Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтөбенің ірі супермаркеттерінде шіріген көкөністер сатылып жатыр

Ақтөбенің ірі супермаркеттерінде шіріген көкөністер сатылып жатырФото: Видеодан скрин

Ақтөбенің ірі супермаркеттерінде шіріген картоп пен сәбіз сатылып жатыр. Тұрғындар тұрақтандыру қорының қоймасынан жеткізілген көкөністің бұзылып кеткені сондай тіпті жеуге де жарамайды деп ашынады. Тонналаған өнімге жергілікті бюджеттен бір жарым миллиард теңгеге жуық қаражат кеткен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Үлкен супермаркеттерде толып тұрған сәбіздің бағасы арзан болғанымен сапасы өте нашар дейді жұрт. Сауда желісінің өкілдері тұрақтандыру қорынан келетін өнімді іріктеуге көп уақыт жоғалтамыз деп отыр. Жарамсызын кері қайтарып беруге тура келеді дейді. Соңғы кезде тұтынушылар тарапынан шағым көбейгенін өздері де мойындап отыр.

“Біз Пригородтан жоғары сұрып алдырамыз. Арзан картоп халыққа 161 теңгеден сатылады. Сәюіз, пияз алдырамыз. Адамдар пайдаға асатынын бөлек шығарады. Сосын жарамсызын жеткізушіге қайтарамыз. Қапшықтың ішінен бірден іріктеп ала алмаймыз. Шыққан кезде алып, алмастырып береді”, – дейді сауда желісінің өкіл Лариса Құсайынова.

“Ақтөбе” әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының мәліметінше, тұрақтандыру қорына 1 миллиард теңгеге тоғыз мың тонна картоп, 314 миллион теңгеге 2 мың тонна сәбіз сатып алыныпты. Жауаптылар әлеуметтік маңызы бар өнімдердің сапасын апта сайын тексереміз деп ақталды.

“Кешке қарай келгенде іріктелген болса, міндетті түрде қайтып алады кері қарай. Жаңалап келесі күні қайтадан жаңасын береміз. Апта сайын мониторинг жүргізіліп тұрады. Картоптар жарамсыз болса қайтып алып кетеді. Келісімшарт жасалған шаруа қожалықтарымыз бар. Олар кері қарай алып кетеді”, – дейді Ақтөбе облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Алтынбек Әлжанов.

Басқарма өкілі бағаны тұрақтандыру үшін жергілікті шаруа қожалықтармен келісім жасалғанын айтады. Өнімнің ішінде бүлінгені болса міндетті түрде кері қайтарылады дейді ол.

Айым Болатқызы
Бейсенбі, 29 Қаңтар, 2026 08:34