АҚШ-тағы ұшақ апаты, Беларусьтегі президент сайлауы, Сирияның жаңа билігі: Әлемде не болып жатыр
Осы аптада әлемде бірқатар қайғылы оқиғалар мен саяси өзгерістер орын алды. Бортында 64 жолаушысы бар ұшақ Вашингтон әуежайының маңында тікұшақпен соқтығысты. Алдын ала ақпарат бойынша борттағылардың ешқайсысы тірі қалмаған. Ал Беларусьте президент сайлауы өтті. Еуроодақ бұл сайлау нәтижелерін қабылдамайтынын мәлімдеп, сайлаудың әділ өтпегенін алға тартқан. Оған қоса Сирияның жаңа билігі Ресейден Башар Асадты қайтаруды және өтемақы төлеуді талап етті. Stan.kz тілшісі әлем жаңалықтарына апталық шолу ұсынады.
Вашингтондағы ұшақ апаты
30 қаңтар кешкі сағат 22:00 шамасында Вичитадан Вашингтонға бағыт алған American Airlines әуе компаниясының жолаушылар ұшағы оқу-жаттығу ұшуын орындап жүрген Black Hawk әскери тікұшағымен соқтығысты. Апат салдарынан екі ұшақ та Потомак өзеніне құлаған.
Жолаушылар ұшағындағы 60 жолаушы мен төрт экипаж мүшесі, сондай-ақ тікұшақ бортындағы үш әскери қызметкер қаза тапты.
Фото: Andrew Harnik /Getty Images
Тікұшақпен соқтығысқанға дейінгі диспетчерлік жазбалар жарияланды. Диспетчер сағат 20:47-де "PAT25, сіз CRJ-ді көріп тұрсыз ба? PAT25, CRJ-дің артқы жағымен ұшыңыз" деген нұсқау берген.
Алайда бірнеше секундтан кейін басқа ұшақтың ұшқышы диспетчерге қоңырау шалып, "Мұнара, болған жағдайды көрдіңіз бе?"деп сұраған. Дәл осы кезде апат орын алған деген болжам бар.
Оқиғадан кейін диспетчер 33-ұшу-қону жолағына бет алған ұшақтарды айналып өту үшін қайта бағыттаған.
Апат Кеннеди орталығының веб-камерасына түсіп қалды. Куәгерлердің айтуынша, соқтығысу кезінде әуеде жарылыс болған, содан кейін ұшақ суға құлап, жалынға оранған. Веб-камера деректеріне сәйкес, апат жергілікті уақыт бойынша 20:48-де болған.
Фото: Getty Images
АҚШ президенті Дональд Трамп Truth Social желісінде өзінің күмәнін білдіріп, тікұшақ экипажы мен авиадиспетчерлердің әрекеттерінің түсініксіз екенін айтты. Трамп ұшақ апатының алдын алуға болатын еді деп есептейді.
“Әуе кемесі әуежайға жоспарлы және қалыпты түрде жақындап келе жатты. Ал тікұшақ ұзақ уақыт бойы тікелей ұшаққа қарай бағыт алған. Ауа райы ашық еді, ұшақтың шамдары жанып, анық көрініп тұрған. Тікұшақтың не себепті бағытын өзгертпегені, биіктігін азайтпағаны немесе жоғары қарай ұшпағаны түсініксіз. Диспетчер неліктен тікұшақтан “ұшақты көріп тұрсыз ба” деп сұраудың орнына соқтығысуды болдырмау үшін шара қабылдамаған. Бұл жағдайдың алдын алуға болар еді", – деді Трамп.
Артынша Дональд Трамп ұшақ апатында қаза тапқандардың жақындарының қайғыларына ортақтасатынын жеткізді. Ол ұшақтағы барлық адамдардың қаза тапқанын растады.
