Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алакөл жағалауын шайып кету қаупі бар: Абай облысында төтенше жағдай жарияланды

алакөл абай облысыФото: Абай облысы

Абай облысының Мақаншы ауданында Алакөл жағалауын шайып кету қаупі болғандықтан төтенше жағдай енгізілді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Аудан әкімі Дәурен Қойгелдин қол қойған 8 қыркүйектегі аудандық ТЖ комиссиясы отырысының хаттамасына сәйкес 10 қыркүйектен бастап жергілікті деңгейдегі төтенше жағдай күшіне енді. Бұған Қабанбай ауылдық округіндегі Алакөл жағалауын шайып кету қаупі себеп болған.

Құжатта көрсетілгендей, аймақтың інжу-маржаны саналатын Алакөл жағалауында демалыс үйлері мен өзге де нысандар орналасқан. Табиғи апат салдарынан шаруашылық қызметке келуі мүмкін залал арнайы құқықтық режим енгізуге негіз болды.

Төтенше жағдайды жою жұмыстарын үйлестіру аудан әкімінің орынбасары Әлия Сарбаеваға жүктелді. Айта кетейік, жуырда облыс әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен өткен жиында туризмді дамыту мәселелері қаралып, Алакөл жағалауының бас жоспарын әзірлеу талқыланған еді.

Басқарма мәліметінше, биыл жағалауды абаттандыруға облыстық бюджеттен 658 миллион теңге бөлінген. Шенеуніктердің айтуынша, арбатта жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 25 киім ауыстыратын кабина, 50 контейнер, 2 биодәретхана, 3 заманауи дәретхана орнатылған. Сондай-ақ 7 пирстің 3-еуі пайдалануға беріліп, жаңа қоғамдық аумақ құрылысы аяқталған.


3 адам қаза тапты: Вьетнамда тайфун салдарынан 600 мыңға жуық адам эвакуацияланбақ


Маңғыстау облысында нөсер жауыннан бір ауылды су басты


Еске салайық, бұған Абай облысы әкімдігі Алакөл жағалауында туристердің қауіпсіздігі мен жайлы демалуын басты назарға алғанын жазған едік. Инфрақұрылымды жаңартуға 1,5 миллиард теңгеден астам қаржы бөлініп, жолдар жөнделіп, санитарлық нысандар орнатылып жатыр. Сондай-ақ көлік қатынасы күшейтіліп, құтқарушылар мен полиция, медицина қызметкерлері тартылған.

Айым Атамбаева
Дүйсенбі, 15 Қыркүйек, 2025 09:51
Талқылау