Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Әлемнің ең үздік футбол командасы "Реал Мадридтің" құрылғанына 123 жыл

Бүгін футболдан XX ғасырдың ең үздік командасы “Реал Мадридтің” құрылғанына 123 жыл толды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: realmadrid.com/en-US

1902 жылдың 6 наурызында Падрос және Хулиан Паласиос есімді испандық азаматтар “Мadrid Football Club” атты команданы құрды. Испандық клуб 1920 жылға дейін осылай аталды. Алайда осы жылдың 29 маусымында Испания патшасы Альфонс XXIII командаға “Патшалық” деген атақ берді. Ал испан тілінде “патшалық” сөзі “реал” деп аталады. Осылайша клуб “Реал Мадрид” атауына ие болды.

Корольдік клуб құрылған сәттен бастап-ақ барша Испанияға атағы тез тарады. Кубоктық жарыста финалға дейін сүрінбей жетті. Алайда, финалда “Атлетик Бильбаоға” есе жіберді.

“Реал Мадрид” кәрі құрлықта 1950 жылдан бастап танымал бола бастады. 1955/1956 жылы ішкі біріншілікті жеңген мадридтіктер Еуропа чемпиондарының кубогына қатысуға мүмкіндік алды. Айта кетейік, астаналықтар бұл додаға Испания атынан қатысқан тұңғыш команда ретінде тарихта қалды.

Еуропаның үздіктері жиналған жарыстың алғашқы жылында-ақ “Реал Мадрид” чемпион атанды. 1956-1960 жылдар арасында Чемпиондар кубогын испандық команда қатарынан бес рет жеңіп алды. Сондай-ақ, байрақты бәсекеге команда қатарынан 15 жыл қатысты.

Мадридтің XX ғасырдағы алтын дәуірінде Альфредо Ди Стефано, Раймон Копа, Ференц Пушкаш, Франциско Хенто, Хосе Сантамария, Амансио секілді атақты футболшылар өнер көрсетті. Әлем бұл ойыншыларды “алтын аяқты спортшылар” деп атайтын.

Ғасырлар тоғысында мадридтік команда араға 32 жыл салып Чемпиондар лигасында қайта жеңімпаз болды. 1998 жылы неміс маманы Юпп Хайнкестің басшылығымен команда Еуропаның ең үздік командасы атанды. Кәрі құрлықтың басты додасын “Реал Мадрид” 2000, 2002 жылдары тағы екі рет ұтты.

Осыдан соң команданың он екі жыл бойы Еуропада жолы болмай-ақ қойды. Клуб президенттігіне келген Флорентино Перес Мадридке “галактикос” аталып кеткен керемет құрамды жинады. Роналдо, Роберто Карло, Дэвид Бэкхем, Зинедин Зидан, Луиш Фигу, Рауль, Макелеле сынды әлемнің ең жарық жұлдыздарының басын қосқан клубқа сол кезеңде барлығы қызыға қарады. Алайда, бұл құрам қанша мықты болғанымен Чемпиондар лигасын жеңе алмады.

Корольдік клубтың Еуропадағы атағы 2014 жылы қайта көтеріле бастады. Команда тізгінін ұстаған италияндық маман Карло Анчелотти 2013/2014 жылғы футбол маусымында “Реал Мадридтің” Испаниядағы бітіспес қарсыласы “Барселонаны” жолда қалдырып, Кубокты ұтты. Ал Чемпиондар лигасында тағы бір мадридтік команда “Атлетиконы” финалда жеңіп, кубокты 10 рет төбелеріне көтерді. Осылайша, Криштиану Роналду, Серхио Рамос, Икер Касильяс, Гарет Бэйл, Карим Бензема бастаған жігіттер “Реал Мадридті” Чемпиондар лигасын 10 рет жеңген алғашқы команда атандырды.

Тарихты жаңартқанды жақсы көретін мадридтіктер мұнымен тоқтап қалмады. 2016 жылдың басында клубқа бас бапкер ретінде команданың экс-ойыншысы, француз Зинедин Зидан келді. Футбол маэстросы “Реал Мадридпен” Чемпиондар лигасын 2016-2018 жылдар арасында қатарынан 3 рет жеңіп алды. Өз кезегінде кәрі құрлықтың басты додасында турнирді қатарынан үш рет ұтқан алғашқы команда ретінде тарихқа тағы да өз есімдерін жазды.

2021 жылы корольдік клубтың бас бапкерлігіне Карло Анчелотти қайта келді. Италиялық маман “Реал Мадридті” үздіктер жарысында 2022, 2024 жылдары тағы екі рет жеңімпаз етті.

Осылайша, мадридтің “Реалы” Чемпиондар лигасын өз тарихында 15 рет жеңіп, рекорд орнатты. Одан бөлек, 123 жылда команда ішкі чемпионатты 36 рет жеңді. Испанияда әлі Ла Лиганы осылай көп ұтқан команда жоқ.

“Реал Мадрид” халықаралық өзге жарыстарда да сәтті өнер көрсетті. 5 рет клубтық әлем чемпионатын, 6 рет УЕФА суперкубогын, 2 рет Еуропа лигасын, 20 рет құрлықаралық кубокты ұтты.

Әлемнің ең үздік командасының 123 жылда жүріп өткен жолы осындай. Клубтың қазіргі президенті Флорентино Перес туған күн қарсаңында “Реал Мадрид” тарихын сараптай келе, алдағы уақытта да жеңімпаз атануды тоқтатпайтынын айтты.

 

Талқылау