Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтөбелік әкім көңілдесін ұрғаны үшін айыппұл арқалады

Қазбек Аққайыр

 

Фото: Эврика

Ақтөбе облысында Қандыағаш қаласының әкімі Қазбек Аққайыр әйелді ұрып-соққаны үшін кінәлі деп танылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Мұғалжар аудандық сотының үкімі бойынша әкімге 80 айлық есептік көрсеткіш (314 560 теңге) көлемінде айыппұл төлеу жазасы тағайындалды. Ол Қылмыстық кодекстің 109-1-бабының 1-бөлігі (“Ұрып-соғу”) бойынша жауапқа тартылды.

Сонымен қатар жәбірленушінің азаматтық талабы ішінара қанағаттандырылды. Сот шешімімен Қазбек Аққайырдан жәбірленушіге 100 мың теңге моральдық зиян, сондай-ақ 100 мың теңге өкілдің шығыны және мемлекет пайдасына 1966 теңге мемлекеттік баж өндіріледі.

“Сотталушы Қазбек Аққайыр кінәлі деп танылсын және оған 80 АЕК көлемінде айыппұл салынсын. Үкімнің азаматтық талап бөлігін ерікті түрде орындау үшін үкім заңды күшіне енгеннен бастап 15 тәулік мерзімі белгіленсін”, – деді судья үкім жариялау кезінде.

Іс материалдарына сәйкес, оқиға 2024 жылдың 26 желтоқсанында әкімнің кеңсесінде болған. Тергеу дерегінше, әкім жалғызбасты әйелдің мойнынан қысып ұстап, бірнеше рет ұрған. Соққы салдарынан жәбірленушінің денсаулығына жеңіл дәрежеде зиян келген.Сот барысында Қазбек Аққайыр жәбірленуші ретінде танылған жалғызбасты әйелмен қыз бен жігіт сияқты байланыста болғанын жариялады.

Сотталушы кінәсін мойындамады және соңғы сөзінде өзін ақтауды сұрады. Үкімге 15 тәулік ішінде апелляциялық шағым түсіруге болады.

Қазбек Тілеуханұлы 39 жаста. Еңбек жолын мұнай саласынан бастаған. 2018 жылдан бері мемлекеттік қызметте. 2024 жылы Қандыағаш қаласы әкімі болып сайланды.

Еске салсақ, бұған дейін Ақтөбе облысында қала әкімі көңілдесімен болған жанжалдан соң соттасып жатқаны туралы жазған едік.

Қырмызы Скендирова
Сәрсенбі, 08 Қазан, 2025 19:40
Талқылау