"Бір аяғым жоқ екенін дәлелдей алмай жүрмін": Әлеуметтік қорғау басқармасы астаналық тұрғынның мүгедек екеніне сенбейді
Stan.kz редакциясына Астанада тұратын мүгедектігі бар тұрғын Серікжан Аманжолов көмек сұрап жүгінді. Айтуынша, ол "Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау" басқармасына протез жаңарту және мемлекет есебінен санаторийге бару мәселесі жөнінде жүгінген. Бірақ басқармадағылар ер адамға “мүгедек екеніңізді және Аманжолов С деген өзіңіз екенін дәлелдеуіңіз керек” деп талап қойған. Ал оның 37 жылдан бері мүгедектігі бар екені түрлі құжаттарда анық көрсетілген. Ол бұл туралы бізге толығырақ айтып берді.
Адвокат, заңгер Ержан Болатбек. Фото жеке архивінен
“Бүкіл құжатымды жоққа шығарып, қайта анықтап кел” дейді
Серікжан Аманжолов 1987 жылы Ақбұлақ совхозында (қазіргі Абай облысы) әріптесінің салғырттығынан жұмыс барысында жазатайым оқиғаға тап болып, бір аяғынан айырылған. Сол жылдан бері ол кісі мүгедектігі бар болып танылған. Алғашында II топ мүгедегі болып, 1993 жылы жұмысқа тұру мақсатында III топқа да ауысып алған. Осы уақытқа дейін үкіметке қол жаймай, өз күнін өзі көріп жүрген. Арасында Семейде протезін жаңартып отырған. Көбіне оны да өзі сатып алады.
Кейін ол Астанаға көшкен. 2024 жылы Астанадағы "Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау" басқармасына протезін жаңарту және алғаш рет мемлекет есебінен санаторийге бару мәселесі жөнінде жүгінеді. Басқарма 37 жылдан астам мүгедек болып танылып келген адамға аты-жөні “Аманжолов С” екенін, яғни мүгедек өзі екенін дәлелдеу керек деп талап қойған. Басқарманың айтуынша, 1987 жылы жазылған жазатайым оқиға туралы актіде "Аманжолов С" деп, яғни есімі толық жазылмағандықтан, оған сот арқылы заңды тұрғыдағы фактіні анықтау керек. Яғни, “Аманжолов С” деген Аманжолов Серікжан екенін дәлелдеу керек.
“Мүгедектігі бар жанмын, бір аяғым жоқ. Орнында протез тұрғанын дәлелдей алмай жүрмін. Мен секілді өмірдің зардабын, тауқыметін тартқан қаншама жандар бар. Мен мұны осы процесс жүріп жатқан кезде өз көзіммен көрдім. Тағайындалған әлеуметтік жәрдемақы да аз, жетпейді. Өз басымды айтсам, жұмыстағы жағдай салдарынан мүгедек болып қалғанымды сонша жылдан кейін дәлелдей алмай жүрмін. Негізі бұл туралы анықтамаларымның бәрі түгел. Бірақ басқарма оның бәрін жоққа шығарып, қайтадан анықтап алып кел дейді. Мен оны қайдан анықтап келе аламын, осы жағы да түсініксіз. Ал мен секілді қаншама адам бар”, – дейді Серікжан Аманжолов.
Бұған қоса Аманжоловтың толық аты-жөні жазылған өзге де құжаттары түгел. Мысалы, ауыл әкімінің анықтамасы, мүгедектігі туралы анықтама және 30 жыл бойы жиналған өзге де құжаттар. Бірақ басқарма мен судья бұл фактілер мен құжаттарды дәлел көрмей отыр. Сол себепті тұрғын Астана қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасын сотқа берді.
Жәбірленушінің адвокаты Ержан Болатбек те бұл әрекетті заңға қайшы деп отыр.
