Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Әлемдік PWL 8 күрес турнирі Алматыда өтеді

Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында әлемнің күрес жұлдыздары қатысатын Professional Wrestling Leаgue (PWL) турнирі өтеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: instagram.com/wrestliga_com

Сегізінші рет ұйымдастырылып жатқан жарыста күрес әлемінің мықтылары кездесу өткізеді. Атап айтсақ, Рио-2016 олимпиадасының чемпионы, үш дүркін әлем чемпионы Кайл Снайдер келеді. Америкалық атлеттің қарыласы Қазақстан тарихындағы еркін күрестен алғашқы әлем чемпионы Ризабек Айтмұхан болмақ.

Мықтылар қатарында 2020 жылғы Токио олимпиадасының күміс жүлдегері Магомедхабиб Кадимагомедов бар. Беларусь спортшысының жарыстағы қарсыласы еркін күрестен Қазақстан құрамасының капитаны, екі дүркін әлем чемпионатының қола жүлдегері, үш дүркін әлем чемпионы Азамат Дәулетбеков.

PWL 8 турнирінде тағы бір отандасымыз өнер көрсетеді. Үш дүркін Азия чемпионы, әлем чемпионатының төрт рет жүлдегері болған Жәмиля Бақбергенова боз кілемде Айпері Медетқызымен кездеседі. Қырғыздық балуан қыз Азияның екі дүркін жеңімпазы, әлем чемпионатының екі рет жүлдегері атанды.

Байрақты бәсеке Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында 25-ақпан күні өтеді.

 

Талқылау