Әлем чемпионы жеңістері үшін мемлекеттен төлем алмаған: Сот спорт министрлігін қарызды өтеуге міндеттеді

Сот Туризм министрлігінің кір тасын көтеруден әлем чемпионы Сергей Карпенкоға сыйақы беруден бас тартуын заңсыз деп тапты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Іс Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотында қаралды. 19 қаңтарда судья А.К. Ақпанова үкім шығарды.
Сот мәліметінше, Карпенконың 2016-2019 және 2021 жылдардағы әлем чемпионатындағы жеңісі үшін Туризм және спорт министрлігі сыйақы беруі тиіс болған. Алайда олар төлем жасаудан бас тартқан. Осылайша әлем чемпионы 2025 жылдың 29 қазанында сотқа шағым түсірген.
Министрлік сыйақының төленбеуіне жарыстардан бері бір жылдан астам уақыт өткені себеп болғанын айтқан. Оның үстіне спорт федерациялары төлем алуға арналған құжаттарды чемпионат аяқталған соң 10 жұмыс күні ішінде тапсыруға тиіс болған. Алайда құжат осы уақыт ішінде министрлікке жеткізілмеген.
“Өте ұят жағдай”: Еркін күрестен әлем чемпионы бір жыл бұрын уәде етілген пәтерді әлі ала алмаған
“Карпенко чемпионатқа ардагер ойыншы ретінде қатысқан және спорттағы мансабын аяқтаған. Оның үстіне өтініште Карпенконың жаттықтырушылары мен сертификатталған жарыс жазбалары туралы ақпарат болмады”, – делінген министрлік жауабында.
Десе де сот бұл дәлелдерді заңсыз деп тапты.
Сергей Карпенко әлемдік жарыстардың бірнеше дүркін чемпионы және жүлдегері:
- 2016 жыл, Ақтөбе (Қазақстан) – 1 және 2 орындар;
- 2017 жыл, Сеул (Корея) – 1 орын;
- 2018 жыл, Даугавпилс (Латвия) – 1 орын;
- 2019 жыл, Нови Сад (Сербия) – 2 орын;
- 2021 жыл, Будапешт (Венгрия) – 1 орын.
Сот министрліктің бас тартуы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің 15-1 бабында (Әкімшілік рәсімдер мен әкімшілік актілердің біркелкілігі) бекітілген қағидатты бұзғанын айтты.
Нәтижесінде сот министрлікті Сергей Карпенкоға жоғарыда аталған жеңістері үшін ақшалай сыйақы төлеуге міндеттеді. Сонымен қатар, ведомствоға талапкердің өкілінің 500 000 теңге көлемінде алымдарын және 2 360 теңге мемлекеттік бажды төлеуді тапсырды.
Сондай-ақ сот Туризм министріне азаматтардың өтінішін қарау кезінде заңнаманың сақталуын қамтамасыз етуді ұсынды. Сондай-ақ әкімшілік рәсімдердің бірыңғай қолданылуын қадағалауды міндеттейтін арнайы шешім шығарды. Министрлік қабылданған шаралар туралы бір ай ішінде сотқа есеп беруі тиіс. Сот талаптарын орындамау 20 айлық есептік көрсеткіш (86 500 теңге) көлемінде айыппұл салуға әкеп соғады.
Сот мұндай шаралар азаматтардың мемлекеттік органдарға деген сенімін қорғау және әкімшілік іс жүргізуге қатысушылардың құқықғының бұзылуының алдын алу үшін қажет екенін айтты.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстандық сурдоспортшылардың ата-анасы мен заңды өкілдері Тоқаевқа ашық хат жолдап, сурдолимпиадашылардың жетістіктері мемлекет тарапынан тиісті деңгейде бағаланбай отырғанын мәлімдеген еді.
"Теннисті таңдауыма әкем себепкер болды, ал Еленаның жетістіктері – біз үшін үлкен мотивация" – Заңғар Нұрланұлы