"Алаяқтардың құрығына түсіп қалмаңыз": Fly Arystan жолаушысы рейске онлайн билет алып, айыппұл арқалағанын айтты (видео)
Fly Arystan әуе компаниясының жолаушысы рейске онлайн билет алып, 6 000 теңге айыппұл арқалағанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Видеодан скрин
Жолаушы Алматы қаласынан Өскеменге ұшып бармақ болған. Ол билетті Halyk қосымшасы арқылы сатып алыпты.
“Fly Arystan әуе компаниясына билетті Kaspi және Halyk қосымшалары арқылы сатып алуға болады. Ол жерде әуелі адамның тегі, сосын аты жазылады. Ал онлайн тіркеуден өтетін кезде бәрі басқаша. Ол жерде тегіңді жазатын жерге атыңды, атыңды жазатын жерге тегіңді жазуды көрсеткен. Осы үшін олар 6 000 теңге айыппұл салды. Мен әуе компанияның үстінен арыз жаздым. Fly Arystan адамдарды осылай бопсалайды екен", – деді жолаушы.
@slamovmeirambek ♬ оригинальный звук - Мейрамбек Слямов
Сондай-ақ ол онлайн тіркеуден өткенде аты-жөнін дұрыс жазғанын мәлімдеді.
"Мені Өскеменге қарай ұшатын рейске кіргізбей қойды. Бәрібір де 6 мың теңге айыппұлды төлемеймін. Билетті қосымшадан сатып алдым. Онда тегім, есімім және әкемнің аты дұрыс жазылған. Ал олар берген отырғызу талонында атым мен тегім ауысып кеткен. Осы үшін айыппұл арқаладым. Сондықтан сақ болыңыздар! Fly Arystan алаяқтарының құрығына түсіп қалмаңыздар", – деді жолаушы.
Аталған жағдайға қатысты Stan.kz ақпарат агенттігі Fly Arystan әуе компаниясынан мән-жайды сұрап білді. FlyArystan мәліметінше, жолаушы әуе билетін Halyk Travel қызметі арқылы сатып алу кезінде деректерін толтырып, тегі мен аты-жөнін қате жазып жіберген.
“Түзету байланыс орталығы арқылы жасалды. Тегіңізді немесе атыңызды өзгерту қызметі ақылы екенін еске саламыз. Оның бағасы, 1 000 және 5 000 теңге арасында. Билет беру үшін комиссия алынады. Өйткені жолаушының жеке деректері (тегі немесе аты) түзетілген кезде жаңа билет беріледі. Әуе компаниясы жолаушылар билетті сатып алу кезінде енгізілген деректердің дұрыстығына жауапты екенін еске салды”, – делінген хабарламада.
Әуе компаниясының мәліметінше, билетінде тегі немесе аты қате жазылған жолаушылар FlyArystan рейстеріне жіберілмейді.
“Тегі мен аты төлқұжаттағы немесе жеке басын куәландыратын басқа құжаттағы деректерге сәйкес латын әріптерімен көрсетілуі тиіс”, – дейді әуе компаниясы.
Айта кетейік, бұған дейін Air Astana әуе компаниясының жолаушысы рейске онлайн тіркеліп, борттағы орнынан айырылып қалғанын мәлімдеген едік.