Ақтөбе облысында кәрізге құлап, мерт болған жұмысшының жақындары әділдікті талап етті
Ақтөбе облысында маман кәріз құдығына түсіп, уланып көз жұмды. Алайда Жұма Құрмановтың туыстары тексеріс қорытындысымен келіспейді. Себебі мамандар 58 жастағы азамат қайғылы оқиға күні жұмысқа ішімдік ішіп келген деген шешім шығарыпты. Алайда марқұмның балалары болған жайтқа әділ баға берілсін деген талап қойды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның Информбюро жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Видеодан скриншот
Қайғылы оқиға 2024 жылдың тамызында Ақтөбе облысының Ембі қаласында болған. Коммуналдық мекеменің бес жұмысшысы су сору үшін кәріз құдығына түседі. Жұма Құрманов пен әріптесі уланып, оқиға орнында көз жұмды дейді туыстары. Қалған жұмысшылар ауруханаға жеткізіліп, аман қалған.
Қайғылы жайттан кейін еңбек инспекциясы комиссия құрып, соның қорытындысын жариялаған. Бірақ марқұмның балалары мамандардың шешімімен келіспейді.
“Сараптама қорытындысы қызметкердің қанында 0,49 метил спирті табылды дейді. Менің әкемде 0,49%, ал қасындағы адамда 0,46% дейді. Менің әкем 99 жылдан бері 25 жыл ішпеген. 99 жылы қойып кеткен. Біз оған қарсы жаздық. Ішімдік ішпеген адамның қанынан спирт қалай табылып тұр? Қағазы бар. Мас болып, жұмысқа кірді деп тұр”, – деді марқұмның ұлы Аслан Құрманов.
Марқұмның туыстары болған жағдайға еңбек қауіпсіздігін сақтамаған коммуналдық мекеме кінәлі деп отыр. Сондықтан еңбек инспекциясын сотқа беріпті.
“Комиссия қорытындысы бойынша жұмысшының да, жұмыс берушінің де кінәлары болды. Екі жақтың кінәсі бойынша баға берілді. Тергеп-тексеру бойынша хаттамалар, түсініктемелер бүкіл "Еңбек кодексінің" талаптары, ережелері бойынша тергеу-тексеру жүргізілді. Басқа да құзырлы органдар бағаларын берді. Бүгінде сот жүріп жатқан соң әрі қарай баға бере алмаймын”, – деді Ақтөбе облыстық еңбек инспекциясы департамент басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Талғат Искарин.
Жұма Құрманов қалаға жылу беретін мекемеде он жылдан бері жұмыс істеген. Жазда оператор-диспетчер, қыста қара жұмысты істейтін. Марқұмның төрт ұлы бар.