Әлімжан Асқар: “Қайрат” Олимпиакоспен матчта ұпай алмаcа, Чемпиондар лигасын бір-ақ ұпаймен аяқтауы ықтимал
Фото: ҚФФ
Чемпиондар лигасының 5-турында “Қайрат” сырт алаңда Данияның “Копенгаген” клубына қарсы ойнады. Тартысқа толы матчта алматылық команда қарсыласынан 3:2 есебімен жеңілді. Осы ойыннан кейін Stan.kz тілшісі белгілі спорт комментаторы Әлімжан Асқардан сұхбат алған еді.
Сұхбат барысында Әлімжан Асқар Чемпиондар лигасындағы бұл ойындағы нәтиже көңіл көншітпейтінін айтты. Сондай-ақ Дастанның сары қағазына қатысты да пікір білдірді. Әлімжан Асқар алдағы 9 желтоқсанда “Қайрат” Олимпиакоспен өтетін ойында ұпай еншілемесе, жалпы Чемпиондар лигасында бір ғана ұпайға қанағат тұтуымыз мүмкін екенін жеткізді.
– "Қайраттың" Чемпиондар лигасының 5-турында "Копенгагенге" қарсы өткізген ойынына қандай баға бересіз? Команданың ойынында ілгерілеу байқала ма? Бұл матчта даниялық клуб фаворит саналса да, өзге ойындарда да ұпай алатын мүмкіндігіміз болды ғой. Біз қажетсіз жерден ұпай жоғалтып жатқан жоқпыз ба?
– Нәтиже көңіл көншітпейді. Бір өкініштісі бұл ойында ұпай еншілей алмадық әрі жеңіліп қалдық. Сол себепті “жақсы” деген баға беру қиын. Бірақ ойыннан алған әсерім мен эмоцияма тоқталсам, матч көңілімнен шықты. Себебі екі клуб арасындағы кездесуді өз көзіммен тамашаладым.
Бірінші таймда Темірлан Анарбеков қорғаған қақпаның артында тұрдым, ал екінші таймда Котарскийдің қақпасы жақтан көру мүмкіндігі туып, соғылған голдардың куәсі болдым. Сондай-ақ Чемпиондар лигасында алғаш рет гол соққан қазақ футболшысының тарихи жетістігін өз көзіммен көрдім. Бұған қоса қуаныш екі еселенді артынша тағы бір қазақтың қара домалақ баласы Олжас Байбектің голына куә болдық.
Ал Дастан гол соққан сәтте “Копенгаген” қақпашысы Котарскийдің қателігін тиімді пайдаланып, салқынқанды түрде допты қақпаға бағыттады. Бұл эпизодта Дастан шабуылшы ретінде мүмкіндікті жақсы пайдалана білді. Сонымен қатар Георгий Зария алаңға шығып, шабуылды одан сайын жандандыра түсті. Бұған дейін Еркін Тапаловтың да тамаша гол соғуына мүмкіндік болған еді, алайда оның соққысы қақпа бағанасына тиіп, сәтсіз аяқталды.
Дегенмен “Қайрат” ойынды басынан бастап белсендірек жүргізгенде, кемі бір ұпай алуға болар ма еді. “Копенгаген” үш гол соғып, қарсылас еркінси бастағаннан кейін ғана алматылық клубтың ойыны жүре бастады.
Бұған дейін “Пафоспен” кездесуде бір ұпай еншілеген едік. “Пафос” он ойыншымен қалғандықтан, жолымыз болды. Әрине үш ұпай алу мүмкіндігі де болды, бірақ өзге матчтарда ұпай жинау бізге оңай соқпады. Себебі “Реал”, “Спортинг” сынды командалар өте мықты. Дегенмен “Копенгагенмен” ойында ұпай алу бізге артық етпес еді.
