Алаяқтар қазақстандық белгілі журналистің желідегі парақшасын бұзып, атынан сталкинг жасаған
Фото: Қасым Аманжол Facebook парақшасынан алынды
Белгілі журналист Қасым Аманжолдың әлеуметтік желідегі парақшаларына шабуыл жасалып, оның атынан алаяқтар сталкинг жасаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Дина есімді қыз Threads парақшасында Азаттық радиосы Алматы бюросының басшысы тарапынан сталкингке ұшырағанын жеткізді.
"Достар, мені біреу аңдып жүр. Ересек ер адам үнемі жекеме жазып, кездесуге шақыра береді. Тіпті "жаным" деп атайды. Кейін ол нөмірімді тауып алып, WhatsApp-та жазып, қоңырау шалды. Содан кейін шынымен қорқа бастадым. Айта кетейін, Instagram парақшам басқа нөмірге тіркелген. Ал бұл нөмірді санаулы адамдар ғана біледі, ашық жерде жарияланбаған. Бұл адамды мүлде танымаймын. Көмектесіңіздерші, не істеуім керек? Мүмкін оны танитындар бар шығар немесе сіздерге де жазған болар?", – деп жазды ол.
Фото: Threads желісінен алынды
Ал аталған жағдайға журналист Қасым Аманжолдың өзі жауап берді. Оның айтуынша, әлдекімдер әлеуметтік желідегі парақшасын бұзып, таныстарына жазып шыққан.
“Жарты айдағы екі жала. Түнде ұйықтап бара жатып, беймезгіл қоңыраудан ояндым. Алаңдаған іні-қарындастар екен. Threads деген желіде менің атымнан біреуге хат кетіп, ол адам менің суретімді қойып, түрлі сөздер жазып, балағаттап жатыр екен. Ол желіні қалай ашатынын да білмейді екенмін. Құпиясөзімді ауыстырып, Meta-ға арыз жазып, әбден әуре болдым”, – дейді журналист.
Сондай-ақ ол әлеуметтік желідегі арандатуға соңғы жарты айда екі рет тап болғанын жеткізді.
Біріншісінде, қазанның басында – бірнеше әріптес, экс-әріптеспен қатар көрсетіп, "Азаттық тілшілері аз жалақы алып жүргенде Бюро басшысының Алматыда 950 мың долларлық үйі бар" деп TikTok, Instagram және Shyndyq.jz деген жерлерге шуылдатқан еді. Екі жарияланым да – жала. Арандату. Мен мұны адами ар-намысымды таптау үшін кәсіби қызметіме байланысты ашық түрде жасалған арандату деп санаймын”, – дейді Қасым Аманжол.
Еске салсақ, бұған дейін Илон Маск АҚШ қаржыландыратын "Азаттық Радиосы" мен "Америка дауысы" радиостанцияларын жабуды ұсынған еді. Кейіннен Трамп "Азаттық радиосы" мен "Америка дауысы" да бар жеті агенттікте қысқарту жүргізу туралы жарлыққа қол қойды. Кейіннен ҚШ билігі "Азаттық радиосын" қайта қаржыландыратынын айтты.

Қазақстандық көпбалалы ана "Асар Уме" қайырымдылық қорын апатты үй берді деп айыптады
