Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтөбеде шенеунік таныстары мен туыстарына мемлекет есебінен заңсыз пәтер берген

Фото: Ақтөбе облысы әкімдігі

Ақтөбелік әріптестері мен таныстарына тұрғын үй мәселесін шешуге көмектескен шенеунікке қатысты сот басталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Время” басылымына сілтеме жасап хабарлайды. 

Ақтөбеде "қызметтік өкілеттіктерін асыра пайдаланды" деп айыпталған шенеунік Жандос Әлімовке қатысты сот басталды. Мемлекеттік айыптаушының мәліметінше, күдікті 2021-2022 жылдары қалалық тұрғын үй қатынастары бөлімін басқарған кезде мемлекет есебінен кейбір қол астындағыларға, жерлестері мен облыстық әкімдік қызметкерлеріне, сондай-ақ туыстарына заңсыз түрде пәтер берген. 

Тергеу нұсқасына сәйкес, кейін бұл пәтерлер иелері тарапынан төмен қалдық құны бойынша жекешелендірілген. Одан соң олардың кейбірі баспананы бірнеше есе қымбат бағаға сатып жіберген. Соның салдарынан мемлекетке келтірілген залал кемінде 48 миллион теңгені құрады.


Ақмола облысында 700 миллион теңгені жымқырды деп айыпталған шенеунік әкімнің орынбасары болып тағайындалды


Айыпталушының өзі тағылған айыптарды мойындаған жоқ. Күдіктінің қорғаушылары пәтерлерге қатысты шешімдер негізінен қала әкімінің (ол кезде бұл қызметті Асхат Шахаров атқарған) төрағалығымен қабылданғанын, ал Әлімов тұрғын үй комиссиясының жай ғана мүшесі болғанын айтады. Осыған байланысты адвокаттардың пікірінше, хаттамаларға қол қойған комиссияның өзге мүшелерінің салғырттығы мәселесін де көтеру қажет.

Басылымның мәліметінше, сот барысында аудиторлық есептен үзінділер оқылған, шенеунік арқылы үйлі болған есімдер арасында түрлі салалардағы бұрынғы және қазіргі жоғары лауазымды шенеуніктер де бар.

Сот процесі енді ғана басталды, алда іс материалдары зерттеліп, куәлардан жауап алынады.

Еске салсақ, бұған дейін Ақтөбе облысында көңілдесін соққыға жыққан қала әкімі қызметінен босатылғаны туралы жазған едік.

Дана Русланқызы
Сәрсенбі, 17 Желтоқсан, 2025 22:43