Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Alatau City Bank-ке иелік ететін компания атауын өзгертті

Alatau City Bank-ке иелік ететін компания атауын өзгерттіФото: alataucitybank.kz

Вячеслав Кимге тиесілі First Heartland Securities (FHS) компаниясы атауы United Group Alatau деп өзгертілді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Айта кетейік аталмыш компания Alatau City Bank-тің (бұрынғы – Jusan Bank) иесі болып саналады.

First Heartland Securities компаниясы Alatau City Bank капиталына 2019 жылдың басында кірген еді. Сол кезде компания дағдарысқа ұшыраған Цеснабанкті сатып алып, кейін банктің атауы Jusan Bank деп өзгертілді. 2021 жылдың қыркүйегінде Jusan Bank бақылауына Ғалымжан Есеновке тиесілі АТФБанк те өтті.

2020 жылға дейін FHS компаниясы Pioneer Capital Invest арқылы "Даму қоры", "Әлеуметтік даму қоры" (екеуі де Қазақстан Үкіметі аппаратының бақылауында) және негізін Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев қалаған "Назарбаев қорына" тиесілі болған. 


Қазақстандағы ең бай адамдар рейтингінде деректер жаңарды: Вячеслав Ким қайтадан көш бастады


2020 жылы Pioneer Capital Invest келісім жасап, FHS акцияларының 99,7%-ын британдық Jusan Technologies компаниясына берді. Аталған мәміле және Jusan Bank-тің шетелдік бақылауға өтуі бірқатар резонансты сот істеріне себеп болды.

2023 жылдың маусымында барлық сот процестері аяқталып, Jusan Bank және оның еншілес ұйымдары қайтадан Қазақстан юрисдикциясына қайтарылды. Алайда банк "Назарбаев қорына" емес, кәсіпкер Ғалымжан Есеновке берілді. Осы сәттен бастап ол First Heartland Securities арқылы банктің 77,86% акциясын, ал тағы 19,67% үлесін тікелей иеленіп, бақылау пакетін қолына алған.

Ал 2025 жылдың шілдесінде Вячеслав Ким бұрынғы Jusan Bank-ті сатып алып, First Heartland Securities (FHS) компаниясына бақылау орнатты.

Артынша 2025 жылдың мамыр айында Jusan Bank атауын Alatau City Bank деп өзгерту туралы шешім қабылданды.

Айта кетейік, Kaspi.kz компаниясының тең құрылтайшысы Вячеслав Ким – Қазақстандағы ең бай кәсіпкер. Оның байлығы 7,1 миллиард доллар деп бағаланады. 

Дана Русланқызы
Дүйсенбі, 23 Ақпан, 2026 20:11