Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Адам шошиды: Ақтөбеде әйел 6 бірдей баласын тастап кеткен

Ақтөбеде анасы тастап кеткен бір үйдің алты баласы адам шошырлық жағдайда тұрып жатыр. Көкек ана үш жыл бұрын балаларын қараусыз қалдырып кетсе, енді тағы 7 айлық кенжесін басқа біреуден беріп жіберіпті.

үү

Бұл туралы 31 арна хабарлайды.

Ал жұмыссыз болса да, балаларына бас-көз боп отырған әке үш күн бұрын инсульт алып, ауруханаға түсіп қалған. Сорақысы сол, ашқұрсақ, қараусыз қалған балалар туралы не жергілікті әкімшілік, не білім бөлімі мамандары білмейтін боп шықты.

“Міне мынандай күннің суығында мына қаңыраған үйде алты бала өздері күндерін көріп жатыр. Әкесі  жүректен инсульт алып, қазір ауруханада жатқан көрінеді. Ал шешелері болса алты баланы бірден тастап, басқа қалаға кетіп қалған”, – дейді тілші Жаар Қожанова.

Балалардың үлкені 18 жаста, ал кішісіне 7 ай ғана болған. Ес біліп қалған бесеумен бірге бір жасқа толмаған сәбиін тастап кеткен аналары үш жылдан бері Тараз қаласында саудамен айналысып жүрген көрінеді. Ал жұмыссыз болса да, балаларына бас-көз болып отырған әкелері үш күн бұрын инсульт алып, ауруханаға түскен. Қорғансыз қалған балалардың күннің суығында не жағар отындары, не ішер асы мен киер киімдері де жоқ.

“Бұл смесь ішеді, өзім бағам. Үйреніп кеттік қой осы жағдайға, ешкім келіп көмектеспейді. Туғаның да көмектеспейді”, – дейді Сапаргүл Ниязова.

Балалардың айтуынша, аналары сол кеткеннен әлі келмеген. Соңғы баласын босанып, екі аптадан кейін Тараздан Ақтөбеге беріп жіберіпті. Қазір жеті айлық кенжелері анамызды аса іздей қоймайды дейді, тек ересектері анамыз қашан келеді деп күтумен жүр дейді үйдің үлкені Сапаргүл.

“Көрпеде төрт күн бойы оранып жаттық. Мамам алыста жұмыс істейді, мен оны сағынамын”, – дейді 2-сынып оқушысы Диана Ниязбек.

Көршілері де бұл отбасындағы жағдай туралы жақсы біледі. Балалар ұқыпты, мектептеріне қалмай баратындарын айтады.  Ал аналарының бауыр еті  балаларын тастап кете барғанына таңымыз бар дейді.

“Айтып отырмын ғой.  Бір жылда бір келіп кетті, содан қайтып көрген емеспін. Бетін көрген емеспіз, шын айтам. Білмеймін басы ауырмайды – ау деймін”, – дейді Айгүл Ілияс.

Бір қызығы бүгінгі күні  бұл отбасы туралы жергілікті әкімшілік те, білім бөлімі де хабарсыз болып шықты. Олар да көппен бірге естіпті.  Ал жергілікті әкімшілік жанындағы кәмелеттік жасқа толмаған балалардың ісі жөніндегі комиссия мүшелері болса, бұл мектептен кеткен қателік дейді. Ал мектеп мұғалімдері болса  оқу жылы енді басталып жатқандықтан, үйлерді аралап болмадық деп ақталады.

“Ал енді бұл жағдайдың болғанын қазір әлеуметтік педагогтан сұрайық.  Әлеуметтік педагог класс жетекшімен үйлерді аралау керек, сосын егер де осындай ақпарат түссе, олар біздің комиссияға, болмаса білім бөліміне хабардар беру керек. Осы сұрақтың бәрін біз қазір көтереміз. Біздің комиссияда міндетті түрде қараймыз”, – дейді Ақтөбе қалалық әкімдігі кәмелетке жасы толмаған балалардың ісі жөніндегі комиссияның хатшысы Ботагөз Бисенова.

Қазір бұл отбасы туралы естіген ақтөбеліктер барынша көмектесіп жатыр. Көрпе- төсек, киім -кешек, ішер астары мен жағар отындарын жинап беріп жатыр.  Ал балалар мен оларды тастап кеткен анасына қатысты шешім комиссия отырысынан кейін ғана белгілі болмақ.

Талқылау