Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтөбеде 10-сынып оқушысы жүкті болып, қылмыстық іс қозғалды

Фото: Stan.kz

Ақтөбе полициясы 10-сынып оқушысының жүктілігі бойынша қылмыстық іс қозғады. Тергеу жүріп жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Ақтөбе облысының Темір ауданы Саркөл ауылында жасөспірімнің жүктілігі анықталды. Аяғы ауыр оқушы 10 сыныпта оқиды. Бей ресми мәліметте оқушы жүктілікті үзу үшін облыс орталығына кеткені айтылады.

Облыстық білім басқармасы оқушы жүктілігін растады. Оқиғаға дейін білім беру мекемесі тарапынан барлық тиісті шараны қабылданғаны айтылды. Жүргізілген түнгі рейдте кәмелетке толмағандар бірнеше рет ұсталған. Ата-анасына ескерту жасалып, оқушы профилактикалық есепке алынған.

“Оқушымен жеке жұмыс жоспары жасалған, бақылау орнатылған.  Оқушымен жасалған жұмыстардың нәтижесінде жүкті екені анықталды”, – деді Ақтөбе облысының білім басқармасы.

Ақтөбе облысының полиция департаменті кәмелетке толмаған жасөспіріммен жыныстық қатынас жасау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.

“Жәбірленушінің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау қамтамасыз етіліп жатыр. Аталған қылмыстық істің тергелу барысы облыстық полиция департаментінің ерекше бақылауында”, – деді Ақтөбе облысының полиция департаменті.



Еске салайық, бұған дейін Батыс Қазақстан облысында жоғары лауазымды шенеунік кәмелетке толмаған қызды зорлады деп айыпталғаны хабарланған еді. Кәмелетке толмаған қызға қатысты зорлық оқиғасы 3 қаңтарда болған. Жәбірленушінің әкесінің айтуынша, сол күні 57 жастағы ер адам оның қызын алдап үйіне кіргізіп, зорлық жасаған. Оқиғадан кейін полицияға арыз түсіп, күдікті ұсталған. Әкенің сөзінше, ер адам кінәсін мойындап, қыз да оны таныған. Алайда біраз уақыттан соң күдікті босатылып, үйіне жіберілген. Кейін ол жәбірленуші тарапқа хабарласып, қоқан-лоқы көрсеткенін айтқан.

Айым Атамбаева
Жұма, 27 Ақпан, 2026 12:43