Әлемдегі ең бай спортшылар кімдер
Әйгілі «Forbes» журналы тарихтағы ең бай 20 спортшының тізімін жариялады. Осы орайда олар барлық саңлақтардың жалақысы мен сыйақысын, жарнамадан түскен пайдасын және басқа да табыс көздерін есепке алған екен.
Ең бай спортшылар көшін Майкл Джордан бастап тұр. 53 жастағы даңқы жер жарған баскетболшының бағындырмаған белесі жоқ, деп жазады Айқын газеті.
Кезінде ол Ұлттық баскетбол лигасының ең белді клубтарында ойнап, көптеген рекордтық көрсеткіштерге қол жеткізді. АҚШ құрамасы сапында Лос-Анджелес пен Барселона Олимпиадасының жеңімпазы атанды. Ойын алаңында жүріп-ақ Джордан бизнеспен айналысып, мол олжаға кенелудің көзін тапты. Киім шығарды, сауда-сатыққпен айналысты, іргелі компанияларды басқарды, кино мен жарнамаға түсті… Бүгінгі таңда Майклдың табысы – 1,7 миллиард АҚШ долларды құрап отыр.
Екінші орында – Тайгер Вудс. Ақсүйектер ойнайтын гольф спортының хас шебері өз дәуірінің теңдессізі атанды. «Мастерс» турнирін 4 мәрте ұтып, АҚШ пен Ұлыбританияның ашық біріншілігінде 3 реттен топ жарды. Өзінің спорттық карьерасында америкалық спортшы PGA туры санатына кіретін дүбірлі додаларда 77 рет жеңімпаз атанды. 40 жастағы Тайгердің табысы –1,65 миллиард доллар.
1 миллиард доллардан аса табыс тапқандар арасында тағы үш спортшы бар. Олар – Арнольд Палмер, Джек Никлаус және Михаэль Шумахер. Есімдері алғаш аталған АҚШ-тың қос азаматы гольф шеберлері. Оларды жеке-жеке таныстырсақ, Арнольд Палмер осы спорт түрін серік еткен жылдары 1,35 миллиард пайда тапқан екен. Үстіміздегі жылдың 25 қыркүйегінде ол 88 жасқа қараған шағында жарық дүниемен қош айтысты. 76 жастағы Джек Никлаус әлі де тың. Оның табысы – 1,15 миллиард. Бесінші орынға жайғасқан Михаэль Шумахер «Формула-1» спортының майталманы. Оның да жүріп өткен жолы жарқын жеңістерге толы. Жалғанды жалпағынан басып жүрген неміс жүргізушісі 2013 жылдың 29 желтоқсанында Альпы тауында шаңғы тебемін деп, ауыр жарақат алды. Соның салдарынан Майкл ұзақ уақыт бойы өмір мен өлімнің арасында жатты. Қазіргі кезде де денсаулығы оңала қойған жоқ. Сол жарақат алғанға дейінгі Шумахердің тапқан табысы 1,1 миллиард долларды құрайды.
Сондай-ақ әлемдегі ең бай 20 спортшының тізімінен мына есімдерді кезіктіруге болады: Кобе Брайант (баскетбол, 770 млн.), Флойд Мэйвезер (бокс, 765 млн.), Фил Микельсон (гольф, 760 млн.), Дэвид Бекхэм (футбол, 730 млн.), Шакил О’Нил (баскетбол, 700 млн.), Майк Тайсон (бокс, 685 млн.), Грег Норман (гольф, 680 млн.), Леброн Джеймс (баскетбол, 640 млн.), Криштиану Роналду (футбол, 620 млн.), Роджер Федерер (теннис, 600 млн.), Алекс Родригес (бейсбол, 600 млн.), Лионель Месси (футбол, 520 млн.), Джефф Гордон (НАСКАР, 515 млн.), Оскар Де Ла Хойя (бокс, 510 млн.) және Мэнни Пакьяо (бокс, 490 млн.)
Жіберіп алмаңыз:
Қазақтың үш боксшы қызы әлемдік рейтингте көш бастады