Али Алиевтің футболдан Қазақстан құрамасына бас бапкер болып сайлануы жайлы ақпарат шындыққа жанаспайды – Нұрсұлтан Құрман
Жақында ғана Қазақстан футбол федерациясы президентінің кеңесшісі қызметіне сайланған Нұрсұлтан Құрман Али Алиевтің Қазақстан құрамасына бас бапкер болып сайлануы жайлы ақпаратты растамады. Stan.kz ақпарат агенттігінің тілшісі кеңесшімен соңғы жаңалықтарға байланысты сұхбаттасты.
Фото: kff.kz
– Бүгін отандық БАҚ футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Станислав Черчесовтың қызметінен кеткенін жарыса жазды. Өзіңіз ҚФФ президенті кеңесшісі қызметіне жақында тағайындалдыңыз. Алғашында жаңа басшы бас бапкерді орнында қалдырады деген ақпарат тараған еді. Мұндай шешімге келуге не себеп болды?
– Ресейлік маманның қызметте қалатыны туралы бейресми ақпарат тараған еді. Себебі Қазақстан футбол федерациясы бұл жаңалықты ресми түрде жариялаған жоқ. Марат Омаров мырза қызметіне кіріскеннен кейін біз бас бапкер мәселесіне қайта оралдық. Барлық шешім бір ауыздан қабылданды. Оған негізгі себеп: ұлттық құраманың өткен циклдағы сәтсіз, сүреңсіз ойыны. Ұлттар лигасында команда мүлде жеңіске жете алмады.
– Бұл жаңалықтан кейін бірден ұлттық құрама тізгінін отандық маман Али Алиев ұстайды деген ақпарат шықты. Бұл ақпарат қаншалықты рас?
– Алиев сайланды деген ақпаратта ешқандай шындыққа жанаспайды. Бұл әзірге журналистердің жеке инсайдтары болар. Иә, Али бас бапкер болатын мамандар тізімінде шорт-листта бар екенін жасырмаймыз. Алдағы жұма күніне дейін федерация жаңа бас бапкердің немесе бас бапкер қызметін уақытша атқаратын маманның есімін жариялайды.
– Осыған дейін федерация басшылары бас бапкерлікке үміткерлерді шетелдік мамандардан іздейтін еді. Марат Омаров мырза шетелдік азаматтарды бас бапкерлікке қарастырды ма?
– Әрине, федерация басшылары шетелдік азаматтарды да қарастырып жатыр. Сондай-ақ жанкүйерлер отандық мамандарға мүмкіндік беру керек дегенді үнемі айтады. Сондықтан біз алдағы уақытта осыған дейін айтылған идеялардың барлығын саралап, нақты шешім шығарамыз.
– Бас бапкердің мәселесі түсінікті. Алдағы уақытта ұлттық құраманы өрге сүйрейтін маман келетініне үміттенеміз. Ал федерацияға жаңадан сайланған президент Марат Омаровтың алдағы жоспары қандай? Халықаралық футбол ұйымдарымен байланысты жақсарту ойда бар ма? Отандық БАҚ өкілдерімен федерация арасындағы қарым-қатынас қалай болмақ?
Әрине, ең басты мәселе – халықаралық футбол ұйымдарымен байланысты нығайту. Федерация бұл тұрғыда жұмысты бастап кетті. 10 ақпанда Марат Омаров мырза Еуропа футбол қауымдастығы (УЕФА) президенті Александер Чеферинмен кездеседі. Ресми кездесу УЕФА-ның штаб пәтерінде өтеді. Артынша 17 ақпанда Астанадағы ҚФФ ғимаратында журналистер үшін ашық баспасөз мәслихаты өтеді. Сол жиында алдағы жылдары отандық футболды дамыту бағдарламасымен таныстырамыз.
– Түсінікті. Ал енді өзіңізге оралсақ, бұған дейін футзал федерациясының вице-президенті қызметін атқардыңыз. Сіздің футзалға деген махаббатыңыз ерекше. Қазіргі қызметіңіз Нұрсұлтан Құрманды футзалдан алыстатып жібермей ме?
– Иә, мен осы қызметте бір жылдан аса уақыт жұмыс істедім. Осы аралықта көптеген жобалар жүзеге асты. Келісімшартым аяқталуына байланысты, сондай-ақ жаңа қызметке сайланғандықтан футзалдағы қызметімді тоқтаттым. Дегенмен футзалдан алыстап кетпеймін. Президенттің кеңесшісі болғандықтан футзалдың да дамуына септігімді тигіземін. Алдағы уақытта футзал бойынша жаңа жобалар да жасаймыз.
– Нұрсұлтан мырза, уақыт бөліп сұқбаттасқаныңызға көп рақмет. Қазақ спорты қарыштап дами берсін!