Алаяқтықпен сотталған азамат Қазақстан президентінің атынан мемлекеттік награда таратқан
Алаяқтық жасағаны үшін сотталған Арнұр Әпсейітов таяуда Алматыда өткен әйелдер форумында президенттің атынан кәсіпкер Жанна Канға жалған награда табыстаған. Желіде бұл жағдай наразылық тудырды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Sayasat.kz басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото видеодан алынды
Медаль қолдан жасалған және ондағы қолтаңба батысқазақстандық белгілі кәсіпкер Марат Қайырғалиевке тиесілі болып шықты.
Әпсейітовтің шартты түрде сотталғаны және пробациялық бақылауда екені белгілі болды. Алайда сотталғанына қарамастан Әлпейісов президенттің атынан награда табыстаған. Бұл желі қолданушыларының наразылығын тудырды.
"Президенттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатына жәрдемдесу орталығы төрағасының кеңесшісі, Қазақстан Республикасының Құрметті азаматы Арнұр Әпсейітов. Жігіт 21 жасында қандай еңбегі үшін осындай жоғары атаққа ие болғаны белгісіз. Бір жыл бұрын оны сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаменті ұстап, кейін 2 айға қамауға алып, артынша 5 жылға шартты түрде бас бостандығынан айырған еді", – делінген хабарламада.
Әділет министрлігі оқиғаға қатысты қоғамдық бірлестіктердің қызметі мен мемлекеттік наградаларды тапсыру тәртібін түсіндірді.
“Қоғамдық ұйымдардың қызметі Азаматтық кодекспен және "Қоғамдық бірлестіктер туралы" және "Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу туралы" заңдармен реттеледі. Заңға сәйкес, қоғамдық бірлестіктің атауы мен рәміздері мемлекеттік рәміздерді немесе басқа ұйымдардың атауларын қайталамауы керек. Бұл нормаларды бұзу сот шешімімен бірлестіктің қызметін алты айға дейін тоқтата тұруға немесе тіпті таратуға әкелуі мүмкін”, – делінген министрлік хабарламасында.
Әділет министрлігі Қазақстанда ресми құжаттар мен мемлекеттік наградаларды сатып алу немесе сату қылмыстық құқық бұзушылық болып саналатынын және айыппұл салу немесе қамауға алу жазасы берілетінін баса айтты.