, адам ұрлау деген сөз – ұлтымыздың беделіне нұқсан келтіретін өрескел, жабайы қылмыс. Мұндай қатыгездікке ешқашан жол беруге болмайды. Жыл өткен сайын халықтың сана-сезімі өсіп, қоғамда азаматтық жауапкершілік деңгейі артып келеді. Заңнамалық өзгерістерде соған сай болуы өте маңызды. Заң мен тәртіп бәріне ортақ. Еліміздің әрбір азаматы заң талаптарын бұлжытпай орындауға тиіс", – деді Тоқаев Ұлттық құрылтайда.
- "Әкесімен кездесіп, баласына ие болуын сұрадық": Кісі қолынан қаза тапқан Нұрай Серікбайдың ағасы қайғылы оқиғаның қалай болғанын айтып берді
Еске салайық, бұған дейін 11 қаңтар күні кешкі уақытта Шымкент қаласындағы Төлеметов көшесіндегі үйлердің бірінің маңында 21 жастағы қыздың пышақ жарақаттарынан қаза тапқаны хабарланған еді. Қайғылы оқиға бейнебақылау камераларына түсіп қалған. Кадрлардан қыздың қашып құтылуға тырысқаны, қарсылық көрсеткені, одан кейін шабуылдаушының оны ұрып-соғып, пышақпен бірнеше рет жарақаттағаны, соңынан оқиға орнынан бой тасалағаны көрінеді. Ресми емес ақпаратқа сәйкес, Нұрай Серікбай 11 рет пышақ жарақатын алған.
Оқиға фактісі бойынша Қылмыстық кодекстің 99-бабының 1-бөлігі "Адам өлтіру" бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қылмыс жасады деген күдікпен 28 жастағы Шерхан Аймахан күдікті ретінде аталып отыр. Ол шабуылдан кейін көлігімен оқиға орнынан қашып кеткен. Қаза тапқан Нұрай Серікбай студент болған, ата-анасымен бірге қылмыс болған жерге жақын маңдағы көпқабатты үйлердің бірінде тұрған. Отбасында кенже бала болған, артында екі ағасы қалды. Қызбен қоштасу рәсімі 13 қаңтар күні Төрткөл ауылында өтті. Күдікті ұсталып, тергеу изоляторына қамалды. Марқұмның туыстары оның бұған дейін қызды ұрлап әкеткенін де алға тартады.
"Түрмеде отырған баламды тағы 9 жылға соттап жіберді": Түркістандық ата-ана баласына жазықсыз жала жабылғанын айтып, Тоқаевтан араша сұрады