Құтқарушылар 40 адамның мәйітін тапты. Құрбандар арасында мәнерлеп сырғанаудан бұрынғы әлем чемпиондары Евгения Шишкова мен Вадим Наумов және олардың мәнерлеп сырғанаушы ұлы Максим Наумов та болған. Сонымен қатар, оқу-жаттығуынан қайтып келе жатқан бірнеше америкалық мәнерлеп сырғанаушы, олардың отбасылары мен жаттықтырушылары да осы рейсте болған.
Террорлық әрекет болуы мүмкін бе?
Фото: Getty Images
ФБР ұшақ апаты лаңкестік әрекеттің нәтижесі болды деген пікірді жоққа шығарды.
"Бұл әуе апатында қылмыс немесе лаңкестік белгілер жоқ", – деді арнайы қызмет өкілі.
АҚШ президенті ұшақ апатына қарамастан әуе кеңістігінің қауіпсіз екенін айтып, халықты қорықпауға шақырды.
“Ұшақ сапарынан қорқудың қажеті жоқ. Бізде әлемнің кез келген жерімен салыстырғанда авиациялық қауіпсіздік жоғары”, – деді Трамп.
Пентагон тергеу бастағанын мәлімдеді. Қорғаныс министрі Пит Хегсет әскери тікұшақты түнде көру көзілдірігін киген, өте тәжірибелі экипаж басқарғанын хабарлады. Оның айтуынша, тікұшақ Форт-Бельвуарда орналасқан 12-ші авиациялық батальонға тиесілі болған, ал экипаж мүшелері жыл сайынғы оқу-жаттығу ұшуын орындап жатқан.
Хегсет сондай-ақ журналистерге Black Hawk тікұшағының биіктігіне қатысты мәселе туындаған болуы мүмкін екенін айтты.
Армия авиациясы қолбасшылығы штабының бастығы Джонатан Козиол тікұшақты басқаруға тағайындалған нұсқаушы ұшқыштың 1000 сағат, ал екінші ұшқыштың 500 сағаттық ұшу тәжірибесі бар екенін растады. Үшінші экипаж мүшесі әдетте тікұшақтың артқы жағында отыратын әскери қызметкер еді.
"Тергеу барысында әуе кемесінің оқиға кезінде белгіленген дәлізде және дұрыс биіктікте ұшқаны тез арада анықталады деп күтеміз", – деді Хегсет.
Бұл қайғылы оқиға АҚШ-тағы ең ірі әуе апаттарының бірі болып саналады. 2009 жылы Нью-Йорк штатында Colgan Air ұшағы апатқа ұшырап, 49 адамның барлығы қаза тапқан болатын. Осыған ұқсас оқиғалардың қайталануын болдырмау үшін авиация қауіпсіздігіне байланысты шараларды қайта қарау қажеттігі туындап отыр. Қазіргі тергеу жұмыстары әуе диспетчерлерінің әрекеттерін және оқу-жаттығу рейсінің қауіпсіздік талаптарына сәйкестігін анықтауға бағытталған.
Лукашенко Беларусьтегі президент сайлауында жетінші рет жеңіске жетті
Фото: РИА Новости
Беларусьте 26 қаңтар күні президент сайлауы өтті. Мемлекет басшысы лауазымына бес үміткер, оның ішінде қазіргі президент Александр Лукашенко да таласқа түскен.
Беларусь Конституциясына сәйкес, ел президенті бес жыл мерзімге сайланады. Сайлау еркін және жалпыға бірдей, тең және төте сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы өткізіледі.
Беларусьтің Орталық сайлау комиссиясының (ОСК) алдын ала мәліметі бойынша, Александр Лукашенко елдегі президенттік сайлауда жетінші рет жеңіске жетті. Ол сайлаушылардың 86 пайыздан астамының дауысын жинады.
