Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтөбелік келіншек мүгедектігі бар ұлының ауруханада соққыға жығылғанын мәлімдеді

ақтөбелік мүгедек бала соққыға жығылғанФото: Аксана Уразбекованың жеке архивінен

Ақтөбе тұрғыны Аксана Уразбекова мүгедектігі бар баласының неврология бөлімінде бірнеше күн қатарынан ұрып-соғылғанын айтты. Жалғызбасты ана еліміздің бас прокуратурасы мен бірқатар мемлекеттік органдарға шағым түсірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Жалғызбасты ана Аксана Уразбекова мүгедектігі бар екі баласын өзі өсіріп отыр. 27 қараша күні 10 жастағы ұлының денсаулығы нашарлап, жедел жәрдем шақырған. Айтуынша, облыстық балалар ауруханасының неврология бөліміне түскен ұлын үш жасөспірім бірнеше күн қысым көрсетіп, соққыға жыққан. Баланың анасы қол жұмсау фактісімен қатар, моральдық қысым, қорқыту, тамағын тартып алу секілді жағдайлар да болғанын жеткізді.

"Аурухана қызметкерлері ақталып жатыр. Ешкім ештеңе көрмеген. Баламды палатада соққы алды. Басынан жұдырықпен ұрды. Соның салдарынан баланың құлағында қатты шу пайда болды. Оны еденге лақтырған. Аяқ-қолында көгерген жерлер бар. Мән-жайды балам баяндап берді. Полиция келгенде сол жерде болған дәрігерлер баланы ішкі жарақаттарына шұғыл тексеруден өткізуге ұсынбады, хирург, нейрохирург, невропатолог және терапевтті қарауға шақырмады. Балама ендігі жерде бұл соққы мен психологиялық жарақаттың қалай әсер ететінін білмейміз", – деді жасөспірімнің анасы Аксана Уразбекова.

Оқиғадан соң бала ауыр күйзеліске ұшырап, психолог көмегіне жүгінуге мәжбүр болған.  Анасы бас прокурордан кінәлілерді жазалауды, ұлының құқығын қорғауды, толық медициналық сараптама жүргізуді және істі жеке бақылауға алуды сұрап отыр.

Шағым бас прокуроры Берік Асыловтың, денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың, ішкі істер министрлігі, Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева мен басқа да жауапты тұлғалардың атына жолданды.

Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасы баланың бұл аралықта көпсалалы облыстық балалар ауруханасының неврология бөлімшесінде ем алғанын растайды. Балалар арасындағы оқиғаның 1 желтоқсан күні 16:00 шамасында болғанын хабарлады.

"10, 11 және 12 жастағы балалар ойнап жүріп, дауласып қалған. Палатадағы шуды естіп, кезекші  медбике кіреді. Олардың бір-бірімен ұрысқанын, итерісіп жүргенін көреді. Медбике балаларды ажыратып, әртүрлі палаталарға бөлді. Кейін, сағат 22:00 шамасында емделуші жасөспірімнің анасы ұлының соққы алғанын айтып, полиция шақырды. Баланы кезекші дәрігер қарады. Қарау кезінде ешқандай шағым болған жоқ. Цианоз және ентікпе байқалмады. Кейін анасы баланы алып кетті", – деп хабарлайды ведомство.

Ал Ақтөбе облысының полиция департаменті шағым бойынша тараптардан жауап алынатынын хабарлады.


“Мүгедектерді онсыз да Алла жазалады”: Жиында айтқан сөзі үшін сынға қалған шенеунік көптен кешірім сұрады


"Түшкірсем сүйегім сынатын": Ерекше диагноз қойылған Арзу Алмасова дерті жайлы айтып берді


Еске салайық, бұған дейін Атырау облысындағы әлеуметтік орталықта тәрбиеші екінші топтағы мүгедектігі бар баланы ұрып-соққан. Негізі оқиға 2024 жылы болған, бірақ тек 2025 жылғы 25 қыркүйекте белгілі болды. Қылмыстық іс қозғалып, оқиғаға қатысы бар адамдар мен куәгерлерден жауап алынды.

Айым Атамбаева
Сәрсенбі, 03 Желтоқсан, 2025 16:28