Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Табысы жоғары азаматтар үшін жарна көлемі артады: 2026 жылдан бастап МӘМС жүйесіне өзгерістер енгізіледі

ДәрігерФото: freepik.com

2026 жылы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне маңызды өзгерістер енеді. Енді әлеуметтік осал топтарға қолдау күшейтіледі. Жергілікті атқарушы органдар әлеуметтік әл-ауқаты төмен азаматтар үшін МӘМС жарнасын өз мойнына алады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

Келесі жылдан бастап 5 жыл бойы жарнаны үздіксіз төлеп келген азамат төлем жасай алмаған күннің өзінде алты ай бойы сақтандырылған болып есептеледі.

"МӘМС жүйесіне қатысудың тұрақтылығын арттыру үшін маңызды норма енгізілді. Егер адам бес жыл бойы үздіксіз жарна төлесе, төлем уақытша тоқтатылған жағдайда оның сақтандырылған мәртебесі жүйеде бұрынғыдай үш ай емес, алты ай бойы сақталады", – деп атап өтті денсаулық сақтау министрлігі МӘМС талдау және жетілдіру департаментінің директоры Ләззат Шоманова.

МӘМС жарнасына төленетін жалақының да жоғары шегі өзгереді. Қазір қызметкер жалақысынан 2% МӘМС жарнасын тек 850 мың теңгеге дейінгі сомадан ғана төлейді. Сәйкесінше жұмысшының айлығы 1-2 миллион болса да, жарнасы 850 мың теңгеден есептеледі, әрі ең көбі 17 000 теңге ғана төлейді. 2026 жылдан бастап бұл шек 1 700 000 теңгеге дейін ұлғаяды. Демек жоғары жалақы алатын адамдар енді көбірек береді. Мәселен, ай сайынғы жалақысы 2 миллион болса, сол соманың 2%-ын береді. Сәйкесінше, жұмыс берушінің де жарнасы өседі. Ал медициналық сақтандыруы бар азаматтар кез келген дәрігердің қабылдауына тегін кіре алады.

"МӘМС аясында ешқандай медициналық қызметке шектеу жоқ. Бірақ оған басты талап медициналық көрсеткіш болуы керек. Өзіндік қалауынан емес, тек көрсеткіштер болған жағдайда зерттеулер тағайындалады", – дейді әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры төрағасының кеңесшісі Забира Оразалиева.

Оның айтуынша, ешқандай зерттеулер мен мамандар жағынан шектеу жоқ.

Аида Тақабаева
Бейсенбі, 07 Тамыз, 2025 08:39
Талқылау
`