Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Желіде Алатаудағы жер телімінің шетелдіктерге сатылып жатқаны туралы видео тарады: Әкімдік ақпаратқа пікір білдірді

Фото: freepik.com

Әлеуметтік желіде Алатау қаласының аумағында жер телімі шетел азаматтарына сатылып жатыр деген ақпарат тараты. Оған қатысты Алматы облысы әкімдігі түсініктеме берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Желіде тараған видеодан азаматтың қытай тілінде сөйлеп, инвесторларға Алатау қаласындағы жер телімін 350 мың долларға (174 769 000 теңге) ұсынып отырғанын көруге болады.

Облыс әкімдігі желідегі ақпарат қазір тексеріліп жатқанын хабарлады.

“Қазір желіде тараған видеода көрсетілген деректер тексеріліп жатыр. Жер қатынастары бөлімдері қолда бар мәліметтерді тексеруде. Олар жер телімінің кімге тиесілі екенін, оның құқықтық мәртебесін, пайдаланушыларын және басқа да деректерді нақтылап жатыр. Сонымен қатар Алатау қаласы құрылғаннан бері мемлекет тарапынан Қытай азаматтары мен компанияларына жер телімдері берілмегенін хабарлаймыз”, – делінген әкімдік жауабында.

Әкімдік өкілдері Алатау жобасының қарқынды дамып келе атқанын айтты. Осыған байланысты отандық және шетелдік инвесторлардың қызығушылығы артып, жеке меншік иелерінің жер сату туралы ұсыныстары да көбейген.

Сонымен қатар сатылымға шығарылып жатқан кейбір жер телімдері аумақты бөлу талаптарына сай келмейтіні айтылды. Кейбірі қорғау немесе санитарлық аймақтарда орналасқан. Ал енді бір бөлігі мемлекеттік қажеттіліктер үшін резервке алынған және кейін алып қойылуы мүмкін екен.

Осыған байланысты әкімдік әлеуетті инвесторларды сақ болуға шақырды. Жер телімдерінің құқықтық мәртебесін мұқият тексеру қажет. Сондай-ақ жоспарланған жобалардың Алатау қаласының Бас жоспарына сәйкестігін алдын ала нақтылау ұсынылды.

Еске салсақ, осыған дейін жаңа Алатау қаласын "қазақстандық Дубайға" айналдырып, шетелдіктерге ерекше құқықтар берілетіні туралы жазғанбыз. Кейін былтыр қыркүйек айында Алатау қаласына арнайы мәртебе беріліп, Тоқаев жарлыққа қол қойды.

Нұрила Жұмаділлә
Сейсенбі, 24 Ақпан, 2026 16:54