Ақтөбелік зейнеткер сөмкесін алып жүруге көмектесемін дегендерге алданып, жерлеуіне жинаған 4 миллион теңгесінен айырылды
Актөбеде өзін әлеуметтік қызметкер ретінде таныстырған әйел зейнеткерлерді алдаған. Әйел елде жаңа купюраларға ақша айырбастау жүріп жатыр деп сендіріп, олардың бірнеше миллион теңгесін алып кеткен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Диапазон порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: depositphotos.com
Басылымның мәліметінше, алаяқ зейнеткерлермен әңгіме-дүкен құрып өзін Әлеуметтік көмек орталығының қызметкері ретінде таныстырған. Елде жаңа купюраларға ақша айырбастау жүріп жатқанын айтып, көмегін ұсынған. №1 қоғамдық көлігінде әйел 92 жастағы қариямен танысып, оған жаңа купюралардың енгізіліп жатқанын айтып, сеніміне кірген. Қарт кісі оған сеніп, үйіне барып, 670 мың теңге берген. Өзін әлеуметтік қызметкермін деп таныстырған әйел жаңа ақшаларды кейінірек әкеліп беруге уәде еткен. Алайда әйел үйге ақшаны қайтарып әкелмегеннен кейін қария полицияға жүгінген.
Сол сияқты супермаркет маңында 72 жастағы қала тұрғынының ауыр сөмкелерін көтерісуге көмектескен. Әңгіме барысында өзін әлеуметтік қызметкер ретінде таныстырып, ескі ақшаларды жаңасына айырбастап бере алатынын айтқан. Зейнеткер сеніп, оны үйіне ертіп апарып, 4 миллион теңгесін берген. Кейін алаяқтың құрбаны болғанын түсініп, Әлеуметтік көмек орталығына хабарласып, полицияға арыз жазған. Басынан өткен жағдайдан кейін оның денсаулығы күрт нашарлаған.
"Бұл ақшаны мен пәтерімді жөндеуге және жерлеу рәсіміме жинаған едім. Әйел қазіргі қолданыстағы ақшалар айырбасталатынын айтты. Ол менің көз алдымда берілген ақшаны санады. Жалпы 4 миллион теңге еді", – деп түсіндірді актөбелік әйел полицейлерге.
Құқық қорғау органдары алаяқ әйелді тез тауып алды. Әйел 49 жастағы Ақтау қаласының тұрғыны болып шықты. Әйел сотта өзін қорғауға тырысып, қариядан 4 миллион емес, бар болғаны 300 мың теңге алғанын мәлімдеді. Алайда сот жәбірленушінің сөзін растап, шындықты анықтады.
Белгілі болғандай бұл әйел бұған дейін үш рет алаяқтық жасағаны үшін сотталған. Соңғы рет ол 2024 жылдың 3 қарашасында түрмеден босап шыққан, ал 10 күннен кейін-ақ Актөбеде 92 жастағы қарияны алдап кеткен. Оның бұрынғы қылмыстық ісі жайлы да мәліметтер табылды. 2020 жылы Талдықорғанда ол алаяқтық үшін 4 жылға сотталған. Ол кезде үш қарияны дәл осындай әдіспен алдап, олардан жүздеген мың теңге алған. Одан ертерек, 2015 және 2008 жылдары да алаяқтық жасағаны үшін сотталған. Демек, түрмеде болған уақыты оны түзеуге көмектеспеген.
Актөбеде екі қарияны алдағаны үшін сот оны 5 жылға бас бостандығынан айыру және мүлкін тәркілеу жазасын тағайындады. Алайда тәркіленетін мүлкі ретінде тек екі жеңсіз күртеше мен спорттық киім ғана табылған.
Үкім шығарылғанға дейін әйел жәбірленушілердің ақшасын қайтармаған. Ол жазасын қатаң режимдегі түзеу мекемесінде өтейді.
Еске салайық, бұған дейін Астанада немересін шетелге оқуға жібермек болған 58 жастағы зейнеткер алаяқтарға алданып қалғанын жаздық. Полицияның мәліметінше, зейнеркер немересінің арманын жүзеге асыру үшін шетелде білім беру қызметін ұсынатын орталыққа жүгінген. Күдікті әйелге бес елде оқу мүмкіндігін ұсына отырып, зейнеткерді өз шотына ақша аударуға көндірген.