Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтөбеде парашюті ашылмай қаза тапқан курсанттың өлімі: Сотта әскерилер айыптауларға келіспейтіндерін айтты

Фото: “Время”/Ақмарал Майкозова

Ақтөбеде парашюті ашылмай қаза тапқан 18 жастағы Бахыт Асарбаевтың ісі бойынша әскери сот басталды. Сотта айыпталушы екі әскери тағылған айыпқа келіспейтіндерін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Время” порталына сілтеме жасап хабарлайды. 

Сот алдында екі әскери: 33 жастағы Заманбек Төлеген мен 34 жастағы Нұржан Айденов жауап берді. Екеуі де қызметте салғырттық таныту айыбымен, ауыр зардаптарға әкелген оқиға үшін айыпталуда.

Тергеу дерегінше, өткен жылғы 15 шілдеде сотталушылар әскери институт курсанты Бахыт Асарбаевты парашютін тексермей секіруге жіберген. Шын мәнінде парашют қолмен ашылатын етіп дайындалып, сақтандыру құрылғысы қосылмаған еді. Бірақ бұл назардан тыс қалып, бірден Асарбаевқа берілген. Сол күні курсанттың алғашқы секіру тәжірибесі тек міндетті ашылатын парашютпен жүзеге асырылуы тиіс болған.

Нәтижесінде жігіт кемінде 800 метр биіктіктен құлап қаза тапты.

Төлеген мен Айденов айыптауларға келіспейтіндерін айтты. Олар сотта кем дегенде тағы екі адамның жауапқа тартылуы керек деп санайды. Бірақ олардың есімдері іс материалында жоқ.



"Бізге айыптаудың мәні де түсініксіз", –  деді олар.

Іс Ақтөбе гарнизонының әскери сотында қаралуда.

Еске салсақ, бұған дейін Ақтөбеде Әуе қорғанысы күштері Әскери институтының курсанты парашютпен секіру кезінде қаза тапқаны туралы жазған едік. Кейін қаза тапқан курсанттың өліміне қатысты сот басталды.

STAN.KZ
Бейсенбі, 22 Қаңтар, 2026 18:00