Алатау қаласында дәрігерге тоз-тозы шыққан қызметтік пәтер берілген (видео)
Фото: Видеодан скрин
Қазақстандық дәрігер өзіне Алатау қаласынан берілген қызметтік баспананы көрсетті. Тоз-тозы шыққан пәтер мен дәлізді көрген желі қолданушылары жағасын ұстады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Дәрігерді Алатау қаласында дәрігерлер тапшы болғандықтан жұмысқа шақырған. Сөйтіп оған қызметтік баспана ұсынған. Алайда адам тұрғысыз жағдайдағы пәтерді көрген маман оны видеоға түсіріп, әлеуметтік желіге жариялаған.
Тозығы шыққан пәтердің иесі атанған дәрігер өзінің наразылығын жеткізді. Айтуынша, бұл – өзіне көрсетілген екінші пәтер. Алғаш ұсынған пәтер тіпті апатты жағдайда болған.
Жарияланған видеода кіреберістегі қабырғалар ішінара қирап, шимайланған. Ал жуынатын бөлмелер қолдануға жарамсыз күйде екенін көріге болады.
“Мұндай тұрғын үйде дәрігер де, өзге адамдар да тұрмауы керек. Егер мемлекет аймақтарға, әсіресе денсаулық сақтау саласына мамандар тартса, алдымен қауіпсіз баспанамен қамтамасыз етуі керек”, – деді дәрігер.
Желі қолданушылары видеоны көріп, жағасын ұстады. Кейбірі мұның Қазақстанда қалыпты жағдай екенін айтты.
“Міне, нағыз Қазақстан”, “Мына пәтерде “Пила” фильмін түсірген ғой”, “Болашақтың қаласы”, “Бұл пәтерде тұрған адамдар қорқынышты фильм көруге жүрексінбейді”, “Онда барлық пәтер сондай”, – деп жазды желідегілер.
Алатау қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мен тұрғын үй инспекциясы аталған жарияланымға қатысты пікір білдірді. Айтуларынша, Жетіген шағынауданында ұсынылған пәтер маманға жөндеу жүргізілгеннен кейін беріледі. Алайда пәтердің қабаты мен орналасқан жері дәрігердің көңілінен шықпағандықтан одан бас тартқан.
Баспанаға балама ретінде оған бұрын босатылған, бірақ мамандарға ұсыну қарастырылмаған пәтерді көрсеткен.
“Балансқа алынған үйлер 1970-жылдардағы құрылыс нысандары. Қазір оларды кезектегі азаматтарға беру үшін пәтерлерде кезең-кезеңімен жөндеу жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар видео авторы Жетіген шағынауданындағы мемлекеттік медициналық ұйымның қызметкері емес. Алатау қаласы дамудың бастапқы кезеңінде тұр, тұрғын үй қорын қалыптастыру жұмыстары жалғасып жатыр”, – деп жауап берді ведомство.
Болған жағдайдан кейін дәрігерді жұмыстан шығарып жіберген. Видео жарияланған соң араға бір күн өткеннен кейін алғашқы жұмыс күні-ақ оны жұмыстан шеттеткен.
“6 қаңтар күні бұйрыққа сәйкес жұмысқа кірісу үшін медициналық мекемеге келдім. Бұған дейін маған таңертеңнен бастап қызметтік міндеттеріме кірісуім керегін айтып хабар берді. Ауруханаға барған соң, жұмыс берушіге келгенін жазып, қай жерге бару керек екенін нақтыладым. Кейін кабинетке шақырды. Әңгіме барысында ол менің жазба жариялағыным дұрыс болмағанын айтты. Сондай-ақ мені жұмысқа қабылдау туралы бұйрық жоқ деп, мені кадр бөліміне жіберді. Жаңа жылға дейін қажет құжаттардың басым бөлігін тапсырдым. Қалған 2–3 құжатты 5 қаңтарда әкелу керегін айтты. Сол күні кадр бөлімінде менің көзімше бұйрықты оқып, нөмірі аталып, құжат басып шығарылды. Қолымды қойдым. Одан бөлек, мен бұйрыққа ғана емес, басқа да құжаттарға қол қойдым. Барлығы шамамен екі сағатқа созылды. Мен бұйрықтың болғанын анық білемін”, – деді дәрігер.
Алайда 6 қаңтар күні ол кадр бөліміне қайта барған кезде оған өз қолы қойылған құжат жоқ екенін, тіпті мүлде болмағанын айтқан. Қызға өзі жеке тапсырған құжаттар, яғни диплом көшірмелері мен еңбек кітапшасы ғана көрсетілген.
Дәрігердің айтуынша, кейінірек Алматы облысының әкімдігі журналистердің сұрауларына жауап ретінде оның мемлекеттік қызметкер емес екенін мәлімдеген.
“Егер олардың айтуынша мен мемлекеттік қызметкер болмасам әрі жұмысқа қабылданбасам, онда не себепті барлық құжатым әлі күнге дейін сол жерде сақтаулы? Неліктен олар қабылданып, тексеріліп, бұйрық оқылып, басып шығарылды және мен не себепті құжаттарға қол қойдым?”, – дейді дәрігер.
Оның айтуынша, болып жатқан жағдай еш қисынға келмейді.
Шымбұлақтан да үлкен жаңа Көкжайлау тау шаңғысы курорты салынады: Жоба алматылықтар үшін не береді