"Мальдив, теңіз, қымбат қонақ үй": Отандық шоу-бизнес жұлдыздары жазғы демалысты қайда өткізді
Фото: Stan.kz
Жаз мезгілі де бел ортасына жетті. Той мен кештерден қолы босаған отандық шоу-бизнес жұлдыздарының жазғы демалысы басталды. Бұл сәтті өнер өкілдерінің асыға күтетіні жасырын емес. Бірі экзотикалық аралдарды таңдаса, енді бірі тарихи орындарды аралап, жан тыныштығын іздейді. Stan.kz тілшісі қазақстандық жұлдыздардың жазғы демалысына шолу жасап, аз-кем әңгімелесті.
Жыл сайын шетелде демалатын продюсер Гүлзира Айдарбекова биыл жақындарының той-томалақтарынан қолы босамай жүргенін жасырмады. Арт-директор отандық туризмге көңілі толмайтындықтан, жиі шетелге баратынын жеткізді.
“Кіндік қызым Алакөлге бала-шағасымен барып, 600 мың теңгеге бір күнге вилла жалдапты. Бұл деген масқара ақша ғой. 300 мың теңгеге өздері тамақ алып барған. Екі ұл, бір қызы бар. Сонда олар 4-5 күнге өте көп ақша төлейді. Еліміздегі демалыс орындары өте қымбат, сол үшін де шетелде демаламыз. Біраз елді араладық. Қызмет көрсетуі мен тазалығы керемет. Сол үшін де адамдар шетелге ағылады. Қайбір жылы Алакөлге барып, шошып келгенбіз. Қызмет көрсетуінен бастап, көңілден шықпады. Далаға тапчан орнатыпты. Оған жапқан перденің кірі бес батпан. Адамның сондай жерде демалуы мүмкін бе?!”, – деп жеке ойын бөлісті продюсер.
Сөзінше, ақшасы төленген демалыс болғандықтан, бәріне мұқият қарайтын көрінді.
“Шетелде қарапайым су сұрасаң, әдемі шыныға құйып әкеліп береді. Бізде баклажкамен бере салады. Әйел адамдар эстетті жақсы көреміз. Сол үшін бәріне қараймыз. Еліміздегі қонақ үй тазалайтын әйелдің үстіндегі халатының кірін де көрдік. Соның бәрі демалушыларды алыстатады. Әйтпесе, қандай керемет демалыс орындарымыз бар. Жағдай жасалып, бағасына сай болса бәріміз де шетелге шықпайтын едік. Ол жақта жемістің өзін керемет етіп ұсынады. Еліміздегі демалыс орындарының бағасы ұшып тұр. Түркия мен Дубай еліміздегі кейбір демалыс орындарынан арзан. Жұмыстан қол босағанда елден ұзап, сол жақтан энергия жинап келетініміз анық”, – деді Гүлзира Үсенқызы.
Елімізде демалғаннан гөрі шетелге жиі шығатын әншілердің бірі – Балжан Бидаш. Ол құрбыларымен бірге Мальдив аралдарындағы саяхатын көрсетті.
“Біз жаңбырлы маусымда келіппіз. 1-2 күннен кейін Мальдивте ауа райы бұзылды. Ауа райына қарамастан керемет демалыс болды. Фариза Ескермес құрбым екеуміз жиналып шығып кеттік. Мальдив аралында екі құрбы ойына келгенін істеді. 8 күні көзді ашып-жұмғанша өте шықты. Әйел адам су секілді. Қайда құйсаң, соған бейімделеді. Бірақ ол өз ағысын өзі таңдайды. Қызыл – бұл махаббат емес. Бұл – менің отым”, – деп демалыста жасаған фотосессиясын көрсетті Балжан.
Жақында ғана төртінші қызын қырқынан шығарған өнерлі жұп Бүркіт пен Аиша балаларымен бірге Түркияда демалып жүр. Бүркіттің сөзінше, жыл сайын Түркияның курортты қалаларына келеді екен.
“Отбасыңмен бірге болғанға не жетсін?! Бірақ 4 баламен шетелге шығу оңай емес екен. Түркияда демалған соң бәрін көрейік деп шештік. Бұл саяхат балалардың есіне қалатыны анық”, – деді Бүркіт.
Қазақ эстрадасындағы көпбалалы аналардың көшін бастап тұрған Роза Әлқожаның сөзінше, биыл шетелге шығуды жоспарламаған көрінеді.
“Биыл шетелге шығу бұйырмай тұр. Арасында балаларға да көңіл бөліп қою керек. Жаз мезгілінде тау-тасты аралап, екі-үш күн демалып қайтамыз. Алысқа бармай, осы айналада демалатын жер көп. Күніміз сәтті өтсін”, – деп жазды Роза Әлқожа.
Танымал рэпер, әнші Say Mo да осы жылы анасымен бірге демалуды шешкен. Ол Вьетнамдағы демалысы үшін арнайы парақша да ашқан.
“Қазір ғана Вьетнамға анаммен бірге ұшып келдік. Алматының ыстығындай болып тұр. Ұшақтан түсе сала, теңізге жүгірдік. Мен осы күнді асыға күттім. Себебі биыл көп жұмыс істедік. Жаңа әндер жазылды. Түрлі концерттерге қатыстық. Енді демалуға болады. Құрбыларым нағыз сен демалатын жер деп жатыр. Бір айтарым, сендер ойлағандай шетелдегі демалыс күшті бола бермейді. Мысалы, қонақ үйден мәселе туып жатыр. Анам екеуміз екі жатын орны бар бөлмеге тапсырыс бергенбіз. Бірақ бізге бір төсегі бар нөмер беріпті. Енді анаммен құшақтасып жатамыз”, – деп әзілдеді Say Mo.
Таяуда ғана әйгілі Жанықұловтар әулетіне келін болып түскен журналист, блогер Динара Сәтжан анасы және балаларымен бірге Түркияның Алания қаласынан демалыстан оралды.
“Түркия – біздің сүйікті қаламыз. 20 жылдан бері үй маңындағы саяжайға келгендей боламыз. Бұл жолы Аланияны таңдадық. Түрік досымыз жаңа қонақ үй салды. Бір жағынан соны да құттықтап келдік. Бір аптадан бері қонақтарын қабылдап жатыр. Барлық нәрсеге тепе-теңдік керек екен. Жұмыс пен демалысты да тең ұстауға болады. Балаларымызды жыл сайын шетелге алып шығамыз. Оларға қатты ұнайды”, – деді журналист.
Айта кетейік, отандық эстрада жұлдыздары Ақбота Керімбекова, Маржан Арапбаева, Ақбота-Нұр, Сәкен Майғазиев, Мейрамбек Беспаев Египет пен Түркияда жазғы демалыстарын өткізіп келді.

"Балам әкесінің дертін "мұра" етіп алды": Қазақстандық шизофрениямен ауыратынын 16 жыл бойы әйелінен жасырып келген
