Ақтөбе облысында бір топ адам 17 жастағы колледж студентін соққыға жыққан: Анасы әділдікті талап етті
Фото: Pixabay.com
Ақтөбе облысында тағы бір жасөспірімді бір топ бала жабылып ұрып кеткен. Басынан ауыр соққы алған 17 жастағы колледж студентінің қазір денсаулығы сыр бере бастапты. Жәбірленуші қайта-қайта талып, тамақ іше алмай қалыпты. Жігіттің анасы кінәлілердің жазадан сытылып кеткеніне наразы. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның Информбюро жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Алға қаласының тұрғыны ұлын ұрғандардың жазалануын талап етеді. Себебі ұрып-соққаннан бет-аузы қанталап, көк ала қойдай көгерген, басы жарылған және жағы қисайған. Мұрны сынған.
Бір топ баладан таяқ жеген жеткіншектің киімдерінен аяқтың іздері де көрінеді. Соның кесірінен жігіттің денсаулығы сыр берді.
“Сол жерде бәрі жабылып ұрған, сабаған. Балам есінен танып, ауырып, қан ағып, көзі ісіп кеткен. Басында үлкен гематомалар пайда болды. Жағы да қисайып кеткен. Енді шайнау да қиын болып тұр. Психологиялық жағдайы өте ауыр”, – деді жәбірленушінің анасы Өтебике Құрсаубаева.
17 жастағы жасөспірім қайта-қайта талып, дене мүшелерін сезбей қалады екен. Белгісіз топ ұлын соққыға жығып қана қоймай, телефоны мен банк картасындағы ақшасын тартып алды дейді. Жәбірленуші тарап 16 баланың екеуі ғана жеңіл жаза арқалады деп күйініп отыр.
“Шашынан тартып, тіземен тепкен”: Алматы облысындағы колледжде студент қыздар төбелесті
Қонаевтағы атыс: Кісі өлтірген 6 адам сотталды
“Екі адамның аяғын сезем, бәрі жабылып тепкіледі, ұрды” дейді. Сол істі қайтадан ашсын деп талап етіп тұрмын. Қайта-қайта арыз жазып жатырмын. Прокуратураға да, полицияға да шағымдандым. Жауып тастаған сол істі ашсын. Аудандық полиция дұрыс қарамайды”, – деді жәбірленушінің анасы.
Полиция департаменті тергеу барысында тек екі адамның қылмысқа қатысы бары дәлелденді деп отыр.
“Қарақшылық бабымен қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілді. Тергеу біткеннен кейін сотқа жүгінді. Екі күдікті екі жылға бас бостандығын шектеу бойынша сотталды. Тергеу барысында тағы бірнеше күдіктіге іс қозғалған. Бірақ олардың тараптарынан қылмыстық құрам болмағандықтан іс қысқартылды. Дәрігерлер ауыр соққылар алып, неврологиялық ауруға шалдыққан жеткіншекке ұзақ ем алу керегін айтыпты. Екінші топтағы мүгедек әйел баласының ем-домына кететін қаражатты сотталушылар өндіріп берсін дейді”, – деді Ақтөбе облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.
Бұған дейін Атырауда бір топ жасөспірім екі оқушыны қара жұмыс істемегені үшін соққыға жыққаны туралы жазған едік.

Белгілі қазақстандық блогер Qazaq Oil жанармай бекетін сапасыз бензин сатты деп айыптады
