Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алдын ала баға беруге болмайды – Министр Балаева журналист Ботагөз Омарованың ұсталуы туралы

Ботагөз Омарова

Ақпарат министрі Аида Балаева журналист Ботагөз Омароваға іс қозғалуына байланысты пікір білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Ол “заңда көзделген барлық рәсім” аяқталғанға дейін “асығыс түсіндіру жұмыстарын жасауға, дәлелсіз қорытындылар шығаруға және алдын ала баға беруге” болмайтынын алға тартты. 

“Таратылып жатқан ақпараттың дұрыстығын тексеру – "Масс-медиа туралы" ҚР заңында бекітілген журналистердің негізгі міндеттерінің бірі. Сонымен қатар, заңнамада, атап айтқанда 68-бапта, журналистерді шындыққа сәйкес келмейтін ақпаратты таратқаны үшін жауапкершіліктен босататын жағдайлар қарастырылған, оның ішінде ресми сөздерді сөзбе-сөз, өзгеріссіз келтірілген болса. Осы сияқты кез-келген мәселелерді қарау барысында "Заң және тәртіп" қағидатын қатаң сақтау қажет деп есептейміз, өйткені заң баршаға ортақ және оны сақтау барлық азаматтар үшін міндетті”, – деп жазды мәдениет және ақпарат министрі. 

Оның сөзінше, министрлік “жағдайды мұқият бақылап отыр” және “қажет болған жағдайда өз құзыреті аясында шаралар қабылдауға дайын”.

Еске салайық, бұған дейін қазақстандық журналистер Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жасап, Ботагөз Омарованың ісін жеке бақылауына алуды сұраған еді. Сондай-ақ олар мемлекет басшысынан көрінеу жалған ақпарат тарату туралы бапты қылмыстық сипаттан алып тастауды сұрайды.

"Біз, Қазақстан журналистері, Сізге, Қасым-Жомарт Кемелұлы, Конституцияның кепілі және "Заң мен тәртіп" тұжырымдамасының авторы ретінде жүгінеміз. 2026 жылғы 20 наурызда әріптесіміз, 20 жылдан астам еңбек өтілі бар, мінсіз беделге ие журналист Ботагөз Омарова Астана қаласы Полиция департаментінің бөлімшесіне "әңгімеге" шақырылды. Ол өз еркімен барды. Бірнеше сағат ішінде оның мәртебесі өзгерді: алдымен – қорғау құқығы бар куә, кейін – Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 274-бабы ("Көрінеу жалған ақпарат тарату") бойынша күдікті", – делінген үндеуде.

Жалпы алғанда, атап өтілгендей, Ботагөз полицияда сегіз сағаттан астам болған.

"21 наурызға қараған түні сағат бірден кейін тергеу сотының отырысы өтті, оның қорытындысы бойынша оған екі ай мерзімге үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы тағайындалды. Түнгі сағат 3-тен 5-ке дейін полиция оның пәтерінде тінту жүргізді. Қай журналистік материалы үшін оған 274-бап тағылып отырғаны туралы ресми ақпарат бізде жоқ. "Масс-медиа туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 68-бабына сәйкес, журналист, редакция және бұқаралық ақпарат құралы бірқатар жағдайларда шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтерді таратқаны үшін жауапкершіліктен босатылады, соның ішінде ақпарат жеке және заңды тұлғалардың сөздерін дәлме-дәл келтіру болып табылса немесе ресми дереккөздерден алынған болса", – деп еске салды журналистер.

Үндеу авторлары Омарованың әрдайым кәсіби міндетін адал орындайтынын, фактілерді тексеретінін, құжаттарды зерттейтінін және Қазақстан Республикасы заңнамасы аясында жұмыс істейтінін атап өтті.

"Біз оның заң бұзбағанына сенімдіміз. Сізден Ботагөз Омарова ісін жеке бақылауыңызға алуды және бізді, журналистерді, осындай жағдайлардан қорғауды сұраймыз, өйткені Қылмыстық кодекстің 274-бабы жиі журналистерге қысым жасау құралы ретінде қолданылады. Сізден Конституцияның кепілі ретінде осы бапты қылмыстық сипаттан алып тастау жөнінде президенттік бастама көтеруді сұраймыз. Іс бойынша барлық мән-жайды жан-жақты, объективті және мұқият тергеуді қамтамасыз етуге, процессуалдық нормалар мен құқықтардың қатаң сақталуына кепілдік беруге және журналист Ботагөз Омароваға қатысты қылмыстық қудалауды тоқтатуға ықпал етуге шақырамыз. Құрметпен, Қазақстан журналистері және ашық айту құқығы маңызды азаматтар", – делінген үндеуде.

Назархан Уән
Жексенбі, 22 Наурыз, 2026 11:06