Лукашенкодан бөлек, сайлауда тағы төрт үміткер бақ сынады. Республикалық "Еңбек және әділет" партиясының жетекшісі Александр Хижняк 1,74 пайыз, Беларусь либералдық-демократиялық партиясының жетекшісі Олег Гайдукевич 2,02 пайыз, коммунистік партия орталық комитетінің бірінші хатшысы Сергей Сыранков 3,21 пайыз, бұрынғы президенттікке кандидат әрі кәсіпкер Анна Канопатская 1,86 пайыз дауыс жинады. Ал сайлаушылардың 3,60 пайызы барлық кандидаттарға қарсы дауыс берген.
Орталық сайлау комиссиясының мәліметіне сәйкес, сайлаушылардың 85,70 пайызы дауыс берген. Аймақтар бойынша ең жоғары қатысу көрсеткіші Могилев облысында тіркеліп (92,64%), ең төменгі көрсеткіш Минск қаласында (69,72%) болған. Жалпы, сайлаушылар тізімінде 6,9 миллион азамат болған.
Лукашенко өзі "барлығы үшін" дауыс бергенін мәлімдеді.
Александр Лукашенко 1994 жылдан бері Беларусь президенті. Биыл ол 71 жасқа толады. 2022 жылы президентті тек екі мерзімге сайлауға түсе алады деген заң республика конституциясына қайтарылған. Нәтижесінде бұл заң жойылды. Сондықтан Лукашенко 2029 жылы қайта сайлауға түсе алады.
Еуропа нәтижелерді мойындамады
Фото: АР
22 қаңтарда Еуропарламент Беларусьтегі сайлау нәтижелерін мойындамау туралы қарар қабылдады. Дауыс беру күні Лукашенко Батыстың сайлау нәтижелерін мойындау немесе мойындамау мәселесіне мән бермейтінін айтты.
"Мен үшін ең бастысы – беларусь халқының бұл сайлауды мойындауы және оның тыныш өтуі", – деді ол.
26 қаңтарда Беларусьтегі сайлау аяқталғаннан кейін, Еуроодақтың сыртқы істер министрі Кадри Симсон мен ЕО-ның кеңею жөніндегі комиссары Марта Кос бірлескен мәлімдеме жасап, Беларусьтегі президенттік сайлауды жалған деп бағалады.
"Бүгінгі Беларусьтегі сайлау еркін де, әділ де өткен жоқ", – делінген мәлімдемеде.
Айта кетейік Беларусьтегі алдыңғы президенттік сайлау 2020 жылы өткен еді. Ол кезде оппозиция атынан үш үміткер – блогер Сергей Тихановский, банкир Виктор Бабарико және кәсіпкер Валерий Цепкало сайлауға қатысуға ниет білдірген. Алайда, Тихановский сайлауалды науқан кезінде қамауға алынып, оның әйелі Светлана Тихановская оның орнына кандидат ретінде тіркелді. Ал Бабарико мен Цепкалоны Орталық сайлау комиссиясы тіркеуден бас тартты.
Сол сайлауда Лукашенко 80 пайыздан астам дауыс жинады. Оппозиция Светлана Тихановскаяның жеңіске жеткенін алға тартып, ресми нәтижелерді мойындамады. Дегенмен, ОСК мәліметінше, Тихановская 9,9 пайыз дауыс жинаған. Сайлаудан кейін елде бірнеше айға созылған жаппай наразылық шерулері өтті. Алайда, билік оны күшпен басып-жаншыды.
Сирияның жаңа президенті тағайындалды
Фото: АА
"Хаят Тахрир аш-Шам" тобының басшысы Ахмед аль-Шараа (Абу Мухаммеда аль-Джулани) Сирияның жаңа президенті болып тағайындалды. Бұл туралы Сирияның мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдары хабарлады.
Кейбір елдерде, лаңкестік ұйым ретінде тыйым салынған "Хаят Тахрир аш-Шам" тобы 2024 жылдың желтоқсанында Башар Асад режимін құлату үшін көтерілісшілердің шабуылын ұйымдастырған болатын. Ол көтерілісті Ахмед аль-Шараа басқарды.
