Ақтөбе облысына Қытайдан 80 тоннадан астам уытты зат әкелінген
Фото: Видеодан скрин
Қазақстан аумағында 22-26 қыркүйек аралығында есірткі құралдарының, психотроптық заттардың, прекурсорлардың, сондай-ақ уытты және күшті әсер ететін заттардың заңды айналымын бақылауға бағытталған "Дәрмек" жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Есірткі айналымы саласында заңнаманы бұзғаны үшін Қылмыстық кодекстің 303-бабы бойынша медицина қызметкерлеріне қатысты 11 қылмыстық іс қозғалып, 278 әкімшілік құқықбұзушылық анықталды. Заңсыз айналымнан шамамен 7 мың есірткі құрамды дәрі-дәрмек пен қосарланған мақсаттағы 80 тонна уытты зат тәркіленді.
Медицина саласында 190-нан астам әкімшілік заңбұзушылық тіркеліп, 202 медицина қызметкеріне қатысты материалдар жиналды. Сонымен бірге, шамамен 40 мың есірткі құрамды таблетка, 290 мың психотроптық дәрі және 236 мың ампула алынды. Барлығы 519 медициналық мекеме тексерілді.
Өнеркәсіп саласында 60 заңбұзушылық анықталып, 2 мың тонна прекурсордың айналымына шектеу қойылды. 20 заңды тұлға жауапкершілікке тартылды. Барлығы 159 кәсіпорын мен 734 көлік құралы тексерілді.
Ақтөбе облысында теміржол көлігімен Қытайдан 80 тоннадан астам уытты зат мемлекеттік импорт лицензиясынсыз әкелінгені белгілі болды. Тәркіленген заттың жалпы құны – 86 миллион теңге. Бұл зат қосарланған мақсаттағы өнімдер қатарына жатады. Шығыс Қазақстан облысында бір ЖШС-де күшті әсер ететін препараттардың рецептсіз сатылғаны анықталып, 35 мыңнан астам "Прегабалин", "Зоник" және "Алиса" таблеткалары алынды.
Батыс Қазақстан облысында 40 жастағы жергілікті тұрғынның үйінен психотроптық препараттарды заңсыз сатқаны белгілі болды. Оның мұндай қызметпен айналысуға лицензиясы болмаған.
Қарағанды облысында Астанадан Қарағандыға бағыт алған автокөлікті тексеру барысында "Тропикамид", "Прегабалин" және "Медазепам" дәрілерінің 82 қаптамасы тәркіленді. Тәркіленген заттардың жалпы құны – 240 мың теңгеден асты.
“Есірткі құралдарының, психотроптық заттардың, прекурсорлар мен уытты заттардың заңды айналымы саласында заңнаманы бұзғандар әкімшілік әрі қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Бұл бағыттағы жұмыстар азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және "Заң мен Тәртіп" қағидатын нығайтуға бағытталған”, – деді ішкі істер министрлігі есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитетінің басқарма бастығы Бақытжан Әмірханов.
Украинада қазақстандықтарды 900 миллион теңгеге алдаған алаяқтар тобы ұсталды
Еске салайық, бұған дейін 11 қыркүйекте Түркістан облысында криминалдық полиция заңсыз көші-қон арнасын ұйымдастырған қылмыстық топты ұстады. Тергеу деректеріне сай, күдіктілер көрші елдерден келген азаматтарға 500 мың теңгеге дейін ақы алып, мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өтуге көмектескен. Ұйымдастырушылар мен қатысушылар қамауға алынды. Тінту кезінде шетелдік паспорттар, жалған құжаттар және байланыс құралдары тәркіленді. Қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша тергеу басталды.

"Күйеуіңіз ашуланып, қол көтерсе, үндемеңіз": Белгілі исламтанушы әйел бақыты туралы кітап жазамын деп сынға қалды