– Қайраттың бас бапкері Уразбахтин Дастанға әдейі сары қағаз алуға кеңес бердім деп жатыр. Бұл рас ақпарат па? Бұл қаншалықты оң шешім болды? Алдағы үйдегі ойында керісінше ұпай алуға тиімді тұсты пайдалануымыз керек емес пе?
– Иә бұл – рас ақпарат. “Қайраттың” бас бапкері Рафаэль Уразбахтин баспасөз мәслихатында Дастан Сәтпаевқа сары қағаз алуға кеңес бергенін айтып, мойындады. Бірақ футбол ережесіне сәйкес әдейі сары қағаз алу дұрыс емес. Бұл жайтты бас бапкердің өзі мойындап, айтып қойғанына біз таңғалдық. Кезінде Жозе Моуриньо да дәл осындай іс әрекетке барған. Алайда УЕФА әдейі сары қағаз үшін қосымша дисквалификация беруі әбден мүмкін. Бірақ Дастан Сәтпаевқа гол соққан кезінде жейдесін шешіп сары қағаз алғанда жағдай мүлде басқаша болар еді. Бұл жерде бас бапкер Уразбахтин Дастанға өрескел ойнауға рұқсат берді. Яғни “тәртіп бұзып ойнап, сары қағаз алсаң ештеңе етпейді” деген сыңайға келтіріп тұр. Бапкер футболшыға төрешіге қарсы шығып немесе өзге футболшыны әдейі итеріп тәртіп бұзып сары қағаз ал беп кеңес берсе, УЕФА мұны басқаша қарастырар еді. Бұл жерде Уразбахтин бапкер Дастанға ашық ойнап, артынан кедергісін келтірмейтіндей ойнауға рұқсат берді деп өз басым топшылап отырмын. Бұл оң шешім бе дегенге тоқталсақ Дастан онсыз да келесі матчқа қатыспайды. Себебі жарақатын емдеуі керек. Ақыры шықпайтын болғандықтан сары қағаздарын тазартып алған дұрыс шығар.
– Грекиялық құраммен ойында Дастан алаңға шықпайтыны түсінікті. Енді бұл ойында кімге сенім арта аламыз?
– УЕФА чемпион лигасындағы ең маңызды Селтикке қарсы ойында Дастан Сәтпаев сары қағазының көптігіне байланысты бұл ойында алаңға шыққан жоқ. Айтулы ойында Чемпиондар лигасының жалпы кезеңіне жолдаманы жұлып алды. “Қайрат” Дастансыз да өнер көрсете алатынын сол ойын да дәлелді. Әлбетте Дастан Сәтпаев “Қайраттағы” үздік ойыншылардың бірі. Сонымен қатар ол шыққан әр матчта Сәтпаев гол соғады деп зор үмітпен қараймыз. Бірақ “Қайраттың” ойыны Дастансыз да жүреді деген сенімдемін. Сондай-ақ Эдмилсон, Рикардиньо сияқты шабуылда ойнайтын футболшылар табылады. Бұл тұрғы да қатты уайымдап тұрған жоқпын. Рафеэль мырза бір өзгеріс жасайды деген үміттемін.
– Кеше Олимпиакостың “Реалмен” ойынынын көрдік. Азулы Реалға қарсы 3 бірдей гол соғып кетті. 9 желтоқсан “Қайрат” ойсырай жеңіліп қалмай ма?
– Қайрат Чемпиондар лигасындағы кезекті матчын "Астана Аренада" өткізеді. Жанкүйерлер Қазақстан клубын қолдап, командаға қосымша жігер береді деп үміттенеміз. Қайратқа тағы ұпай жинайтын уақыт келді. Сондықтан Олимпиакосқа қарсы ойында футболшылар бар күшін салып, аянып қалмайды деп ойлаймын.