Әбу Мұхаммед әл-Джулани деген атпен танымал Ахмед аль-Шарааға жаңа билік елдің жаңа конституциясы қабылданғанға дейін уақытша заң шығарушы кеңесті құру құқығын берді. Оның тағайындалғаны Дамаскіде өткен жиында жарияланды. Бұл жиынға "Хаят Тахрир аш-Шам" басқаратын көтерілісшілер альянсына кіретін басқа да қарулы топтардың басшылары қатысты.
Жаңа билік Башар Асад режимін қолдаған барлық әскери құрылымдар мен барлау қызметтерінің таратылғанын хабарлады. Олардың орнына жаңа қауіпсіздік құрылымы құрылады, бірақ оның нақты қандай болатыны туралы әзірге ақпарат берілген жоқ.
Ахмед аль-Шараа жаңа үкіметтің ешкімге қауіп төндірмейтінін және оны Ауғанстандағы Талибан режимімен салыстыруға болмайтынын бірнеше сұхбатында мәлімдеді. Оның айтуынша, Сирияның жаңа билігі әйелдердің құқықтарын шектемейді, білім беру жүйесін барлығына қолжетімді күйінде сақтайды және барлық қарулы исламшыл топтарды қарусыздандырады.
Көтерілісшілер Дамаскіні басып алғаннан кейін, көптеген елдердің өкілдері Ахмед аль-Шараамен кездесу өткізді. 31 қаңтарда Ресейдің сыртқы істер министрінің орынбасары Михаил Богданов пен Ресей президентінің Сирия бойынша арнайы өкілі Александр Лаврентьев жаңа билік басшысымен келіссөздер жүргізді.
Бұл өзгерістер Сирияны қандай бағытқа бастайтыны әзірге белгісіз. Әлем елдері жаңа үкіметтің әрекеттерін мұқият қадағалап отыр.
Жиһадшыдан саясаткерге дейін: Ахмед аль-Шараа кім?
Фото: Getty Images
Ахмед аль-Шараа 19 жасында Иракқа кетіп, АҚШ басқыншылығына қарсы күрес жүргізген "Әл-Каида" ұйымына қосылған. 2006 жылы ол Иракта американдық күштер тарапынан тұтқындалып, бес жылға жуық түрмеде отырды.
Түрмеден шыққан соң, оған "Әл-Каиданың" Сирияда филиалын ашу міндеті жүктелді. Бұл тапсырманы ол сәтті орындағанымен, кейіннен топтың жаһандық халифат құру идеясынан алыстап, Сириядағы ықпалын нығайтуға бағытталған саясатын жүргізе бастады.
Асад режимінің құлатылуынан кейін көптеген сириялықтар, әсіресе этникалық және азшылық топтар, сондай-ақ Батыс елдерінің көшбасшылары жиһадшы өткеніне қарамастан, аль-Шарааның Сирия билігінің басына келуін қалағандарын жасырмаған.
Сирияның жаңа билігі Асадты экстрадициялауды талап етті
Фото: РИА Новости
28 қаңтарда Ресей cыртқы істер министрінің орынбасары Михаил Богданов бастаған делегация билік ауысқаннан кейін алғаш рет Сирияға келді. Делегация құрамында Ресей президентінің Сирия бойынша арнайы өкілі Александр Лаврентьев және бірқатар ресейлік компаниялардың өкілдері болды.
Сирия тарапы атынан келіссөздерге уақытша президент Ахмед аш-Шараа, Сыртқы істер министрі Асад аш-Шибани және Денсаулық сақтау министрі Махер аш-Шараа қатысты.
Кездесу үш сағатқа созылып, Ресей тарапы Сирияның егемендігі мен аумақтық тұтастығын қолдайтынын мәлімдеді.
