Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Әлемде алғаш рет климаттың өзгеруінен зардап шеккен науқас тіркелді

Канадалық дәрігер Кайл Мерритт әлемде алғаш рет науқасқа климаттың өзгеруіне байланысты пайда болған диагноз қойды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі The Science Times басылымына сілтеме беріп.

Аталған диагноз Канаданың батысындағы Британдық Колумбия провинциясының тұрғыны 70 жастағы әйелге қойылған. Ол тыныс алу проблемаларына шағымданды.

Дәрігер Кайл Мерритт науқастың шағымдарын талдап, аурудың алғашқы белгілері басталған уақытты салыстыра отырып, оның жағдайы қатты жылыну мен ауа сапасының нашарлығынан туындаған деген қорытындыға келді.

Өткен жазда Канадада ел тарихындағы ең жоғары ауа температурасы тіркелді. Ол шамамен +46 градус болған. Ал ауада орман өрттерінен кейінгі зиян тиіс тұрған. Дәрігер науқастың картасына осы мәліметтерді көрсетіп, климаттың өзгеруіне байланысты туындаған астма диагнозын қойды.

"Егер біз аурудың негізгі себебін анықтамай, симптомдарды емдеуді жалғастыра берсек, біз одан сайын артта қаламыз", – деді Кайл Мерритт.

Дәрігер бұрын депрессияға шалдыққан не жиі мазасызданатын пациенттерінің жағдайы орман өрттері кезінде нашарлағанын атап өтті.

Кайл Мерритт әріптестерімен бірге "планетаның саулығы үшін жұмыс істейтін дәрігерлер мен медбикелер" тобын құрған. Олар қоршаған ортаны қорғау арқылы адам денсаулығын жақсартуға ниетті.

Айта кетейік, ДДҰ болжамы бойынша, 2030 жылдан 2050 жылға дейінгі кезеңде климаттың өзгеруі жыл сайын 250 мыңға жуық адамның қайтыс болу себептерінің бірі болады.

 

Талқылау