"Алдаркөсені Шерлок Холмстың деңгейіне көтере алмай отырмыз": Жұлдыз Әбдікәрімова балалар әдебиетіне қатысты мәселе қозғады
Отандық актриса, продюсер Жұлдыз Әбдікәрімова балалар дүкеніне барып, мәселеге тап болғанын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: https://www.instagram.com/zhuldyzabdukarimovaofficial/
Кино жұлдызының айтуынша, қазақтілді балалар әдебиеті кемшін және түрлі жанрдағы кітаптар қазақшаға аударылмаған.
“Балалармен кітап дүкеніне бардым. Келісім бойынша қазақ тілді роман, проза, фантастика алмақ болғанбыз. Бірақ мынандай мәселеге тап болдық.
Қазақтілді шығарманың басым бөлігі дала, жайлау, көшпенді ел, барымта, соғыс жайлы екен. Қалада туып-өскен бала галактика, жасанды интеллект, матрица әлемі туралы оқығысы келеді”, – деп бастады әңгімесін актриса.
Сонымен қатар актриса әдебиетімізге заманауи дүниелердің жетпей жатқанын айтты.
“Мені ойландырғаны, аграрлы өмірден урбанизацияға кеткелі қанша уақыт өтті?! Қалада туған бала жайлауды, жылқының ат-әбзелдерін біле бермейді. Бірақ ол үшін оны айыптай аламыз ба? Байқағаным бізге қалалық әдебиет, детектив, фентези жанрлары жетпейді екен. Мысалы Алдаркөсені дәл сол қалпында адам алдайтын кейіпте емес, ақылды, өте парасатты Шерлок Холмстың деңгейіне неге көтере алмаймыз? Әдебиетіміз әлеммен санасатын кез келмеді ме? Неге әдеби кейіпкерлер әлі күнге кино мен мультипликация кейіпкерлеріне айнала алмай отыр? Неге әлі ат мініп, жайлауда шапқылап жүр? Біздің кейіпкерлер жаңа уақытпен санасатын, тыныстайтын уақыт келді емес пе?”, – деп жазды өнер иесі.
Айта кетейік, “Әкемнің кітабын қазақ тілінде оқымадым” деп өкінішін білдірген Сәбит Мұқановтың қызы туралы жазған едік.