"Кездесу жақсы атмосферада өтті. Бірақ жағдайдың қаншалықты күрделі екенін түсінеміз", – деді Михаил Богданов.
Сондай-ақ тараптар сауда-экономикалық қарым-қатынастар мен Сирия инфрақұрылымын қалпына келтіру мәселелерін талқылады. Дамаск кездесуден кейін жасаған мәлімдемесінде "Башар Асад режимі ашқан соғыс құрбандары үшін әділеттілікті қамтамасыз етуге бағытталған өтпелі сот төрелігі механизмдері" талқыланғанын атап өтті.
Сирияның жаңа билігі Ресеймен келіссөздер барысында бұрынғы президент Башар Асадты экстрадициялауды талап етті. Бұл туралы Reuters ақпарат агенттігі хабарлайды.
Исламшыл "Хаят Тахрир аш-Шам" тобы Дамаскіге қарсылықсыз кіріп, билікті құлатқаннан кейін Асад желтоқсанның басында Мәскеуге ұшып кеткен. Агенттіктің дереккөзінің хабарлауынша, экс-президентті экстрадициялау талабын көтерілісшілердің жетекшісі Ахмед аль-Шараа қойған.
Жаңа билік сондай-ақ армия мен қауіпсіздік қызметтерін noтарату туралы шешім қабылдап, Башар Асад басқаратын Араб Социалистік Баас партиясының қызметіне тыйым салды.
Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков бұл талаптарға қатысты пікір білдіруден бас тартты.
Сирияның жаңа әкімшілігі Ресеймен қарым-қатынасты қайта қарау қажеттігін мәлімдеп, Мәскеу "өтемақы, қайта құру және қалпына келтіру сияқты нақты қадамдар" арқылы сенімді қалпына келтіруі керек екенін айтты.
"Қарым-қатынастарды қалпына келтіру өткеннің қателіктерін ескеріп, Сирия халқының еркін құрметтеп, олардың мүдделеріне қызмет етуі керек", – деп мәлімдеді Дамаск өкілдері ресейлік делегациямен кездесуде.
Башар Асад билігі кезінде Ресей Сирияда екі әскери база – Тартус әскери-теңіз базасы мен Латакия маңындағы Хмеймим әуе базасын пайдаланған. Қазіргі таңда Мәскеу бұл нысандарды сақтап қалу үшін келіссөздер жүргізуде, себебі олардың болуы Ресейге Таяу Шығыс пен Африкаға ықпал етуге мүмкіндік береді.
Сириядағы Ресей әскери базалары не болмақ?
Фото: РИА Новости
Сириядағы ресейлік әскери базалардың болашағы әзірге белгісіз күйде қалып отыр. Ресей сыртқы істер министрлігінің хабарлауынша, бұл мәселе қосымша келіссөздерді қажет етеді.
Bloomberg-тің мәліметінше, Тартус әскери-теңіз базасына кіре алмаған екі ресейлік кеме бірнеше апта бойы күтуге мәжбүр болған. Сонымен қатар, Хмеймим әуе базасындағы Ресей әрекеттеріне де шектеулер қойылды.
Сирияның жаңа билігі 2017 жылы Ресей мен Сирия арасында жасалған 49 жылдық әскери базаларды пайдалану келісімін тоқтатты. Сондай-ақ 2019 жылы Тартус портын басқаруға қатысты ресейлік Стройтрансгаз компаниясымен жасалған инвестициялық келісімнің күшін жойды.
Батыс сарапшылары Дамасктің Ресеймен қарым-қатынасты қайта қарауын Еуропалық Одақтың белсенді әрекеттерімен байланыстырады. Брюссель Сирияға қарсы санкцияларды жеңілдету жолдарын қарастырып, Франция мен Германия ресми делегацияларын жіберді.
