Алаяқтар 1,5 жыл бұрын қайтыс болған баланың емі үшін жұрттан ақша жинап келген

Фото: Видеодан скрин
Алматы облысында алаяқтар осыдан 1,5 жыл бұрын қайтыс болған Диас Мұсаның еміне деп елден ақша жинаған. Марқұмның жақындары бұл сұмдықты күні кеше білген. Олар кінәлілер жазасыз қала ма деп алаңдайды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнасының “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Оңласын Асылбаеваның ұлы Диас Мұса – 7 баланың кенжесі. Ол осыдан 1,5 жыл бұрын ұзаққа созылған дерттен қайтыс болған. Алайда қара жамылған отбасы әлдекімдердің көз жұмған баласының атынан қор ашып, әлі күнге дейін ақша жинап келгенін білген.
“Өлген баламның атынан ақша жинап отыр. Бір күн бұрын балам түсіме кірді. Балам мұңлы, жылап жатыр. Маған ренжіп жатыр. Ертеңінде ана видео келіп тұр. Сонда менің баламның жаны тынышталмай жатыр. Ал қайдағы біреулер қор ашып, менің баламның жанын қинап жатыр. Не үшін жинайды, не үшін баламды шырқыратады”, – дейді жаны қиналған ана.
Баласын аман алып қалу үшін ата-анасы екі жыл бұрын расында да елден екі рет көмек сұрап, 70 мың доллар жинаған. Алайда 2024 жылы жинақ толық тоқтатылған. Бірақ жақында таныстары хабарласып, желіде ұлының атынан ақша жиналып жатқанын айтқан. Марқұмның ата-анасы бірден полицияға арыз түсіріпті. Оңласынның айтуынша, құқық қорғаушылар алаяқтардың кім екенін анықтағанымен, әлі ұсталмаған.
“Аталған факті бойынша полиция қызметкерлері оқиғаның барлық мән-жайларын толық, жан-жақты және объективті зерттеу мақсатында процессуалдық тексеру жүргізуде. Аталған жұмыстардың нәтижесі бойынша іске қатысты қолданыстағы заңнама аясында шешім қабылданады”, – дейді Алматы облысы полиция департаментінің бөлім басшысы Ернар Сайділдин.
Оңласын Асылбаева баласының қазасына диагноздың дұрыс қойылмауы себеп болды деп есептейді. Айтуынша, дәрігерлер қате диагнозбен бірнеше рет ота жасап, ұлының әлсіреген ағзасын одан сайын титықтатқан. Шетелге апарғанымда, жергілікті мамандар тым кеш келгенімізді айтты дейді. Сонда жасалған соңғы отадан кейін Диас комаға түсіп, қайта оянбаған.
Қазақстанда тұрғын үйлердің сапасын кім тексереді және өз үйінің қауіпсіз емес екенін білгендер қайда жүгіне алады