Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтөбелік дәрігердің асына сойылған жылқы етін мейрамхана ауыстырып жіберген

Ақтөбелік дәрігер Болат Бутабаевтың 40 күндік асына сойылған жылқы еті мейрамханаға апарғаннан кейін сиыр етіне айналып кетті. Марқұмның жақындары қайғылы ас үстіндегі әрекетке шағымданды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Видеодан скрин

Ақтөбілік танымал травматолог дәрігер Болат Бутабаевтың 40 күндік асы қаладағы Grand Hall мейрамханасында өтті. Жақындары 64 келі жылқы етін мейрамхана асханасына жеткізгендерін айтады. Марқұмның туыстары ас үстінде тұздап әкелген жылқы етін таппай қалған. Дастарханға сиыр еті қойылған. 

“30 қараша күні әкемнің 40 күндік асын Grand Hall мейрамханасында өткіздік. Екі күн бұрын жылқының еті мейрамханаға апарылды. Алдын ала солай келіскен едік. Тұздап дайындап бердік.  Біздің көзімізше өлшеп, 64 келі жылқы етін мұздатқышқа салды. Ас берілетін күні қайғыда жүріп, етке қарайтын жағдай болмады. Өзгерісті апам байқады. Дастарханға жылқының еті емес, сиыр етін әкелгенін айтты. Еттің басқа екенін сол кезде көрдік. Бірақ ас үстінде ештеңе істей алмайтын болғандықтан садақаның аяқталуын күттік”, – дейді марқұмның қызы. 

Марқұмның қызы Сұлутас  Ботабаеваның айтуынша, мейрамхана бастапқыда ет өздеріңдікі деп мойындамапты. 

“Ас біткен соң мейрамхана әкімшілігінен етті не себепті ауыстырғандарын сұрадық. Олар бірден “ет өздеріңдікі” деп мойындаған жоқ. Қазақ сиыр мен жылқының етін ажырата алады ғой. Дастархандағы етті көрсеттік. Кейін ол басқаша айта бастады. “Сіздер әкелген жылқы етінде сүйек көп болды. Сондықтан сиыр етін қостық” деп өзгерді. Біз мейрамхана қай уақыттан бері өздерінен ет қосып қайырымдылықпен айналысып жүргенін сұрадық. Мейрамхана тегін береді деген ақылға қонбайды”, – дейді Ботабаева.

Сұлутас Ботабаеваның сөзінше, мейрамхана бастапқыда мойындамай, іске полиция араласқан соң ет ауысып кеткенін айтыпты.

“Олар басында мойындаған жоқ. Адамдыққа жатпайтын әрекет қатты қынжылтты. Апам полицияға арыз түсірді. Полиция араласқаннан кейін ғана мейрамхана әкімшілігі, директоры хабарласты. Еттің ауысып кеткенін айтты. Аспаздың немқұрайлығы деп түсіндірді. Өзіміз қайғыда жүргенді мұның бәрі оңай болған жоқ. Бірақ әрекеттері адамшылыққа жатпайды. Әкем танымал дәрігер болған адам. Қазақстанның түкпір-түкпірінен достары келді”, – деді марқұмның қызы. 
Ал мейрамхана қызметкерлері алғашында үш табақтың ғана ауысқанын айтып, кейін телефон тұтқасын қоя салды. 

“Үш табақ сиыр еті шатасып кетті. Оны мойындаймын. Астыда отбасылық мейрамхана болды. Сонымен шатастырып алған. Қазір сөйлесе алмаймын”, – деп өзін Grand Hall мейрамханасының директоры деп таныстырған Гүлмира есімді қызметкер телефонда қоя салды.

Ал полиция түскен шағым бойынша тексеру жүретінін хабарлады.

Нұрила Жұмаділлә
Дүйсенбі, 30 Желтоқсан, 2024 12:21