Ақтөбелік дәрігерлер тірі қалған әйелдің жағдайын айтты (видео)
Ақтөбелік дәрігерлер үш сағат кепілде болған 40 жастағы әйелдің жағдайы орташа ауыр деп бағалады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Stan.kz
Дәрігерлердің айтуынша, науқастың денесінде пышақ жарақаты жоқ, бірақ қатты соққылар алған.
Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, оқиға орнында 4 жедел жәрдем бригадасы жұмыс істеді.
Қазір 40 жастағы әйел адам жансақтау бөлімінде жатыр. Дәрігерлер оның бүгін палатаға шығарылатынын айтты.
“Кеше ауруханаға екі науқасты алып келді. 1984 жылғы әйелдің бас миы шайқалған және басынан, денесінен жарақат алған. Пышақ жарақаты жоқ. Жансақтау бөліміне жатқызылды. Бүгін палатаға шығарылады. Қазір жағдай орташа ауыр, тұрақты. 1950 жылы туған екінші науқас бірден жансақтау бөлімінде қайтыс болды. Ер адам клиникалық өлім жағдайында көз жұмды”, – деді Ақтөбе облысы көпсалалы ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Азамат Тұрышев.
Еске салсақ, Ақтөбеде ер адам бір отбасыны кепілге алғаны айтылған еді. Сондай-ақ отбасыдан анасы мен әкесі мерт болды.