Төсектен тұрмай, үйден шығуды қойған: Ақтөбеде әйелін ұрып өлтіріп қойған ер адам 8 жылға сотталды
Фото: Pixabay.com
Ақтөбе қаласының №2 соты абайсызда әйелін өлтірген тұрғынды кінәлі деп танып, оны 8 жылға бас бостандығынан айырды. Бұл туралыStan.kzақпарат агенттігі хабарлайды.
Ақтөбелік ер адам әйелінің басынан бірнеше рет ұрған. Содан кейін оның жағдайы күрт нашарлаған. Осы жайттан соң әйел төсектен тұрмаған және үйден шығуды қойған.
“Алғаш рет жедел жәрдем шақырылғанда, дәрігерлер ауруханаға жатқызуды ұсынғанмен, жәбірленуші одан бас тартқан. Екінші рет жедел жәрдем шақырған кезде ол ауруханаға жеткізілген, бірақ жансақтау бөлімінде мерт болған. Сонымен қатар сотталушының содан бір ай бұрын әйеліне зорлық-зомбылық көрсеткені расталды. Үйде оның бетінен үш рет ұрған, ал жәбірленуші өзін қорғамақ болғанда тағы екі рет ұрған. Әйел соққыдан құлаған, бірақ ол кезде ауруханаға бармаған”, – делінген хабарламада.
Сот-медициналық сараптаманың қорытындысына сәйкес, өлімге мидың травматикалық ісінуіне қан кету мен жабық бас сүйек-ми жарақаты әкеліп соқтырған. Сарапшылар ауыр зардаптың өлімнен бір күн бұрын болғанын және оған жеткілікті күшпен бір соққының әсерінен болуы мүмкін екенін анықтады.
Сотталушы өз кінәсін ішінара мойындады. Прокурор оны 10 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.
Сот іс материалдарын, сарапшылардың қорытындыларын және сарапшылардың айғақтарын зерделей келе, ер адамның әрекетін Қылмыстық кодекстің 106-бабының 3-бөлігі “Абайсызда оның өліміне әкеп соққан денсаулығына қасақана ауыр зиян келтіру” деп саралаған.
Жеңілдететін немесе ауырлататын мән-жайлар табылған жоқ.
“Сот ер адамды 8 жылға бас бостандығынан айырды. Сонымен қатар сот Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысына жедел жәрдем қызметінің жұмысында анықталған кемшіліктерді жою және алдағы уақытта мұндай жағдайларға жол бермеу шараларын қолдануды талап етіп, жеке қаулы шығарды”, – деп мәлімдеді сот.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Еске салсақ, Атырауда ер адам әйелін ұрып өлтірді деген күдікке ілінген еді.

Екі қыз анасыз қалды: Атырауда ер адам әйелін ұрып өлтірді деген күдікке ілінді
