Ақтөбеде 26 адамнан шошқа тұмауы анықталды
Ақтөбеде 26 адамнан А типі H1N1-pdm09 тұмауы, яғни, шошқа тұмауы анықталды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Дегенмен дәрігерлер жағдайдың тұрақты екенін айтты. Эпидемиологиялық жағдай туралы Ақтөбе облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті мен облыстық денсаулық сақтау басқармасы баяндады. Өткен жыл мен биылғы жылы барлығы 31 мыңнан астам адам ЖРВИ жұқтырды. Оның тең жартысынан астамын 14 жасқа толмаған балалар құрайды. Бір жасқа дейінгі балалардың саны мыңға жуық.
"Эпидемиологиялық кезеңнен бастап 2198 үлгі зерттелді. Оның 263 (11,97%) оң нәтиже көрсетті. Соның ішінде 237 (90,1%) жағдай тұмаудың В типі және 26 (9,9%) жағдайда А типі H1N1-pdm09, яғни, шошқа тұмауы екені анықталды. Тұмау емес вирусты анықтау үшін (парагрипп, аденовирус, риновирус, МС вирусы) 291 үлгі зерттелді. Нәтижесінде 7 МС вирусы, 12 риновирус және 35 аденовирус тіркелді. ЖРВИ-мен ауырған 1620 адам ауруханаға жатқызылды", – деді Ақтөбе облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Мұхтар Сербаев.
Қазіргі уақытта Ақтөбе облысы жасыл аймақта. Биыл 7 науқастан СOVID-19 анықталды. Вирус көбіне 40 жастан асқан адамдар арасында тіркелді.
"Өткен тәулікте тағы 5 жағдай тіркелді. Жаңа оқу жылында, яғни, 2022 жылдың 1 қыркүйегінен бастап 6 қаңтарына дейін облыс бойынша мектептің екі мұғалімінен, 16 оқушыдан COVID-19 анықталды", – деді Мұхтар Сербаев.