Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Актер Қажет Смағұлов: Тұрсынбек уәде еткен ақшасын бермеді

“Базар жоқ” театрының бұрынғы актері, әзілкеш Қажет Смағұлов өнерге қалай келгенін айтты. Өзінің танымалдығының артуына себепші болған Тұрсынбек Қабатовқа алғысы шексіз. Дипломсыз актер атанған ол қызықты оқиғаларын еске түсірді. 

Бұл туралы “Менің өмірім” бағдарламасында айтылды.

Қажет Смағұлов көпшілікке “Базар жоқ” театры арқылы таныс. Өзін үлкен сахнаға алып шыққан осы театр мен Тұрсынбек Қабатов. 

“2016 жылы мені театрға шақырған Тұрсынбек. Оған дейін де сахнада жүрдім. Бірақ концерттерде, асабалықта жүрген едім. Ешкімге таныла қоймаған кезім. Тұрсынбек мені шақырды. “Сен маған бірінші орынды бермейсің ғой, оның үстіне жас балалармен жарыспай-ақ қояйын” дедім. “Егер лайық болсаң, бірінші орынды берем” деді. Солай мен Қарағандыдан келдім. Бас жүлдені алдым. Уәделі 1 миллион теңгені толық алмадым. 700 мың теңгесін алдым. Ырың-жырыңмен 700 мыңын ғана алдым.  300 мыңы қалды. “Тұрсынбекке керек қой алмай-ақ қояйын” дедім. Тұрсынбек оны білмейтін де шығар. Ол көмекшілерінен ал дейтін. Көмекшілері ақша жоқ деп сол күйі берілмей қалды. Ол кезде 100 мың теңгенің өзі көп ақша еді. Ақшадан қиналып жүрген кездер еді”, – деді актер. 

Әзілкеш қалай болғанда да Қабатова тек алғыс айтады. Мені сахнаға алып шыққанының өзі алғыс айтуға тұрарлық деді ол. 



“Мен Тұрсынбекке рахмет айтамын. Маған ақша емес, сахнаға шығуым керек болды. Сол арқылы өнерге келдім. Соның өзі жетеді”, – деді әзілкеш.

Қажет Смағұлов мектеп бітірген шақта Жүргенов атындағы өнер академиясына түскенімен, өзінің алаңғасарлығынан оқуға түсе алмаған. 

“Мектеп бітірген соң Семейден Алматыға жіберді. Жүргенов академиясына келгенде мені қабылдады. Бірақ мен мектеп аттестатын ауылға тастап кетіппін. Оны ауылда алғызамын деп жүргенде пойыздан кешігіп, аттестатым пойызбен Өзбекстанға кетіп қалды. Сол күйі аттестатым да жоқ, диплом да жоқ. Оқу да оқыған жоқпын. Дипломсыз актер болып жүрмін”, – дейді ол. 

Әзілкеш ерекше есімін әжесі қойғанын айтты. Өз аты өзіне ұнайды. Әжесі елге қажет болсын деген ырыммен қойған екен. 

“Мен ылғи әзілдеп айтып жүрем. Ата-анам мені қажет етпегенде туған баламын деп. Әжем Қажет деп ат қойыпты. Ата-анасына қажет болмаса да, маған қажет. Мен кеткен соң еліне қажет болады деп ырымдаған. Бала күнімде еркелетуге келмейтін болған соң ұнамайтын. Қазір есімім ұнайды. Қажет намазы деген бар екен. Есімімнің Құранда аталғанын білген соң ұнай бастады”, – деді ол әзілдеп. 

Талқылау