Біз жамандық шақырып, алдын ала жағымсыз болжам жасамаймыз, тек сәттілік тілейміз. Қайраттың Олимпиакосқа қарсы кездесуде ұпай алуына мүмкіндік бар. Егер бұл ойында ұпай бұйырмаса, онда биылғы Чемпиондар Лигасы маусымында тек Пафоспен өткен матчтағы бір ұпайға қанағат етуіміз мүмкін. Өйткені Олимпиакоспен кездесуден кейін Брюгге мен Арсеналға қарсы ойындар әлдеқайда қиын болатыны анық.
– Жалпы Громыконың ойынына тоқталсақ. Жанкүйерлер бұл ойыншыға жиі наразылық білдіреді. Егер легионерлердің пайдасы шамалы болса, онда құрамада не үшін жүр?
– Валерий Громыка “Қайратты” Чемпиондар Лигасына шығарған футболшылардың бірі. Оның көп көмегі тиіп, Қайрат осы жалпы кезеңде ойнауға мүмкіндік алды. Бұл Қазақстанның клубы үшін тарихи жетістік. Сондықтан Громыканың жалпы кезеңдегі ойыны жүрмей жатыр екен деп, оның мүлдем командаға керек емес деп айту қате деп ойлаймын. Әрине, біз Валерий Громыкадан одан да жоғары деңгейдегі ойын күтеміз. Легионер болғандықтан, ол қазақстандық футболшылардан бір саты жоғары өнер көрсетіп, команданы алға сүйрей түседі деген сенімдеміз.
– "Қайраттың" Чемпиондар лигасында ұпай алу мүмкіндігі әлі бар ма? Олимпиакоспен ойынға болжамыңыз қандай?
– Алдын ала болжам жасауға әлі ерте. Матчтың болуына дейін біраз уақыт бар. Бірақ “Қайрат” Астана аренада “Олимпиакоспен” ойында жеңілмейді деп сенемін. Қалған үш ойында үш ұпай жинаса, бұл мен үшін өте жақсы нәтиже болар еді. Дегенмен, бір ұпай алады деп ойлаймын. Ал егер жалпы "Қайрат" осы дебюттік маусымда Чемпиондар Лигасын бір-ақ ұпаймен аяқтаса, оған қатты қынжылмаймын. Өйткені бұл – команда үшін таптырмас тәжірибе. Үнемі осылай Чемпиондар Лигасының негізгі кезеңіне тұрақты түрде шыға бастаса келесіде плей-оффқа шығу секілді талаптар қоя бастаймыз. Әзірге осы ойындардың өзінен барынша ләззат алуға тырысып жүрмін.
– Қасаболатты пенальтиден кейін алаңан алып тастауы керек пе еді… Бұл туралы ойыңыз қандай? Егер Қасаболаттың қателігі болмаған да ойын тең есеппен аяқталар ма еді деген үміт қой…
– Жалпы, футбол – командалық ойын. Бір футболшының қателігін айтып, команда сол үшін ұпай ала алмай қалды деу дұрыс емес. Оның үстіне, Дамир Қасаболат – ұлттық құрама ойыншысы, "Қайрат" клубының түлегі. Сондықтан өз футболшыларымызды бір сәтсіз ойыннан кейін табалап тастау жөн емес. Керісінше, мүмкіндігінше қолдау көрсеткеніміз дұрыс.
Дамир Қасаболат секілді қазақ футболшыларының Чемпиондар лигасында өнер көрсетуі – өз алдына қуаныш. Ойыншылар бұл турнирдің атмосферасын енді-енді сезініп жатыр. Біз де кіші жетістіктің өзін бағалап, қуана білуіміз керек. Дамирдің Данияда өткен матчта негізгі құрамға еніп, толық 90 минут алаңда ойнауы – мен үшін жақсы жаңалық. Ал бір ғана ойындағы қателік үшін оны сынап-мінеп тастау орынсыз.
Егер Дамир тұрақты түрде қателесіп, одан сабақ алмай, ойыны нашарлай берсе, сол кезде сын айтуға болады деп ойлаймын. Қазірше оған қолдау көрсету – ең дұрыс шешім.
Сұхбатыңызға рақмет!

