Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтөбе облысында ет цехына малын сойып сатқандар екі жылдан бері ақшасын ала алмай жүр

Ақтөбе облысында төрт түлігін мал сою цехына сатқан шаруалар екі жылдан бері ақшасын ала алмай жүр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК телеарнасы сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото: iStockphoto.com

"Шетелге ет өткіземін" деген кәсіпкер осы уақытқа дейін түрлі сылтаумен тұрғындарды алдап келген. Кәсіпкер тұрғындардың әрқайсысына 2-3 млн теңгегеден қарыз. Жұрт сотқа да жүгінген. Соттан оң шешім шыққанымен, әлі күнге мәселе шешілмепті.

Кәсіпкерден мал ақысын даулап жүргендердің барлығы Ойыл ауданының тұрғындары. Екі жыл бұрын мал соятын цехта сиыр мен жылқы етін жаппай сатып алып жатқанын естіп, барлығы осында ағылған екен.

“Ауылға ұсыныс түсті. "Мал алынатын көрінеді, Маханов Өркен деген кісі" деді. Өз ауылымыздың жігіті болған соң сеніп қалдық. Жылқы сойып апарып тастадым. Біздің ақ, адал еңбегіміз ғой! Мал баққан оңай емес. Сол еңбегімізді қайтарсын”, – дейді жәбірленуші Гауһар Шотанова. 


Ақтөбе облысында алаяқтар субсидиялауға бөлінген 1 миллиард теңгені жымқырған


Кәсіпкерге алпыстан аса ауыл тұрғыны мал өткізіпті. Алғашқылары ақшасын алса, кейінгілер кәсіпкерден ақысын ала алмаған. 

“Мен жүз бас сойдым. Екі тоннадай ет болды. Сонымен үш жарым миллионымды ала алмай жүрмін. Бір тиын да алған жоқпын. Сотқа бердік. Сот біздің пайдамызға шешті. Бірақ ол фирма қазір жабылып қалған ба, атында ештеңе жоқ”, – дейді жәбірленушілердің бірі Қази Тайбөрин.

Қытайлық компанияға ет жеткізуге жергілікті фирма тендер ұтып алыпты. Ойыл тұрғындарынан алынған сиыр мен жылқы етін сонда өткізген. Кәсіпкер шаруаларға "қарыздың басым бөлігін қайтардым, енді қалғанынан жыл соңына дейін қайтарамын" деп уәде берді. 

“Бір жыл бойы ай сайын он миллион, бес миллион, сөйтіп-сөйтіп бар адамға бердік. Ішінде зейнеткерлер де бар. Етті мен алып кетпедім, СНПС-ға апарып тапсырдық. Оның ішінен тапсырғандардан жалпы 20 пайыз жарамсызын жіберді. Содан біз шыға алмай қалдық. Бұл кісілер жыл аяғына дейін күтсін. Бөліп-бөліп беріп тастаймын”,  – дейді кәсіпкер Күлән Кәрібекова.

Еске салсақ, бұған дейін Атырау облысында тасқыннан малы суға кеткен шаруалар жарты жылдан бері өтемақы ала алмай жүргені туралы жазған едік. 

Талқылау