Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Альцгеймер дерті бар ер адам жұбайымен қайтадан некесін қиды

 Альцгеймер дерті бар ер адам жұбайымен қайтадан некесін қидыФото: berkeleyside.org

Альцгеймер дерті диагнозы қойылған АҚШ-тың 77 жастағы тұрғыны Майкл О’Рейли өз жұбайымен қайтадан үйлену тойын өткізді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Berkeleyside басылымына сілтеме жасап хабарлайды. 

О’Рейли Линда Фельдманға алғаш рет 1987 жылы үйленген. Олар қонақ үйде қарапайым ғана рәсім өткізіп, кейін бұрынғы некелерінен қалған үш баланы бірге тәрбиелеген. Майкл О’Рейли білікті заңгер болған. Ол АҚШ Бас прокурорының орынбасары, округ прокуроры қызметтерін атқарып, сондай-ақ құқық пәнінен сабақ берген.

Алайда 2019 жылы оған деменция диагнозы қойылып, ол мансабын тоқтатуға мәжбүр болды.

Осы уақыттан бері америкалық қарттар үйінде тұрып келеді. Ал 78 жастағы Фельдман күйеуін үнемі барып көріп жүрген. Альцгеймер ауруына шалдыққан адамдар жақындарын жиі ұмытып қалады, бірақ О’Рейли әйелін тануын тоқтатпаған. Ол әр кездескен сайын Фельдманға сүйетінін айтып отырған. Тек өздерінің бұрыннан ерлі-зайыпты екенін есіне түсіре алмаған.

Сол себепті бір күні ол Фельдманға қайтадан сезімін білдіріп, қолын сұраған. Қайта үйлену рәсімі қарттар үйінің өзінде ұйымдастырылды. Фельдман тойға туыстары мен достарын шақырған.

Бастапқыда О’Рейли абдырап, не болып жатқанын толық түсінбегендей көрінгенімен, кейін сүйіктісіне адалдық сертін беріп, мерекеде көңіл көтере де алған. Қарттар үйінің директоры бұл оқиғаны махаббат мерекесі деп бағалады.



Еске салайық, бұған дейін Өзбекстанның Ферғана облысында 70 жастағы Мамур Ота Оринбаев жеті қыздан кейін ұлды болды. Ақсақал бұл жағдайды ерекше қуаныш деп атап, ұлын Маруфжон деп қойғанын айтты. Ол 1980 жылы үйленген, алғашқы жары 53 жасында қайтыс болғаннан кейін екінші рет отау құрған. Қазір күнкөрісін пеш пен тандыр орнатып, қолөнермен айналысу арқылы табады. Ақсақал ұлының күлкісі шаршауын ұмыттыратынын айтып, денсаулық пен ұзақ ғұмыр тіледі.

Айым Атамбаева
Жексенбі, 25 Қаңтар, 2026 16:38