Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алаяқтар қазақстандықтардың WhatsApp желісіне білдірмей кіріп жатыр

Фото: pixabay.com

Құқық қорғау органдары алаяқтардың WhatsApp аккаунттарына рұқсатсыз кіруге жаңа әдіс ойлап тапқанын айтып ескертті. Бұл әдіс арқылы қылмыскерлер парольді бұзбай, SIM-картаны алмастырмай-ақ чатқа толық бақылау орната алады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Қоғамдық қауіпсіздіктің қауіп-қатер мен қылмыстық тәуекелдерді болжау орталығының мәліметінше, алаяқтар GhostPairing деп аталатын схеманы қолданады. Бұл схема мессенджердің заңды функциясына қосымша құрылғыларды тіркеуге негізделген.

Шетелдік деректерге сүйенсек, қылмыскерлер пайдаланушыларға Facebook немесе WhatsApp хабарламалары сияқты сілтемелер жібереді. Бұл сілтемелер фишинг сайттарына апарады. Олар сыртқы көрінісімен танымал сервистердің интерфейсін толықтай қайталайды. "Контентке қол жеткізу" сылтауымен құрбаннан телефон нөмірі мен растау кодын енгізу сұралады. Деректерді енгізгеннен кейін алаяқ "тіркелген құрылғы" ретінде аккаунтқа байқалмай қосылады. Нәтижесінде ол барлық чатқа, медиафайлдарға, контактілерге қол жеткізіп, хабарламаларды аккаунт иесінің атынан жібере алады. Сол уақытта телефон әдеттегі режимде жұмысын жалғастыра береді, сондықтан бұзуды анықтау қиынға соғады.



Аккаунттың қауіпке ұшырағанын тексерудің жалғыз жолы – WhatsApp баптауларындағы "Тіркелген құрылғылар" бөлімін өз бетіңізше қарау. Кез келген белгісіз қосылымды мамандар дереу өшіруді ұсынады.

Полиция азаматтарға күмәнді сілтемелерге кірмеуге, растау кодын сыртқы сайттарға енгізбеуге кеңес берді. Сонымен қатар екі факторлы аутентификацияны қолданып, аккаунт белсенділігін үнемі тексеру керек.

STAN.KZ
Бейсенбі, 08 Қаңтар, 2026 11:55