Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтөбеде заңсыз онлайн казино ұйымдастырғандар 306 миллион теңге табыс тапқан: Күдіктілерден қымбат көліктер тәркіленді

Ақтөбе облысында 2 жыл заңсыз онлайн казино ұйымдастырғандар ұсталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Видеодан скриншот

Қаржы мониторингі агенттігінің Актөбе облысы бойынша департаменті прокуратурамен бірігіп, заңсыз онлайн казино ойынын ұйымдастырған қылмыстық топтың қызметін тоқтатты.

Күдіктілер 2022-2024 жылдар аралығында "bingo37.pro" платформасы арқылы заңсыз ойын бизнесін басқарған.

“Қатысушылардан ақшалай бәсті операторлар банктік аударым арқылы қабылдаған. Содан кейін оларды платформаға тіркеп, ойынға қатысу үшін логин, пароль және сілтеме ұсынған.

Қылмыстық табысты заңдастыру мақсатында күдіктілер басқа адамдарды тартып, олардың атына банк карталарын рәсімдеген. Ақшаның қылмыстық ізін жасыру мақсатында осы карталар арқылы олар қомақты ақша сомаларын қолма-қол ақшаға айналдырып отырған”, – делінген хабарламада. 

Заңсыз онлайн казиноның қызметінен күн сайын 150 000 теңгеден 200 000 теңгеге дейін ақша түсіп отырған. Топтың жалпы табысы 306 миллион теңгеден асады.

Қаржылық тергеу барысында күдіктілер заңсыз алынған ақшаға жалпы құны 66 миллион теңге "Toyota Land Cruiser" және "Lexus EC 250" маркалы екі автокөлік алғаны анықталды.

Осы көліктерді тәркілеу мүмкіндігінен жасыру мақсатында сенімді адамдардың атына рәсімдеген. Соттың санкциясымен аталған автокөліктерге тыйым салынды.

Ұйымдастырушыларға күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы белгіленді. Сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр.

Талқылау