Швецияда Құранды өртеген белсенді Салван Момика өлтірілді
Фото: Reuters
2023 жылы Швецияда Құранды көпшілік алдында өртеу арқылы танымал болған ирактық белсенді Салван Момика өлтірілді. 30 қаңтарда Стокгольм соты оны арандатушылық үшін үкім шығаруы тиіс болатын.
Салван Момиканың денесі 29 қаңтарда Швецияның Стокгольм маңындағы Содерталье қаласында табылды. Оқиға кезінде ол TikTok-та тікелей эфирде отырған және атыс видеоға түсіп қалған болуы ықтимал. Expressen газетінің хабарлауынша, оқиға орнына жеткен полиция қызметкерлері телефонда тікелей эфир өшірілгенін мәлімдеген.
Стокгольм полициясы 40 жастағы ер адамның пәтерінде оқ атылып өлтірілгенін және ауруханаға жеткізілгенін хабарлады. Бірақ құқық қорғау органдары марқұмның есімін жарияламады.
Басылымның айтуынша, Салван Момиканы өлтірді деген күдікпен жасы 18-ден асқан бес адам ұсталған.
30 қаңтарда Стокгольм аудандық соты Салван Момикаға қатысты үкім шығаруы тиіс еді. Ол 2023 жылы Құранның бірнеше рет өртенуіне байланысты арандатушылық жасады деп айыпталған болатын. Алайда сот отырысы кейінге шегерілді, себебі "сотталушылардың бірі қайтыс болғандықтан" үкім шығарылмайтындығы айтылды.
Салван Момика кім?
Салван Момика 2018 жылы Ирактан Швецияға көшіп келген. Ол 2023 жылы Швецияда Құранды бірнеше рет өртеу арқылы танымал болды. Алғашқы әрекетін 28 шілде күні, Құрбан айттың бірінші күні, Стокгольмнің бас мешітінде жасады. Момика алдымен Құранның парақтарын жұлып алып, артынша өртеген.
Ол бұл әрекетін Швецияда Құранға тыйым салуды талап етуімен түсіндірді. Полициямен келісілген акцияға қарамастан, Момика этникалық негізде арандатушылық жасағаны үшін және қоғамдық орындарда өрт шығарғаны үшін екі рет хаттама алды.
Швеция премьер-министрі Ульф Кристерссон акция алдында Құранды өртеу заңды екенін мойындаса да, оны әдейі жасалған арандатушылық деп санағанын білдірді. Момиканың әрекеті Ирак пен Сирияда наразылықтарға әкеліп, Бағдадтағы Швеция елшілігіне шабуыл жасауға себеп болды. Ирак үкіметі Швециядан оны экстрадициялауды талап етті.
19 шілдеде Момика әрекетін қайталауға дайын екенін хабарлады. Ол Стокгольмдегі Швеция елшілігінің алдында Құранды және Ирак туын өртеуді жоспарлаған. Полиция өтінішті мақұлдаған. Алайда оның Құранды өртеу жоспары іске аспады, бірақ ол кітапты жұрт алдында аяғымен таптаған. Одан кейін Ирак үкіметі Швециямен дипломатиялық қарым-қатынасты толық үзу туралы шешім қабылдады.
31 шілдеде Салван Момика тағы бір рет әрекет жасады. Ол Стокгольмдегі Швеция парламенті ғимаратының алдында Құранды тепкілеп, кейін өртеді. Осы күні Момика алғаш рет шабуылға ұшырады. Тәртіп сақшылары оның қорғануына тырысқанын, бірақ бокс қолғап киген адам оны соққыға жыққаны хабарланды.
Одан кейін Момика бірнеше рет Құранды өртеп, Швецияның Мальме қаласында тәртіпсіздіктердің шығуына себеп болды. Салдарынан белгісіз адамдар бірнеше көлікті өртеп, полиция көлігіне тас лақтырған.
Швеция прокуратурасы Момика мен оның серігі Салван Наджмге қатысты төрт қылмыстық іс қозғаған.