Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтөбеде құмар ойын бизнесі бойынша айыпталған сотталушы әйел сот отырысында толғатты

Фото: Stan.kz

Ақтөбе соты заңсыз ойын бизнесіне қатысты кінәлі деп танылған жүкті келіншектер мен ерлі- зайыптыларды түрме жазасына кесті. Жүктіліктің 39-апталығында жүрген сотталушыны үкімнің үстінде толғақ қысты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Ақтөбе соты құмар ойын ұйымдастырған ағайындылар мен ұйымдасқан топтың мүшесі деп танылған 7 әйелге қатысты үкім шығарды. Күдіктілердің заңсыз кәсіптен түскен табысы екі жылда 1 миллиард 721 миллион теңгеге жеткен.

Осыған дейін үйқамақта жүрген әйелдердің қолына сот залында кісен салынды. Күзет қызметін көріп, жылап жіберген әйелдер айқай шығарды. Жүктіліктің 39-апталығында жүрген әйелді үкім оқылып жатқан сәтте толғақ қысып, жедел жәрдем алып кетті. Сот отырысы үзілістен кейін жалғасты.

Іс бойынша 9 сотталушы бар. Оларға қылмыстық кодекстің үш бірдей бабымен: “Заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыру”, “Ұйымдасқан топ, қылмыстық ұйым құру және оларға басшылық ету, сол сияқты оларға қатысу” және “Қылмыстық жолмен алынған ақшаны және өзге мүлікті заңдастыру” баптары бойынша айып тағылған.

Күдіктілердің екеуі тергеу изоляторында. Жетеуі үйқамақта болған.

Фото: Stan.kz

Ағайынды Еркебұлан Қосжанов пен Салават Косчанов 8 және 9 жылға бас бостандығынан айырылды. Оларға тиесілі “Lexus” автокөлігі, 9 миллион теңге, ноутбук және ұялы телефондары тәркіленеді.

Онлайн ойынхананың әкімшісі деп танылған сотталушының әйелі Нұрлыгүл Құрманалы мен Айнұр Ақжанова 6 жылға бас бостандығынан айырылды. Оларға тиесілі “Hyundai“, “Toyota Corolla” автокөліктер тәркіленді.

Оператор-кассашы Алевтина Закаряева мен Карина Төреғазинаға 5 жыл түрме жазасы кесілді. Касса қызметіндегі басқа сотталушылар Несібелі Титанова, Айдана Серікбаева және Бибінұр Мухсидинова 2 жыл бас бостандығынан айыру тағайындалды.

Сотталушылар тағылған айыппен келіскен жоқ. Апелляциялық шағым түсіретінін айтты.

Фото: Stan.kz

Іс материалдарына сүйенсек, құмар ойын Ақтөбе облысының аумағы мен Астана қаласында ұйымдастырылған. Ақтөбеде заңсыз ойын бизнесіне қатысты тергеу шаралары 2024 жылы басталды. Бауырлар 2022-2024 жылдар аралығында ойын бизнесін жүргізген. Олар аса ірі мөлшерде заңсыз табыс тапты деп айыпталады. Оператор-кассир әйелдер клиенттер төлем жасағаннан кейін азарттық ойын сайттарына сілтеме жіберіп отырған.

Дана Русланқызы
Сәрсенбі, 10 Қыркүйек, 2025 21:07
Талқылау