Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Әлеуметтік көмек орнына "брусчатка": Президент әкімдіктерді сынға алды

брусчатка тоқаев жолдауФото: pixabay.com

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әкімдердің әлеуметтік қолдау шараларының орнына артық қаражатты брусчатка төсеуге жұмсауын сынға алды. Оның айтуынша, мұндай тиімсіз жобалар халықты елордаға көшуге итермелеп, Астананың инфрақұрылымына шамадан тыс салмақ түсіріп отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Кейінгі үш жылда елорда халқы 250 мың адамға артты. Оның ішінде өткен жылы ғана шамамен 100 мың адамға көбейді. Биыл бұл көрсеткіш бұдан да асып түсуі мүмкін дейді мемлекет басшысы.

"Қала инфрақұрылымына түсетін күнделікті салмақ ресми түрде 1,5 миллион тұрғынға емес, іс жүзінде 1,9 миллион адамға қызмет көрсету есебінен қалыптасып отыр. Басқаша айтқанда, елорданың жоспардан тыс 400 мыңнан астам адамы бар, бұл орташа қаланың халқы көлемімен тең. Соның салдарынан қаланың жылумен және сумен қамтамасыз ету жүйелерінің тұрақтылығы қатерге тігілуі мүмкін", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

2022 жылдан бері Астанада мұқтаж жандарға шамамен 7 мың пәтер берілді. Оның ішінде көпбалалы отбасыларға – 1380 пәтер, жетім балаларға – 835 пәтер, ерекше қажеттіліктері бар азаматтарға – 665 пәтер табысталған.

"Ал бірқатар облыстардың әкімдері корпоративтік салықтардан түскен артық қаражатты тиімсіз жобаларға – брусчатка төсеу сияқты жұмыстарға жұмсаған. Мұндай жағдайда халық, әрине, әлеуметтік қызметтер мен жеңілдіктер көрсетілетін елордаға ұмтылады", – деп түсіндірді мемлекет басшысы.


"Мамыр айында төселген брусчатка тамызда қайта жасалған": Алматылық тұрғын оқу жылы қарсаңындағы қолайсыздыққа шағымданды


Астанаға көшіп келетіндер саны шектеледі: Министр мұны қаланың "толып кетуімен" байланыстырды


Еске салайық, бұған дейін Алматыда сапалы күйінде тұрған брусчатканың ауыстырылуы қоғамда сынға ұшырағанын жазған едік. Қоғам белсендісі Санжар Боқаев плиткалардың қала сыртына әкетіліп, сатылып жатқанын айтып, бюджет қаржысының талан-таражға түскенін мәлімдеді. Ал әкімдік болса, төсеуіштің ескіргенін алға тартып, ауыстыру жұмыстары аясында алынған плитканың бір бөлігі мұқтаж отбасыға берілгенін хабарлады.

Айым Атамбаева
Дүйсенбі, 08 Қыркүйек, 2025 12:49
Талқылау