Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтөбеде «Алтын белгі» иегері мектеп оқушысын өлтірді деп айыпталды

Ақтөбеде №19 орта мектептің түлегін футбол матчынан кейін өлтіріп кетті. Пышақ жарақатынан көз жұмған 17 жастағы жеткіншектің өліміне “алтын белгі” иегерінің қатысы бар деп күдіктелуде.

Ақтөбеде №19 мектептің түлегін футбол матчынан кейін өлтіріп кетті

Бұл туралы aktobetimes.kz хабарлады, деп жазады Stan.kz ақпараттық агенттігі.

“Аза бауырым! Бұл өмірден алдымен ең жақсылар ғана кетеді. Жатқан жерің жайлы болсын!”- деп қайғыруда 17 жастағы Азат Дүсіповтың достары мен сыныптастары.

№19 орта мектептің түлегін 17 маусым күні, жексенбіде «Ақтөбе – Ордабасы» футбол матчы біткенен кейін бірнеше сағаттан соң өлтіріп кеткен. Азаттың достарының айтуынша, сол күні көз жұмған оқушы мен оны өлтірді деген күдікті Орталық стадионда болған, бірақ олар бір-бірімен таныс болмаған.

Түнгі сағат он екілер шамасында екеуі  Түргенев көшесіндегі жатақхана ғимаратының артында төбелескен. Олардың арасындағы қақтығыс бейнебақылау камерасына түспейтін, қараңғы жерде болған.

Азатқа бірнеше рет пышақ сұғылған. 17 жастағы жеткіншектің достары пышақ соққысының біреуі Азаттың тамағына тиген дейді. Төбелес болған жерде әлі де қан іздері жатыр. Азат жарақат алғаннан кейін, жедел жәрдем келгенше оны ағаштың жанына жатқызып қойған көрінеді.

Жедел жәрдем көлігі жәбірленушіні бірден облыстық балалар клиникалық ауруханасына жеткізген. Дәрігерлер жасөспірімнің өміріне қаншалықты араша түскенімен, жас жігіт 18 маусымда таңертең ауруханада көз жұмды.

Азатқа шабуыл жасаған күдікті ретінде физика-математика мектебінің түлегі тұтқынға алынды. Күдікті деп танылған жігіт биылғы жылы «Алтын белгі» белгісімен оқуын аяқтаған болатын. Ол 17 жастағы Азатты пышақтағанын өзі мойындаған.

“Осы факті бойынша ҚР ҚК 99 бабының 2 бөлімі “Кәмелетке толмаған адамды өлтіру” бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Кісі өлтірген күдікті қамауға алынды. Қазір бас бостандығын шектеу шарасын таңдау мәселесі шешілуде », – деп хабарлады облыстық ІІД-нің баспасөз қызметі.

Биыл ғана мектеп бітірген түлектердің не себептен төбелескені әзірше белгісіз.

Марқұмның обасы мен жақындары Азатты Ақтөбеде емес, ауылда жерлеуге шешім қабылдады.

Сондай-ақ, қалада Тургенов көшесінде болған қақтығыс кезінде тағы бір түлектің жарақат алғаны туралы қауесет тарауда. Бұл туралы әзірге ешқандай растау жоқ. Ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі бұл сыбыстарды жоққа шығармаса да, растап отырған жоқ. Ал дәрігерлер 17 маусымда облыстық балалар ауруханасына Азаттан бөлек басқа түлектің түспегенін айтуда. Облыстық білім беру басқармасы болса, басқа бітірушінің жарақат алғаны туралы полицияға арыз жібердік, бірақ жауап әлі келмеді дейді.

Азаттың достары мен жолдастары марқұмды ешқашан қиыншылықта тастап кетпейтін адал дос ретінде естеріне алады. Сабағын жақсы оқыған түлек футболды жақсы көрген екен.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Талқылау