Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтөбеде алаңдағы жұртқа басу айтып жүрген азаматтар қысым көріп жатырмыз деп шағымданды

Ақтөбеде де жаппай тәртіпсіздіктен кейін ұсталып, уақытша қамалған азаматтар өздеріне күштік құрылым тарапынан заңға қайшы іс-әрекеттер жасалғанын айтады. Сөздерінше қамауда отырған 11 күн ішінде нәр тартпаған. Әрі полицейлер электрошокермен қысым көрсетіп, түрлі айыптарды мойындатқысы келді дейді. Азаматтардың сөзінше, наразылық болған күні жұрт жиналған алаңға тек халыққа басу айтып, әкімдік ғимаратын қорғау үшін барған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның "Информбюро" бағдарламасына сілтеме жасап. 

қысым көрген

Мәрлен Баймағамбетов – митингіге қатысқаны үшін 11 күн тергеу изоляторында отырып шыққандардың бірі. Полицейлер оны жаппай тәртіпсіздік болған күннің ертеңінде жеке көлігімен қаладан шығып бара жатқан жерінен ұстаған. Сол жерде ұялы телефонын тартып алып, бірден абақтыға апарып қамады дейді. 

"Қамайтын, бізді қорлайтындай қажеттілік болған жоқ. Соның ішінде бізді ұрды. Бізге қарсы электрошокер қолданды. Маған жанармай бекетін өртеді деген кінә таққысы келді. Біз қылмыскер емеспіз, бұрын ешқандай тіркеуде тұрған жоқпыз", – деп мәлімдеді Ақтөбе қаласының тұрғыны Мәрлен Баймағамбетов.

Ал жасы 70-тен асқан ақсақал Болат Шамұратов митингіге кеткен баласын әлі көрмеген. Сөзінше, полицейлер 17 күн бұрын қамап, ұрып-соққан. Ең сорақысы, бір күннің ішінде баласын террорист етіп шығарған. Оның бар айыбы  бейбіт митингіге барып, сөз сөйлегені еді дейді. 

"Террорист болса, қалтасында ең болмаса взрывчатка болу керек, иә пышақ болу керек, әйтеуір бірдеңе болу керек қой. Қалтасында ештеңесі де жоқ. Бұл жерде дұрыс жұмыс істелмей жатыр", –  деді Болат Шамұратов. 

Облыстық прокуратура митингіден кейін қамалып шыққандардан әзірге тек екі арыз келіп түскенін айтады. Қазір сол арыз бойынша өз қызметін асыра пайдалану дерегімен полицейлерге қатысты екі іс тергеліп жатыр екен. 

Айта кетейік, бұған дейін полицейлер үйінен алып кеткен азаматтың мәйітін жақындары мәйітханадан тапқаны туралы хабарлаған едік. 

Талқылау