Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Малдың артынан суға секірген: Ақтөбеде 16 жастағы бала қой үшін ажал құшты

Фото: Видеодан скрин/ayan__k92

Жасөспірім әкесі, ағасы, көршілерімен бірге өзенге қой айдап барған, шомылуға бармаған. Жүзу білмейтін мектеп оқушысы терең жерге түскен қойдың артынан сүңгіп, батып кеткен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Қайғылы оқиға 31 мамыр күні Ақтөбе облысы Темір ауданы Шұбарқұдық ауылы маңындағы Ойыл өзенінде болған. Жасөспірімнің қазасын аудандық білім бөлімі растады.

“Оқиға 31.05. 2025 жылы шамамен сағат 13:00 шамасында болды. Қызылжар орта мектебінің 9-сынып оқушысының суға кету фактісі тіркелді. Ол көршілерімен ұсақ малды (қойларды) тоғытуға барған. Тоғыту кезінде қойлардың бірі терең суға секіріп кеткен. Бала қойдың артынан суға секірген. Жасөспірім жүзе алмаған және суға киіммен түскен. Қой тоғытуға кәмелетке толмаған баланы әкесі өзінің рұқсатымен жібергені анықталды”, – деп мәлімдеді Темір аудандық білім бөлімі.

Облыстық төтенше жағдай департаменті қауіпсіздікті қатаң сақтауды ескертеді.

“2009 жылы туған жасөспірім отбасымен бірге мал суаруға шыққан. Жасөспірім қойдың артынан суға кіріп, батып кеткен. Қасында әкесі, ағасы, көршілері болған. Бұл оқиға су айдындарындағы қауіпсіздік ережелерін сақтау және балаларға жүзуді үйретудің қаншалықты маңызды екенін тағы бір мәрте дәлелдеп отыр. Осындай қайғылы жағдайлардың алдын алу үшін ата-аналар мен ауыл тұрғындары қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтап, балалардың өмірі мен қауіпсіздігін әрдайым басты назарда ұстауы қажет”, – деп хабарлайды Ақтөбе облыстық төтенше жағдай департаменті.

Еске салайық, осыған дейін Ақтөбе облысының Шалқар ауданында 15 жастағы бала суға батып кетті. Рұқсат етілмеген жерге шомылған жасөспірімнің денесін сүңгуірлер тереңдігі 6 метр болатын өзеннен алып шыққан еді.

Айым Болатқызы
Дүйсенбі, 02 Маусым, 2025 14:56
Талқылау