“Бұл – өте абсурдты дүние. Ең біріншіден, бұл заңға қайшы. Мемлекеттік мекемелердің азаматтарды осылай шыр айналдыруын қоюы үшін Қазақстанда Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс қабылданған. Кодекстің 14-бабы Формальды талаптарды теріс пайдалануға тыйым салу деп аталады. Оған сәйкес, әкімшілік органның, лауазымды адамның әкімшілік рәсімге қатысушының құқығын іске асырудан бас тартуына, шектеуіне, тоқтатуына, сонымен қатар оған Қазақстан заңнамасында белгіленбеген талаптарды сақтау мақсатында міндет жүктеуіне тыйым салынады. Қарапайым тілмен айтқанда заңмен көзделмеген дүние болмаса, адамға қосымша талаптар қоюға болмайды. Оған қоса Азаматтық кодекстің 8-бабында берiлген құқықтарды жүзеге асырған кезде адал, парасатты және әдiл әрекет жасауы керек деген дүние бар. Жалпы ақылға қонымды, логикаға сай әрекет жасау – жалпы адамзаттық қағида”, – дейді адвокат.
Астананың мамандандырылған әкімшілік соты: Аманжолов С деген Сәбит, Сергей де болуы мүмкін
Осы іске қатысты бірінші сот отырыстарында Астананың мамандандырылған әкімшілік сотының татуластырушы судьясы басқарма әрекеті заңсыз екенін, адамның өзінің өзі екенін анықтау үшін сотқа беруге болмайтынын, басқарма формалды талапты теріс пайдаланып, мүгедек адамның құқығын бұзып, оны жүгіртіп отырғанын айтқан. Сот егер басқарма бұл заңсыз әрекетін қоймаса, оны жазалауы да мүмкін екенін ескерткен.
Алайда 17 қазан күнгі сот отырысында судья Б.Б.Бияхметова басқарманың талабы дұрыс болуы мүмкін депті.
“Іс бойынша тағайындалған судья Бағдагүл Досмағұлованың пікірінше, "Аманжолов С" деп қана жазылғандықтан, ол Аманжолов Сәбит, Сергей де болуы мүмкін. Бұл – логикаға қонымсыз дүние. Сонда ол 1987 жылы Ақбұлақ совхозында дәл осындай фамилиясы бар, дәл сол уақытта, дәл сондай жарақат алып, мүгедек болған жан бар деген тұжырым жасап отыр. Демек Аманжоловтың 37 жыл мүгедек болғаны, мемлекет оны сол совхозда жазатайым оқиға тап болғанын мойындап жүргені жеткіліксіз екен. Ақылға қонбайды. Сергей болуы мүмкін деп мазақтағандай болды”, – деп қосты Ержан Болатбек.
Заңгер Астананың "Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау" басқармасы мүгедектерді артық сандалтуды тоқтатуы қажет дейді. Олардың осы мәселені қозғауының және сотқа беруінің тағы бір себебі – осы. Ол Аманжоловқа көмектесемін деп мүгедектігі барлар мемлекеттік қызметті әрең алатынын көрген.
“Мысалы, кез келген адам мемлекеттік қызмет алса, оның статусы жайлы смс хабарлама келеді. Ал біздің жағдайда жауап алу үшін ХҚҚО-да жарты күн жүріп, келіп тұрған жауапты ала алмай, арнайы шағым түсіру керек болды. Тек содан кейін ғана протезды жаңартудан және санаторийге жіберуден бас тарту туралы жауап келді”, – дейді заңгер.
Сонымен қатар заңда мүгедектерге мемлекеттік қызметтен бас тартылған жағдайда алдын ала шешім жіберіліп, ол бойынша тыңдалым өткізу қажет екені айтылған.
“Біздің жағдайда алдын ала шешім мен тыңдалымнан бөлек, қарапайым жауап алу қиынға соқты. Яғни нақты жазылған заң талаптары орындалмайды. Осы орайда Скуб Илья Васильевич басшы болып отырған Астана қаласының "Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау" басқармасының заңды өрескел бұзып, мүгедектерді шыр айналдырып жүргені өте сорақы дүние деп санаймын. Бұл басқарма әлеуметтік қолдауға қарағанда қорлаумен көбірек айналысып жатқан сияқты. Бұл сұрақ тек оның емес, барлық Қазақстандағы мүгедектігі барлардың құқығына қатысты”, – деді адвокат.
Олар бұл мәселе халық пен құзырлы мекемелерге жетсе екен деп отыр. Адвокаттың сөзінше, келесі отырыс 11 қарашаға жоспарланған.